Британдықтардан үйренеріміз көп

Күні , 741 рет оқылды

Ұлыбританиядағы  Қазақстан  Республикасының  елшілігі  мен  ҚР  Ауыл  шаруашылығы  министрлігінің  қолдауымен  құрамында  облысымыздағы  «Кублей»,  «Жайық  Ет»  және  «Батыс  Пауэр»  сынды  үш  ірі  кәсіпорын  басшылары  бар  БҚО  делегациясы  Ұлыбританияға  барды.

Облыс делегациясы биылғы Астана экономикалық форумы барысында қол қойылған меморандумды жүзеге асырудың тиімді механизмін әзірлеу үшін «Dunbia» компаниясымен келіссөз жүргізіп, олардың өндірістік нысандарын (сою, орау, өңдеу цехтарын) аралады. «Dunbia» компаниясының бас кеңсесінде ет өңдеудің толық циклі бойынша жобаның іске асырылу барысы талқыланды.

– ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, аграрлық сектор экономиканың жаңа қозғаушы күші болуы керек. Біздің өңір ауыл  шаруашылығында, әсіресе, мал шаруашылығында үлкен әлеуетке ие. Сондықтан біз сіздермен бірге аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатында жемісті ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Бізді қалдықсыз өндіріс технологиясы және ет өнімдерін терең өңдеуді қолдану аясындағы тәжірибеңіз өте қызықтырып отыр, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жиында «Dunbia» компаниясы батысқазақстандықтармен бірге жұмыс істеуге, маркетинг саласында өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Шетел нарықтарына қазақстандық етті ілгерілетуді қамтамасыз етуге мүдделі. «Жайық Ет» компаниясының директоры Т. Ескендіров атап өткендей, «Dunbia» сияқты жаһандық компаниялардың қазақстандық жобаларды іске асыруы мен инвестициялауы қазақстандық кәсіпорындардың деңгейін елеулі түрде көтеріп, басқа шетелдік инвесторлар үшін үлгі  бола  алады.

Қос тарап өкілдері ауыл шаруашылығын цифрландыру саласын дамыту мақсатында өткен жұмыс сапары өте жемісті  болғанын  атап  өтті.

Батысқазақстандық делегация сондай-ақ «Farm Wizard» компаниясының өндірушіден тұтынушыға дейінгі өнімнің жеткізілуін қадағалау жүйесімен танысты. Аталмыш бағдарлама тұтынушыға жануардың (қай үйірден, қай шаруашылықтан екендігін) туғаннан бастап, етінің үстел басына келгенге дейінгі бүкіл өмірін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс бағыты ауыл шаруашылығын цифрландыру үшін қойылған міндет талаптарына сәйкес жүзеге  асырылатын  болады.

Айта кету керек, «Dunbia» – қызыл ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Олар бөлшек және көтерме сауда үшін сиыр еті, қой еті мен шошқа етін өндірумен қатар, жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде тамақтандырумен де айналысады. Аталған компанияға Ұлыбритания мен Ирландиядан қарауында 1 миллионнан астам ірі қара мал және 3 миллионнан астам қойы бар 25 кәсіпорын кіреді. Өндіріске 30 мыңнан астам фермер тартылған және 7 мың адам жұмыспен қамтылған. Әлем елдерінде компанияның 50-ден астам өкілдігі жұмыс істейді. Кәсіпорын тұрақты экономикалық өсімді көрсетіп келе жатыр және айналым қаражаты 2 млрд. евроны құрайды. «Dunbia» еуропалық нарыққа жоғары сапалы өнім жеткізуші болып табылады, оның ішінде «McDonalds», «Tesko», «M&S» және т.б. ірі сауда желілерімен жұмыс жасайды. Сондай-ақ, компания агроөнеркәсіптік кешенде мамандар дайындайтын еуропалық университеттермен серіктес болып табылады  әрі компания гранттар  да  тағайындайды.

Мәди   ЫҚЫЛАС



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика