Еңбек шартынсыз жұмыс жасайтындар көп

Күні , 83 рет оқылды

Достық  үйінде  2018-2019  жылдарға  арналған «Еңбек шартын  жасаңыз!»  республикалық  акциясы  шеңберінде форум  өтті.

БҚО кәсіподақтар орталығы ұйымдастырған  форумына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Снежанна Имашева, мемлекеттік құрылымдар мен жұмыс берушілер қатысты.

Басқосуды облыстық кәсіподақтар орталығының  төрағасы Ербол  Салықов  жүргізді.

– Кәсіподақтардың негізгі міндеті – жұмысшы мен жұмыс берушілер арасында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу. Ол үшін кәсіпорындардағы кәсіподақ ұйымдары барлық тараппен ынтымақтастықта болуға тиіс. Дегенмен көп жағдайда жұмыс беруші мен жұмысшының арасында көптеген кикілжің мен келіспеушілік туындап отырады. Олардың  алдын алудың бірден- бір жолы – еңбек шарты, – деген Ербол Ғұмарұлы жұмысшыларды еңбек шартынсыз жұмысқа алу әлі күнге өзектілігін жоймаған мәселе екенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, еңбек шартынсыз жұмыс жасайтындардың дені құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбектенетіндер болып отыр.

Өз кезегінде сөз алған Снежанна Имашеваның айтуынша, елімізде 9 миллионға жуық жұмысқа жарамды адам бар болса, оның шамамен 500 мыңы – жұмыссыздар. Алты миллионнан  астамы заңды түрде еңбек шартына отырып, жұмыс жасауда.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған екі миллион адам еңбек еткенімен, ресми түрде тіркелмеген. Негізінен ірі кәсіпорындар жұмысшымен еңбек шартын жасасады. Ал дүкендер, шаруа қожалықтары, құрылыс секілді шағын бизнес секторларында жалақыны қолма-қол бергенді ыңғайлы деп есептейтіндер бар. Сондай-ақ жұмысшылар арасында ешқандай жарна аудармай-ақ, жалақыларын қолына толық алғысы келетіндер де көп.

– Еңбек заңнамасының сақталуына жұмыс беруші мен жұмысшының жауапкершілігі бірдей. Елімізде «Еңбек шартын жасаңыз!» деген акция өткізудеміз. Алайда нәтиже жоқ. Еңбек шартынсыз жұмыс жасайтындар әлі бар. Бұл – акция, жазалайтын шара емес. Дегенмен еңбек инспекциясының  жауапсыз жұмыс берушілерді жазалап, шаралар қолданатын құқығы бар. Бірақ елімізде шағын бизнеске  жанжақты қолдау білдірілуде. Сондықтан да осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары жүріп жатыр. Егер жұмысшы тарапынан жұмыс берушінің еңбек шартын жасамайтыны жөнінде шағым түсетін болса, ол жұмыс берушінің қызметі тексерілетін болады. Ал қазір екі тараптан да шағым жоқ, – деді Снежанна  Имашева.

Шара барысында сондай-ақ БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Азамат Айтуев, «Атамекен» БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрболат Абдулов, «Әлеуметтік сақтандыру қоры»  КЕАҚ БҚО филиалының бөлім басшысы Қуаныш Сансызбаев, облыстық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаевтар әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аталмыш мәселені шешу жөніндегі ойларымен бөлісті.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика