Ауыл әкімі орнынан алынды, ахуал өзгерді ме?

Күні , 2 391 рет оқылды

2018  жылдың  12  маусым  күнгі  «Орал өңірі»  газетінің №63  санында  «Қабыршақты  көң-қоқыс  пен  өлексеге  тола  бере  ме?»  атты  мақала  жарияланған  болатын.

Редакциямызға  Ақжайық  ауданының  әкімі  Әділ  Жоламанов  мақалада  баяндалған  жағдай бойынша  атқарылған  жұмыстарды  ресми хабарлап,  4  шілде  күні  төмендегідей  мәтінде  хат (№7-19/939)  жолдады.

Қабыршақты ауылында ауыл активімен екі рет жиналыс өткізіліп, жиналыс барысында ауыл ішінің тазалығы, ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25-бабының талаптарына сай  мал иесі мал кенеттен өлген жағдайда, ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайларда ветеринария саласындағы мамандарға шұғыл хабарлау, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдану тиістігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қабыршақты ауылы бойынша екі мәрте санитариялық тазалық, сенбілік ұйымдастырылып, Көшім өзенінің жағасы, ауыл көшелері толық тазалаудан өтті. Осындай сенбіліктер алдағы уақытта да жүргізілетін болады. Ауыл ішінде өсіп тұрған ағаштардың түптерін қопсыту және әрлеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың қыс мезгілінде шығарылған көң-қоқыстарын шаруа қожалықтарының техникаларымен (3 трактор) ақылы түрде шығару жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгінге барлығы 828 тонна көң-қоқыс шығарылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Ауыл активінің және ақсақалдар кеңесінің келісімімен тозығы жеткен Лениннің  ескерткіші  алынды.

Мал моласының айналасы жиналып, қазіргі уақытта жаңа бейімделген шұңқыр қазылып, жергілікті құрылыс материалымен шұңқырдың беті жабылып, профлист қаңылтырымен айналасы қоршалып, қақпа орнатылды. Сонымен қатар аудандық бюджеттен 2 500 000 теңге көлемінде қаражат бөлініп, Қабыршақты ауылында жаңадан мал моласының құрылысын  жүргізу  жоспарлануда.

Қабыршақты ауылдық округінің әкімі С. Бимағанбетов жұмыстан босату туралы өз еркімен жазған өтініші негізінде атқаратын лауазымынан босатылды. Ақжайық ауданының ветеринария бөлімінің басшысы М. З. Нуралиевке аудан әкімінің 2018 жылғы 18 маусымдағы №68 өкімімен атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолданылды. Ақжайық аудандық ветеринариялық станциясының  директоры уақытша міндетін атқарушы Қ. Б. Курмановқа Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясының тексерісі қорытындысымен 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Қабыршақты ауылдық округі ветеринариялық пункт меңгерушісі Г. Шутеева жұмыстан босату туралы өз еркімен жазған өтініші негізінде атқаратын қызметінен босатылды. Ақжайық аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Ж. Б. Сдыковаға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясының тексерісі қорытындысымен «ескерту» түріндегі әкімшілік хаттама толтырылды.

2016 жылы Қабыршақты ауылында бруцеллез ауруының қойешкі малдары арасында көп таралуына байланысты сауықтыру жұмыстары жүргізілген болатын.

Сауықтыру жұмыстары аясында Әсия Аймурзинаның қойларынан қан алынып, ветеринариялық зертхананың SO-16-1-01(08)-01394-А-С, SO-16-L-01108-01395-А-С сараптама актісі негізінде екі бас қой малы бруцеллезге оң нәтиже берген. Ақжайық ауданы ветеринария бөлімінің бас маманы 2016 жылғы 13 мамырда №53 санды нұсқаманы мал иесі  Әсия Аймурзинаның жолдасы С. Хайруллинге табыстаған. Мал иесі ветеринариялық-санитариялық қағида талаптарына сай 15 күн ішінде ет комбинатына тапсыруы тиіс еді. Алайда мал иесі бруцеллезге шалдыққан малдарын өз қажеттіліктеріне сойып алған. Осыған байланысты әкімшілік іс қозғау үшін тиісті құжаттар жинақталып, аудандық ветеринариялық инспекцияға ұсынылды. Аталған мал иесінің іс-әрекеті ветеринариялық-санитариялық қағида талаптарына сай дұрыс-бұрыстығы сот отырысында қаралып, оған әкімшілік айыппұл салынды. 2016 жылы сауықтыру жұмыстарын жүргізу барысында төлдерге арналған сырға кешіктіріліп жеткізілуіне байланысты төлден қан алу жұмыстары кестеден қалыс жүргізілді. Жалпы, Қабыршақты ауылында 2016 жылы жүргізілген сауықтыру жұмыстарының нәтижесінде 161 бас қой-ешкі оң нәтиже беріп, ет комбинатына тапсырылды. Бруцеллезге шалдыққан малдың иелеріне тиісті өтемақы төленді. 2017 жылы қой-ешкі малдары арасында бруцеллез ауруы тіркелген жоқ. 2018 жылдың 6 айында ауылдық округ бойынша 4 бас қой малынан бруцеллез ауруы анықталып, ет комбинатына  тапсырылды.

Бруцеллез ауруының адамдарға жұғуының негізгі көзі саналатын қой-ешкі малы арасында бруцеллез ауруының алдын алу мақсатында аудан бойынша 2016 жылы сегіз елді мекенде сауықтыру жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде 2017 жылдың 6 айында бруцеллезге 474 бас қой-ешкі малы шалдыққан болса, 2018 жылдың 6 айында 143 бас қой-ешкі шалдығып, үш есеге азайып отыр. Бруцеллез созылмалы өтетін аурулардың қатарына жататындықтан, оны тез арада жойып жіберу қиындық туғызуда. Алайда осы аурудың алдын алу бойынша жұмыстар тиісті нәтижеге қол жеткізілгенге дейін жүйелі түрде жүргізілетін болады.



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика