Сүлеймен патша да құманмен су құйған

Күні , 538 рет оқылды

Қонақ келгенде қолға су құю деген дәстүр бар. Расы керек, бұл дәстүрдің мәнін бала кезімізде көп ұқпаған екенбіз. Оның да өзіндік тәртібі бар. Жаз кезінде немесе шай ішер алдында құмандағы су салқындау, ал ас  берілгеннен кейін майлы тамақтан соң құмандағы су ысқылтым болуы керек.

Ойынға алаңдап, кей кезде қашқақтайсың. Әкем марқұм үлкендерден бата аласың, су құю, ет турап, қонақ күте білу ер адамның өнерінің бірі деп үнемі жұмсайтын. Бір қолға су толы жез құман, бір қолға жез леген шылапшынды ұстап, иығыңа орамал іліп, қолға су құясың. Үйде жағалай дөңгелене отырған адамдардың оң жақ шетінен бастап құясың. Ал ас желініп, дастарқан батасынан кейін бата берген қариядан бастап оның оң жағындағы, мейлі ол жас болса да үш адамға құйып, одан соң бата берген қарияның сол жағынан етекке дейін келіп барып, манағы төрдегі үш адамнан ары төмен қарай жалғайсың. «Су етектен, бата төрден» деген, оң жақтан бастап құй сарылдатпай, үзіп-үзіп үш рет құй», «Төртіншісін қонақ сұраса ғана құй» деп бақылап тұратын. Суды не үшін үзіп құятынын есейе келе білдік. Әдетте қайтқан кісінің денесін жуындыру кезінде ол адамға арналған мейрам суын құйған кезде ғана ожаудағы суды толтырып алып, таусылғанша үзбей құяды екен. Өзі ауыр жезден жасалған су толы ауыр құманды көтеріп тұрып, іштей өздері неге сырттан жуып кірмейді немесе шығып жумайды деп қынжылғанмен,  су құйып болған соң қариялар «Молда бол!», «Үлкен жігіт бол!», «Қатарыңның алды бол!» деп алғыстарын беріп жатқанда, бәрі ұмытылады. Әкем ескіше молдадан оқып білім алған, бес уақыт намазын қаза қылмаған адам еді. Ұлы Отан соғысынан ауыр жараланып, комиссия шешімімен елге 1943 жылы оралып, бір күнде демалмастан колхоз тіршілігіне араласты. Жоғарғы жақтың тапсырмасымен 1944 жылы көктемде қар ерісімен, соғыс салдарынан ашыққан Украина жеріне колхоздың ірі қара малынан таңдалған буаз қашарларды айдап апарған. Соғыста ұрыс даласынан көрген қиыншылықтан тапсырылған жұмысты орындау қиын болды деп отыратын. Қаңыраған хуторлардағы аш тұрғындарымен әр жерде соғыстан қашып жүрген бандылардан тығылып, түнде ғана малды жайып, айдап, күндіз еленбейтін тоғайлармен өзен жағалап, аман-есен жолшыбай жеті ай жүріп, барлығын төлдетіп,  тапсырып келдім деп отыратын. Денсаулығы нашар демікпе жаз ыстықта, қыс аязда үйден шыға алмай, Құран мен иман шарт кітабын, басқа да араб тіліндегі жазылған кітаптарды оқып, бізге айтып отырушы еді. Кітап мұқабасының артқы бетінен оңнан солға қарай оқитын араб қаріптерімен терілген қиссаларды қолымызға алып қызығушылық танытсақ, ұлым бұл өткен уақыт қой, орысша оқы, ғылым да болашақта Ленин құрған мемлекетте  деп  үйретпейтін.

Егер сол кезде түсінсек, басқаша болар ма еді деп ойлайсың… Аңыз бойынша құманмен қонаққа су құю дәстүрі Сүлеймен пайғамбардан қалған дейтін әкеміз. Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айырылған соң, қайғыдан қан жұтады. Алла оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл  періште  уахи  әкеледі.

– Әй, Дәуіт! Ұлық Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ шарты сол, ол баланың қызығын тек тоғыз жыл ғана көресің, осыған разысың ба? – дейді.

Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да ризамын» деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен  қояды.

Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдына қызметке қояды. Бала күні бойы үйге кіріп-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне разы болған қонақтар:

– Ғұмыр жасың ұзақ болсын!

– Құдайдың сүйікті құлы бол!

– Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін!

– Әділ патша бол!

– Екі дүниенің сырын біл!

– Дұшпаныңа қатал,  досыңа адал бол!

– Ғалым бол! деп тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен.

Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді.

 Бір күні Дәуіт Ұлық Аллаға:

– Уа, Алла, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл көресің деп едің.  Бұл не хикмет ? – деп сұрайды. Ұлық Алла: Рас айтасың, Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыстарын жаудырып, батасын береді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз мың ғаламға патша қыламын, – деді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмады  деседі.

Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі –  Сүлеймен» деген сөздер ел арасында таралыпты. Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкеннің батасын  ал»  деп  су  құйғызады.

«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл, нақыл сөз Сүлейменнен қалған екен.

Ақеділ  БЕКЖАНОВ,

Орал  қаласы



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика