Қоғамдық көліктеріміз қауіпсіз бе?

Күні , 132 рет оқылды

Алыс-жақын  жерлерге  қыдырып, арқаны  кеңге  салып  демалатын  жаз  мезгілі  де  ортан  белге  келіп жетті.  Негізінен,  пойызбен және  алыс  жолға  арналған  жайлы  аутобустармен  де  сапарлау  саны  арта  түседі. Ал  сол  діттеген  жерге  жеткізетін  қоғамдық  көліктердің  жай-күйі  қандай?

 

Ажал  айтып  келмейді

Иә, ажал атаулысы судан,  әлде оттан боларын да ешкім білмейді… Дәм-тұз табан астында таусыла қалары да ғажап емес. Жыл басында Ақтөбе аумағында отқа оранған аутобуста 52 адамның тірідей жанып кетуі көпшіліктің жағасын ұстатты. Әр адамның санасында «Кім кінәлі?» деген сұрақ көлбеңдеп тұрып алғаны тағы бар. Түрлі болжамдар айтылып, сан-сапалақ ой-пікірлер шартарапты шарлады. Кейін ғана бұл жантүршігерлік оқиғаға өрт қауіпсіздігінің сақталмауы себеп болғаны анықталған еді. Өзбекстандық азаматтардың өмірлерін жалмаған бұл жағдай еліміздің құзырлы мекемелер қызметкерлерін де дүр сілкінткені жасырын емес.

Шындығында, күнделікті мініп жүрген қоғамдық көліктердің қаншалықты қауіпсіз екендігін ойлай бермейміз. Бұл көліктердің жүріс-тұрысын тиісті сала мамандары бақылап, қызметтік міндеттерін тиісінше атқарып жүр деп ойлаймыз. Сол сенім осы оқиғадан кейін көмескі тартты. «Біздің облыстағы  жолаушылар тасымалымен жүрген көліктердің хал-ахуалы қандай екен?» деген  сауал  туындағаны  рас.

Алты  ай  сайын тексерілуі  керек

Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының берген мәліметіне қарағанда,  қазір өңірде Самара, Орынбор, Тольятти, Саратов және Бузулук халықаралық бағыттарына, Ақтөбе және Атырау облысаралық тұрақты аутобус маршруттары жұмыс істейді. Сонымен қатар 35 қалалық, 32 облысішілік және 23 ауданішілік маршрут бар. Бұл тұрақты аутобус маршруттарына 14 тасымалдаушы-кәсіпорын қызмет көрсетіп жүр. Олардың ішінде  өз міндет-миссияларын  адал атқарып, жолаушылар қауіпсіздігіне жіті назар  аударып  отырғандары  да  жоқ  емес.

Орал қаласындағы «Тұлпар», «Московский» базарлары қасынан алыс-жақындағы көрші елдерге саяхатқа апаратын үлкен аутобустар жүреді. Анапаға жүретін еңселі қоғамдық көліктің (м/н 105 ЕЕА) жүргізушісімен сөйлесіп, аутобустың шалғайға жүруге дайындығы жөнінде білмек болғанбыз. Аты-жөнін айтуды жөн көрмеген көлік иесі 1978 жылдан бері қоғамдық көлік тізгінін ұстап келе жатыр екен. Оның сөзіне қарағанда,  аутобусы  жолға шығуға қашанда сақадай сай. Алайда қауіпсіздік үшін қандай шаралар қолға алатыны туралы жақ ашпады.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын аутокөліктер, яғни аутобус, микроаутобус және такси көлік құралдары алты ай сайын техникалық байқаудан өтіп тұруы керек. Қазір техникалық байқау жүргізетін сала бәсекелестік ортаға берілгендіктен, бұл қызметтерді осы кәсіппен айналысатын жеке кәсіпкерлер көрсетуде. БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, өңірімізде 19 кәсіпкерлік нысан көліктерді техникалық тексерістен өткізеді. Ал БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы өз құзыреті шегінде «Аутокөлік туралы» заң талаптарының орындалуын қадағалайды.

Инспекция ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында екі мекемеге тексеріс жүргізген болса, қазір тұрғындардың шағымы бойынша бес мекеменің тыныс-тіршілігі зерттелуде. Алғашқы үш айда көлік заңнамасын бұзғаны үшін 22 тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Инспекцияға көбінесе аутобустардың ескілігі, маршруттардың рейстен ерте шығып кететіндігі жөнінде  шағым  түседі  екен.

Көлік  саласына бақылауды  күшейту қажет

Таяуда елорда төрінде «Атамекен» ҰКП-да өткен жиында жолаушы тасымалдау мәселесі талқыланған болатын. Онда бұл салада көптеген олқылық бары айтылды. Құзырлы мекемелер басшылары көлік саласына бақылауды күшейтумен қатар, бұл саланы дамыту бойынша түбегейлі шаралар қажет екенін алға тартты.  Онда тасымалдауға берілетін лицензияны алуға  талапты қатайту керектігі де тілге тиек болды. Ал сәуір айында еліміздің  Бас прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласындағы  тексеріс нәтижесін жариялаған еді. Үш апта бойы қалааралық жолаушылар тасымалын жүзеге асырудағы  аутокөлік туралы заңнаманың сақталуы тексерілген. Бүгінде еліміздегі елді мекендердегі тұрақты аутобус қатынасымен қамту 80 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ 800-ден астам тасымалдаушы тіркелген. Жолаушылар үшін  34 сапаржай, 138 аутобекет және  109 қызмет көрсету орны жұмыс істейді.

Мамандар айтып өткендей, қалааралық бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдайтын аутобустардың қатысуымен жыл  сайын елімізде орташа алғанда 120 жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен. Соның салдарынан 70 адам мерт болып, 370 жолаушы түрлі дене жарақатын алатыны да белгілі болып отыр. Бас прокуратураның ресми өкілінің мәлімдеуінше, тексеру нәтижесіне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының негізгі дені аутобустардың техникалық ақауынан, аутопарктің тозуынан, жол-қозғалысы ережелерін бұзу кесірінен және өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамаудан, сонымен қатар уәкілетті құрылымдардың немқұрайлы қарауының салдарынан болады. Тексеру нәтижесінде еліміздің әр түкпірінен 2,5  мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, 139 заңсыз тасымалдаушының қызметі тоқтатылған. Талдау барысында 20 мың немесе республикадағы әрбір үш аутобус техникалық қараудан өтпегені белгілі болып отыр.

Серік Рашидұлы әлеуметтік желілерге немесе басылым беттеріне жолаушылар тасымалымен айналысатындарын жариялап, жолаушы жинайтындар да назарда екенін тілге тиек етті. Алайда олардың бәрі заңсыз жолмен жүргендер болмауы мүмкін. Сондықтан да қазір бірнеше құзырлы мекеме бірігіп, облыстағы жолаушы және жүк тасымалдаумен айналысатын көліктердің жұмысына талдау жасау жұмыстарын бастаған. Нәтижесі  кейін  белгілі  болмақ.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

– Біздің мекемеде тек 50 адам жөндеумен айналысатын бригаданың құрамына кіреді. Он шақты кісі аутобустарды жуып тазалайды. Одан бөлек түрлі механик, инженер, медициналық қызметкерлер бар. Бұрын КСРО заманындағы аутобус паркінде қандай қажетті инфрақұрылымдар болса, бізде бұл жүйе әлі жойылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтап отырмыз, – дейді «ОралТехСервис» ЖШС директоры  Александр  Баклан.

– Жылына төрт рет өтетін «Аутобус» жедел алдын алу шараларына мемлекеттік аутоинспекторлармен бірге біздің қызметкерлер де шығады. Шара барысында қызметкерлеріміз «Аутокөлік туралы» заңдағы жолаушыларды тасымалдауға қойылған талаптарды бұзғанын анықтаса, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Ал бұл шарадан тыс уақыттарда линияда жүрген көліктерді жол полициясы қызметкерлері тексерсе, біздің инспекция шаруашылық субъектілеріне, аутопарктерге барады. Тексеріс барысында байқағанымыздай, жаппай немесе жүйелі заңбұзушылықтар болмағанмен, ішінара кездесіп қалады. Мәселен, рейс алдындағы медициналық-техникалық тексерістен өтпеу, көлікті жүргізуге құқық беретін куәліктің болмауы секілді заңбұзушылықтар аз да болса кездесетіні жасырын емес. Әр мекемеде әр түрлі заңбұзушылық болуы мүмкін. Заң талаптарының бұзылғаны анықталған субъектіге ұйғарым шығарылып, оны жоюға мерзім беріледі, – дейді аталмыш инспекцияның аутомобиль көлігіндегі бақылау  бөлімінің  басшысы  Серік  Үбішев.


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика