«5 жастан мектепке бару міндет емес»

Күні , 1 377 рет оқылды

Биыл елімізде балаларды бірінші сыныпқа қабылдау ережесі өзгерді.  Осы уақытқа дейін алты жасқа толған балалар ғана бірінші сыныпқа қабылданатын. Ел Үкіметінің 2018 жылдың 10 мамырдағы қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін алты жасқа толатын балалар да бірінші сыныпқа қабылданады.

Білім заңнамасындағы бұл өзгерісті болашақ оқушылардың ата-аналары әр түрлі қабылдап отыр. Бірі қазіргі мектеп бағдарламасының күрделілігін алға тартып, балаларының ерте бастан партаға отырғанына қарсылық танытса, өзгелері керісінше бала мектепке неғұрлым ерте барса, оқу бағдарламасын тез әрі жеңіл қабылдайды деген пікір білдіруде.

— Бірінші сыныпқа қабылдау ережесі өзгергенін тұңғышым балабақшаны бітірер кезде білдім.

Қызым желтоқсан айында алты жасқа толады. Құжаттарды алып,

Орал қаласындағы бір мектепке бардым. Мектеп директоры алғашында даярлық сыныбына қабылдаймыз деп құжаттарымызды алып қалғанымен, бірер күннен соң қызымның бірден бірінші сыныпқа қабылданатынын айтты. «Жоғарыдан келген бұйрық солай, жыл соңына дейін алты жасқа толатын балалардың барлығы даярлық сыныбына емес, бірінші сыныпқа қабылдануы тиіс» деп отыр. Қазір қызымды ақылы даярлық курсына апарып жүрмін.

Даярлық сыныбына бармағандықтан, мектеп бағдарламасын меңгеріп кетуі қиын болатын шығар, — дейді алғашқы оқу жылы жақындаған сайын көңілі алаңдаған Орал қаласының тұрғыны Бибігүл Ержанова.

Ал бес жасар Қарақаттың анасы Кәмшат Өскінова заңдағы өзгеріске қуанып отыр. «Қазан айында алтыға толатындықтан, келер жылға дейін күтудің қажеті шамалы. Қызым өз қатарластарымен бірге оқитын болды» дейді ол.

Бірінші сыныпқа қабылдау ережесіндегі өзгерістер әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Әсіресе, Whatsapp  желісінде «биыл алтыға толатын баламды даярлық сыныбына қабылдамай жатыр», «келер жылдан бастап даярлық сыныбы мүлдем болмайды екен» деген ақпараттар желдей есіп жүр.

Мәселенің анық-қанығын білмекке облыстық білім басқармасына бардық. Басшының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, осыған дейін бірінші сыныпқа ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде толық алты жасқа толған балалар қабылданып келген еді. Алайда аталмыш талап ата-аналардың наразылығын тудырғандықтан, дайындық деңгейіне қарамастан, ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын барлық баланың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз ететін жаңа талап енгізіліп отыр. Алайда бұл барлық бес жасқа толған балаларды мектепке дейінгі ұйымдардан шығару дегенді білдірмейді.

— Қазіргі таңда бұл мәселе Орал қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында көтеріліп келеді. Қалалық білім беру бөлімі бес жасқа толған балалар бойынша талдаулар жасап, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Кейбір ата-аналар заңдағы өзгерісті дұрыс түсінбей жүр. Ережеде қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалардың биылдан бастап 1-сыныпқа бара алатыны туралы жазылған. Ешкім де бес жасар баланы даярлық сыныбына емес, бірінші сыныпқа беруге тиіссің деп міндеттеп отырған жоқ, — дейді Зәуре Базарғалиқызы.

Облыс орталығында мектепалды даярлық мектеп жанындағы 28 шағын орталықта және 42 мектептегі даярлық сыныптарында  жүзеге асырылса, олардың елуі балабақша режімінде, яғни таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді.

— Микроучаскелер бойынша сұрақтар өте көп түседі. Білім алушының ата-анасы немесе өзге де заңды өкілі білім алу үшін кез келген білім беру ұйымын таңдауға құқылы. Бірінші кезекте тұрғылықты жері бойынша сол мектеп аумағындағы балалар қабылданады,  қалған орындарға ата-анасының өтініші негізінде өзге аумақтарда тұратын балалар орналастырылады, — дейді З. Ғұмарова.

Мектепке құжат қабылдау уақыты 1 маусым мен 30 тамыз аралығын қамтиды. Қажетті құжаттар тізімінен бұған дейін міндетті болған мекенжай анықтамасы алынып тасталды. Яғни ата-ананың және өзге де заңды өкілінің өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, денсаулық жағдайы туралы анықтама және екі дана 3х4 көлеміндегі фотосурет қажет. Білім беру ұйымына қабылдаудан бас тартқан жағдайда ата-аналар облыстық білім басқармасына 26-04-68, 26-04-65 және 26-05-04 телефондары арқылы шағымдана алады.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика