«7-20-25» бойынша алғашқы несие берілді

Күні , 85 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімінің  орынбасары Бағдат  Азбаевтың  төрағалығымен еліміздегі  «7-20-25»  бағдарламасын өңірімізде  іске  асырудың  жай-күйін талқылаған  жиын  өтті.

– Ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастамасында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге арналған «7-20-25» бағдарламасын әзірлеуді ұсынған болатын. Содан бері бағдарламаның жобасы әзірленіп, заңнамалық қолдау тетігі бекітілді. Осылайша, нақты іске асырылатын бағдарлама бойынша банктерде алғашқы несие бере бастады. Бүгінгі жиында аталған жоба аясында бағдарламаның негізгі талаптары, қандай мүмкіндіктер бар, ипотекалық қарыздар қайдан және қандай мерзімге беріледі, бастапқы жарна, несие алушыға қойылатын талаптар туралы талқылайтын боламыз, – деді Бағдат Азбаев.

Айта кетейік, бұл бағдарлама арқылы тұрғын үй сатып алу мақсатында Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге, ал қалған өңірлер үшін 15 млн. теңге деп белгіленген болатын. Мақсатты индикаторларға сәйкес ипотекалық несиелердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені  құрайды.

Басқосуда ҚР Ұлттық банкінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы директоры Қозыбақ Құлбарақов аталған бағдарламаның талаптарына тоқталып өтті.

Оның айтуынша, бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Бағдарлама қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуға тиіс. Қазіргі таңда «Баспана» ипотекалық ұйымы «Центркредит» банкімен, «Қазақстан Халық банкімен», «Еуразия» банкімен, «Цесна» банкімен, «АТФ» банкімен, «РБК» банкімен және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімге қол қойды. «Сбербанк» пен «Форте банк» бағдарламаға қызығушылық танытты және техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюға дайын. Аталмыш бағдарлама бойынша пәтер алу үшін тиісті құжаттардың болуы жөніндегі талаптар айқындалды. Атап айтқанда, әлеуетті қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын  ұсынуға  тиіс.

– Аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында  ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалы шілде айының басынан бері екінші деңгейдегі банк филиалдары өкілдерімен мәжіліс өткізді. Облыс тұрғындарына жаңа бағдарлама жөнінде ақпарат беру мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар жарияланып, сондай-ақ әр түрлі мекемелерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.  Халықты ақпаратпен қамту көлемін кеңейту үшін Ұлттық банк филиалы тарапынан бағдарлама туралы мәліметтерді жергілікті телеарна, радио және баспа құралдарына орналастыру үшін облыстық ішкі саясат басқармасынан мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз, –  деді  Қозыбақ  Әбуұлы.

Бұдан соң құзырлы мекемелер мен құрылыс компаниясының өкілдері аталған бағдарлама туралы өз ойларын ортаға салып, түйткілдерге  тұшымды  жауаптар  алды.

– Бұл бағдарлама 4 шілдеден бастап елімізде жүзеге асырыла бастады. Бірінші күннен бастап Астана, Алматы, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларындағы «Центркредит» банкі филиалдары арқылы бірнеше адам тұрғын үйге қол жеткізді. Біздің банкке алғашқы болып келген тұрғын аталған бағдарлама бойынша көлемі 62 шаршы метрді құрайтын, екі бөлмелі пәтерді рәсімдеді. «КазХол» ЖШС құрылыс компаниясы салған тұрғын үйді таңдаған. Ол 20 пайызды құрайтын алғашқы жарнаны төлеп, несиені 15 жылға рәсімдеді. Ай сайынғы төлем 70 мың теңге шамасын құрады. Жалпы, бағдарлама іске қосылғалы бері қызығушылық танытқан 25 адамға бағдарлама туралы кеңес берілді. Үш тұрғын несие алуға тапсырыс берген болса, олардың екеуі бүгінде мақұлданды, – деді  «Центркредит» банкі филиалының өкілі Аида  Ипатова.

Жиынды қорытындылаған Бағдат Оразалдыұлы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізуді, сондай-ақ бағдарламаға қатысты кез келген ақпаратты жедел әрі толық көлемде ұсыну керектігін  айтты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика