Есіктері құлыптанбайтын ауыл

Күні , 599 рет оқылды

Ауыл десе, көңілі алаңдамайтын қазақ аз шығар. Өйткені ауыл мен қазақ – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғымдар. Жасыратыны жоқ, бір кездері тірлігі қыз-қыз қайнап, шаруашылығы жайнап, атағы шекара асып дүркіреген талай ауылдың нарық заманына көшу кезеңінде бары мен нары талан-таражға ұшырады. Елдің тұрмысы тұралап, екі қолға бір жұмыс іздеген ауыл халқы қалаға үдере көшті. Ал мұндай ауылдардың еңсесін тіктеп, қатарға қосу қажырлы еңбекпен қоса, қыруар қаржыны да талап еткені рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендерді көркейтуге арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылды. 2002-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылы», 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аймақтарды дамыту», «Дипломмен ауылға», «Жұмыспен қамту – 2020» атты мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануы ауылдықтардың еңсесін көтеріп тастады. Көзделген меже, басталған іс аяқсыз қалмай, «Мал шаруашылығын дамытудың 2016-2020 жылға дейінгі» және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламаларымен лайықты жалғасын тапты. Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында ауылдарымыз жылдан-жылға ажарына ажар, көркіне көрік қосып, заман көшіне ілесіп жаңарып келеді. Бәз баяғы қалпын сақтап, өзгермеген тек бір нәрсе бар. Ол ауыл халқының кең пейілі мен дархан көңілі, ақ ниеті мен бауырмал мінезі ғана.

Орал қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Оян ауылы – Тасқала ауданына қарасты Қосшы ауылдық округінің орталығы. Екі мыңыншы жылдарға дейін Мартынов деп аталып келген ауыл 1961-1997 жылдары қой шаруашылығымен айналысатын «Степной» кеңшарының орталығы болған. Оян ауылында және оған қарасты Кеңжайлау елді мекенінде бүгінде 163 аула және 13 қыстақ қоныс тепкен. Тоқсан жылдық тарихы бар Оян – өзге ұлт өкілдері көп Тасқала ауданындағы жүз пайыз қазақ ұлты тұратын бірден-бір ауыл. Қазақылықтың иісі тек Оян деген атауынан ғана емес, сыйластығы мен ауызбіршілігі жарасқан берекелі тірлігінен, халқымыздың дәстүрсалтын бойларына дарытып өсіп келе жатқан саналы ұрпағынан, жанға жайлы мамыражай ауыл өмірінен де аңқып тұр.

«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ояндықтар барлық жеңіс пен жетістіктің кілті – татулық пен тұтастықта деп санайды. Мұнда алғаш келген адамды ауыл-ауланың жинақылығы,  көшелердің мұнтаздай тазалығы сүйсінтеді. Халқының еңбекқор екендігін сәулеті жарасқан үйлерінен-ақ көруге болады. Қаладағыдай зәулім болмағанымен, сырты әктеліп, қақпасы сырланып, тал-теректері егіліп, қыздың жиған жүгіндей жұтынып тұр. Қасбеті қасаң боп, күйі кеткен үй некен-саяқ. Ауылда көгілдір отын мен таза ауыз су мәселесі әуел бастан-ақ шешілген. Қазаны қайнап, қонағы үзілмейтін ауылдағы ағайынның дені – өзін-өзі қамтығандар. Ірі қара мал саны 3633 басты, қой мен ешкі 9061 басты, жылқы 1351 басты құрайды. Ауылдағы 32 шаруа қожалық пен екі жеке кәсіпкер де тұрғындарды ішінара жұмыспен қамтып  отыр. Ояндықтардың әл-ауқатының артып келе жатқанын соңғы бірнеше жылдан бері атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың тіркелмегенінен-ақ аңғаруға болады.

«Ауыл ажарланса, қазақтың да маңдайы жарқырағаны». Бұл ояндық азаматтардың басты ұстанымдарының бірі десек, артық айтқандық емес. Өйткені ортақ іске іркіліп қалмай, білек сыбана кірісіп кететін ояндықтар бұл үшін ақы да сұрамайды, пұл да дәметпейді. Біреу шөп түсірсе, қора салса, үй тұрғызса, қуанышты бөлісіп «асарлатып» жабыла кетеді. Жақсылықтың қайтарымы жақсылық екенін түсінеді. Әйтпесе, өзге ауылдарда қоңсы отырған көршісінің малын бақпақ түгілі, жүгін түсіргені үшін де ақша сұрайтындарды көріп, естіп жүрміз.

– Біздің ауылда ешкімнің есігі құлыптанбайды. Қонаққа кетсе де, шаруалап шықса да, есігін жәй ғана сыртынан жауып жүре береді. Бірін-бірі жақсы танитын, туыс-бауыр санайтын жандар үшін өлімнен ұят күшті. Мүлкім жоғалды деген жанды да кездестіргенім жоқ. Ауылда ұрлық-қарлық, бұзақылық деген атымен жоқ, — дейді ояндық Арман Алдамжаров.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңіріміздің әр аудан-ауылында жерлестер форумы ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Бұл игі бастаманы іліп әкетіп, жұдырықтай жұмылған ояндықтардың өскен-өнген мекенін өркендету бағытындағы істеріне де көз қуанып, көңіл сүйсінеді. Оян жалпы білім беретін орта мектебін әр жылдары бітірген түлектер өз қаржысына ауыл өміріне тың тыныс беретін көпшілік нысанның құрылысын салуды  қолға  алған.

– Жерлестер форумына үлкен нәтижемен келдік. Ауыл мектебінен бес-он жыл бұрын түлеп ұшқан түлектерден бастап, қырық-елу жыл бұрын тәмамдаған аға буынға дейін ортақ шарадан тыс қалмады. Әр адамның ауылы – дүниедегі ең қадірлі мекен. Сондықтан әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға тырыстық. Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен 1,5 млн. теңгеге балаларға арналған ойын алаңы салынды. Мектепті бес жыл бұрын бітірген түлектер 230 мың теңгеге оқушыларға бірыңғай үлгідегі спорттық киім тігіп берсе, жиырма жылдыққа жиылған түлектер 450 мың теңгенің басын құрап, мектеп мұражайын жаңартты. Ал, біз, 1990 жылы туған сыныптастар ауыл шетіне «Менің жүрегім, Оян» белгісін орнаттық. Түнгі мезгілде самаладай жарқырап тұратын шағын сәулет нысаны біздің туған жерге деген мәңгі өшпейтін перзенттік махаббатымыздың белгісіндей, – дейді Жеңіс Хабенов. 2015 жылы «Ақ жол» шаруа қожалығын ашып, үкіметтен демеуқаржы алып, бүгінде ірі қара өсірумен айналысып отырған жас кәсіпкердің ынтымағы жарасқан ауылдан кеткісі жоқ. Өзінің де, мәпелеп отырған ұл-қызының да болашағын Оянмен байланыстырады.

Өзге ауылдардың халқы жайлы тұрмыс іздеп, қалаға көшіп жатқанда, Оянның бұрынғы тұрғындары керісінше шуы көп қаладан мамыражай тірлігі бар туған ауылдарына оралып жатыр. Оған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында еңбек етуге келген жас мамандарды қосыңыз. Тұрғын үйге сұраныстың жыл санап артып келе жатқанын алға тартқан ояндықтардың мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлер бой көтерсе деген арманы да бар. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Оянға келген он жас маманның бірі – Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің түлегі Махамбет Еслашев. Зайыбы  Гүлсезім Дәулетова бастауыш сынып мұғалімі болса, өзі музыка пәнінен сабақ береді. – Мектепте домбыра үйренгісі келетін оқушы көп болғанымен, аспап жетіспейтін. Биыл бір топ ауыл азаматы мектебімізге су жаңа 18 домбыра тарту етіп, зор қуаныш сыйлады. Акт залының сахнасын қайта салып, шымылдығынан бастап, жаңалап берді. Домбыра үйірмесіне келушілердің қатары артып келеді. Жаңа оқу жылында мұғалімдер оркестрін құруды жоспарлап отырмыз, – дейді Оян ЖББОМ директорының міндетін атқарушы Айгүл  Хойрашева. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ояндықтар шетінен өнерлі. Ауыл әйелдері қазан-ошақтан қолы қалт ете қалғанда, мектептің спорт залында жиылып, волейбол ойнаса, ер-азаматтар ауылдың мәдениет үйінде үстел теннисі мен шахматтан, қол күресі мен қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырады. Тұтас ауыл болып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрсе де, онысын дәреже көріп, газет немесе теледидар бетіне шығаруды да қажет санамайды. Ал ауылдың алты ауызы мен қара өлеңін нақышына келтіре орындайтын алтын құрсақты, ақ жаулықты әжелердің есімі аудан-аймаққа кең танымал. Ауылдағы мәдени көпшілік шаралардың гүлі – «Ақ бата» әжелер ансамблі көптеген аудандық  байқаудың  жеңімпазы. Ояндықтарды толғандыратын жалғыз мәселе – Ақтау ауылдық округіне дейінгі аралықты жалғап жатқан жолдың жайы. 38 шақырымдық жайдақ жолдың зары, әсіресе, көктем-күз маусымында әбден өтіп, жолаушыларды титықтатады. «Қатқыл табанды жол салынбаса да, қиыршық тасты жол салып берсе, жол азабынан құтылар едік» деседі Ояндағы ағайын. Үкімет пен билікке алақан жаймай, адал еңбек, маңдай терімен жарасымды өмір сүріп отырған шағын ауылдан жанымыз жадырап, «көптің тілегі құзырлы мекемелердің назарына ілігіп, ауылға қатынайтын қатқыл жол салынса» деген үмітімізді үкілеп аттандық.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика