Айбар ЖАҢАБАЕВ: «Бұл ісімнің заңсыз екенін мойындаймын»

Күні , 216 рет оқылды

Шілденің  12-сі  күні  БҚО  әдеп жөніндегі  кеңесінің  кезекті отырысында  Зеленов  ауданы Рубежин  ауылының  әкімі  А. Жаңабаевқа  қатысты  тәртіптік  іс  материалы  қаралды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Думан Ермановтың мәліметінше, ауыл әкімі қарауындағы қызметкерлердің іссапар қаражатынан екі жыл бойына бес мың теңгеден қаржы жинап отырған. Бұл  қаражаттың нақты әкімшілік қажеттілігіне жұмсалған-жұмсалмағаны беймәлім. «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР заңының 52-бабы мен 1-тармағы бойынша мемлекеттiк қызметшілерге ҚР Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға арналған шығыстары өтеледi. Әкім мемлекеттік қызметшілер құқын бұзып, олардан заңсыз жолмен қаржы жинаған. 2018 жылғы сәуірдің 9-ында ауыл әкімі аппаратының бас маманынан бес мың теңге жинағаны анықталды. Тексеру барысында куәгер ретінде жауап алынған бас маман, бухгалтер Аймурзиев аппарат қызметкерлерінен ақша жиналатынын растады. Әкімшіліктің «Ford Mondeo» қызметтік көлігінің жүргізушісі Байғазиев бірнеше мәрте өз еркімен 5 мың теңгеден бухгалтерге ақша бергенін айтты. Оған бұл қаржы қаладан газет тасуға және интернет модеміне бірлік салуға, көлікті жөндеуге жұмсалатыны түсіндірілген. Бас маман Әбікешевтің сөзінше, Айбар Жаңабаев 2015 жылы желтоқсан айынан бастап әкім болып тағайындалғалы мемлекеттік қызметшілердің іссапар ақысынан қаржы жинау басталған. Куәгерлер мен алдын ала тексеру материалы есебінше іссапар қаражатынан шамамен 190 мың теңге жиналған. Осы жерде басын ашып айта кетелік, жиналған қаражат ауыл әкімінің жеке мүддесіне емес, ауыл әкімі аппаратының ортақ шаруасына жұмсалғандығы анықталған. Сөйте тұра, ауыл әкімінің қарауындағылардан ақша жинауы  заңға  қайшы  әрекет.

– Әкім болып келгеннен кейін бір маман үш интернет модеміне өз қалтасынан ылғи ақша салып отыратынын айтып шағымданды. Сосын ұжымды жинап, ортақ қаражат шығарып отыруды ұсындым. Сонымен қатар  қызметтік көлік жиі бұзылатын болған соң, жөндетуге тура келеді. Бұл ісімнің заңсыз екенін мойындаймын, – деді Айбар Жаңабаев.

– Сіз әкімсіз. Ұжым ұсынысыңызды заңды бұйрық ретінде қабылдайды. Басшыға кім қарсы шығады?! Оларды қорғаудың орнына құқығын бұзып отырсыз, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровқа Рубежин ауылының әкімі Айбар Жаңабаевты мемлекеттік қызметке кір келтіретін заңға қайшы әрекетке жол бергені үшін атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі жөнінде әкімшілік шараға тарту жөнінде ұсыныс хат жолдауды мақұлдады.

Кеңес отырысында көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айтқали Батыровтың тәртіптік ісі қаралды. Орал көлік прокуратурасының өкілі Шаһзада Әлібекованың түсіндіруінше, биылғы мамыр айында Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Оралдан басқа қалаларға қатынайтын пойыздарды тексеру барысында жыл басынан алты әкімшілік іс қозғаған. Наурыз айында Орал – Алматы бағытында жүретін жолаушылар пойызын тексеріп, акт құжатында ішек құртының бактериясы табылуына қатысты төрт фактіні және басқа да бұзушылықтарды көрсеткен. Сол  үшін жолсерікті ғана жауапқа тартып,  оған  айыппұл  салған.

– Арнайы қолғап болмағаны, су шүмегінің бұзылғаны немесе басқа бұзушылықтар болғаны үшін неге жолсеріктер ғана кінәлі? Тексерушілер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, хаттама толтырған кезде жауапқа тартылғандарға, жеті күн ішінде төлеген жағдайда айыппұлдың 50 пайызын ғана өтеуге болатынын түсіндірмеген. Және бактерияның табылуына байланысты кешенді тексеру жүргізіп, заңды және лауазымды тұлғаларды, мәселен, бұл іске жауапты «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығын жауапқа тартуды ұсынбаған.

Яғни тексеру жүйелі ұйымдастырылмаған, – деді Шаһзада Әлібекова.

Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айтқали Батыров басқарма мамандары пойызды бір сағат ішінде тексеріп үлгермейтінін айтып ақталды.

– Мемлекеттік қызметші өзінің міндетін тиімді атқарып, жұмыс уақытын дұрыс ұйымдастыра білуі тиіс. Сондықтан ұжым қызметкерлерін жауапты іске жүйелі жұмылдырмай, міндетіне салғырт қарағаны үшін Айтқали Батыровқа қатаң сөгіс ретінде ескерту беруге ұсыныс жасаймын, – деді облыстық әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов. Төраға ұсынысын кеңес мүшелері  бірауыздан  қолдады.

Кеңес отырысында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев жер телімдерін бөлуді заңға сәйкес жетілдіру және бұл үрдіске жариялық пен ашықтық сипат беруді қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар осы жиында әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары, осы мекемедегі тәртіптік комиссияның төрағасы Нұрлыбек Мұсаевқа тәртіптік комиссияның жұмысын жетілдіруді және сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін жұмыстарды  ширатуды   тапсырды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика