«Ағамды пароходпен алып кетіп еді…»

Күні , 107 рет оқылды

Биылғы 22 маусымда адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстардың бірі – Ұлы Отан соғысының басталғанына 77 жыл толды. Сол зұлматтың барлық тақсіретін Кеңес үкіметінің үлкенді-кішілі қалалары мен шағын деревнялары сияқты  бір қиырдағы, құйтақандай Өлеңті ауылы да тартқан еді. Соғыс басталған жылы 11 жасқа толған Мақсот Шәкімов те сол сұмдықтың қайғы-қасіретін көріп, басынан кешіріп, кішкентай  жүрегінен  өткізіп  ержетіпті.

Шәкімовтердің шаңырағынан соғысқа үш ағасы алынады. Үлкен ағасы Шәкімов Ғатау сол соғыстан екі көзінен бірдей айырылып, елге мүгедек болып оралады. Одан кейінгі Бектемір аман-есен келіп, бейбіт өмірдің қызығын бес-ақ жыл көріп, 1950 жылы аяқ астынан ұстаған соқырішектен алыс ауылдан дәрігерге шұғыл жете алмай, қайтыс болады. Ал, 1924 жылы туған Бақытжан ағасы сол соғыста ерлікпен қаза табады.

Бұған дейін газетімізде бұл ағайындылар туралы жазылған еді. Сондықтан оны қайталамай,  кішкентай Мақсоттың бір ағасын соғысқа қалай шығарып салғандығы туралы баяндаймыз.

– Ол кезде Тайпақ ауданы, Кеңсуат ауылдық кеңесінің 6-ауылы Кәрішеген деген жерде орналасқан еді, – деп бастап еді әңгімесін Мақсот ағай. – Ауыл басында 30-40 үйден тұратын. 1937-1938 жылдары-ау деймін, колхоз ұйымдасты. Кейінірек Атырау жағынан беріш, адай, шеркеш руларынан тұратын біраз жанұя көшіп келіп, үй саны шамамен 100-дің үстінде болды-ау деймін. Колхозда басқарма Сәрсекен Төлешев, бухгалтер Балпау Дарғожин деген ағайлар болғаны есімде қалыпты. Сиыр, жылқы, қой фермалары ұйымдасқан, звено құрып егін өсіретін. Меңгерушісі Оқас Әжігерев болған Кәрішеген бастауыш мектебінде оқып жүрдім. Тек, әттең, соғыс басталды ғой. 18 бен 45 жастың арасындағы ер-азаматтарды сыпырып, соғысқа әкетті.  Ылғи кемпір-шал, әйелдер мен бала-шаға жылап-сықтап, Кәрішеген қаусап қалды. Олардың аяқтарынан жүретіні колхоздың жұмысына жегілді. Біздер де шет қалмадық. Тағы бір есімде қалғаны, соғыс басталатын жылы егін сұмдық шықты. Тың жер ғой, төгіп салды. Үлкендердің қолы жетпей, біздер құсаған балаларды да келдек теруге апарғаны есімде әлі сайрап тұр. Егіншілер күтірде жатады. Сол жерде жиналған дәнді құятын ұра салынды, көмбе қазылды. Жиналған өнім әлгілерге сыймай, ауылдағы үлкендеріміз әбігерге түсті. Ырғын шыққан егіннің қалған келдегін ауыл жинап алып, сол жылы ауыл тоқшылықта тұрды. Әр үйден соғысқа тіпті үш адамға дейін кетті. Ауылдағы Жақия деген қарияның Қажымхан, Рақым, Сапиолла атты үш баласы бірдей соғысқа кетіп, үшеуі де оралмады.  Хабарсыз кеткендері қаншама?.. Менің Ғатау, Бектемір ағаларымды бірден алып кетсе, олардың інісі Бақытжанды кейінірек алды. 7-сыныпты бітірген ағам шөп  шауып жүрген. Қолым қалт еткенде, ағамның қасынан шықпаймын. Арманы көп еді, техникум немесе институтқа түсіп оқимын деп жүретін. Алайда арманына жете алмады. Сол пішен шауып жүрген жерінен, 1942 жылы тамыз айында 18 жасқа толғанында әскерге шақыртылды. Кәрішегеннен аудан орталығы  Калмыковқа (Тайпақ ауданы) баратын жолдың біраз жеріне дейін жаяу шұбырып, шығарып салдық. Содан күндердің күнінде біздерге «Бақытжандарды Орал қаласына алып бара жатқан пароход бәлен күні Калмыковтан келіп, Чапаевқа бірер сағатқа тоқтайды екен!..» деген хабар жетті. Ол кезде сотка түгілі, ауылда телефон жоқ, шұбырып жатқан машина тағы жоқ. Бұл хабар Кәрішегенге қалай келді екен деп осы күнге дейін таң қаламын. Хабар тиісімен біздің үй абыр да сабыр болды. Пароходпен кетіп бара жатқан Бақытжанды қалайда көріп қалу керек, жолына азық-түлік жеткізіп берсек, тіпті көрім болмақ. Күн жанып тұрған жазғы мезгіл ғой. Чапаевқа  дейін 60 шақырымның үстінде жол жүру керек. Шикілі-пісілі тағам түрлері шыдамайды. Тары-талқан түйіліп, дорбаға салынды, сары майды ерітіп, бөтелкеге құйдық, қарынға салынғаны да бар. Құрт-ірімшік дегендер де ұмыт қалдырылмады. Бақытжанды пароходтан көріп қалуға екі атқа салт мініп, анасы Мәруә және әжеміз Тұрсын бармақшы. Олардың қасына мен ілесетін болдым. Мәруә апайдың артына мінгесіп баратын болсам да, «Бақытжан тәтемді көремін» деп қуанышым қойныма сыймады. Кеңсуаттан ерте қозғалдық. Менің міндетім – апам мен әжейдің аттарына бас-көз болу. Қазір ойлап отырсам, 60 шақырым деген салт мінген әйелдерге оңай жол емес. Күн шақырайып, маса-бытықана деген гулеп тұр, сона мен бөгелек тағы бар.  Бірақ баламын ғой, маған бәрі қызық. Түске тармаса, Чапаевтың іргесінен өтетін Жайықтың жағасына да жеттік-ау. Арғы бетте мұржасынан түтіні будақтаған пароход та екі иінінен демалып келіп тұр екен. Арасында «мен келдім» дегендей боздатып, айқайлап қояды. Үстіне тиеп алғаны ылғи бір жас жігіттер. Біз сияқты шығарып салушылар болуы керек, айналасында адамдар толып жүр. Бергі беттен айқайлап, Бақытжан ағамды алыстан тез тауып алдық. Қуанғанынан пароходтан ұшып кете жаздады. Апай мен әжем дорбаларын арқалап, қайықпен арғы бетке өтетін болды. Жайықтың жағасы қалың тоғай ғой. Қырдағы сона сона ма, оның көкесі тоғайдың ішінде екен. Мен аттарды қарап,  бергі бетте қалатын болдым. Аяқтарына шідер салынса да, бөгелек пен сонадан жандарын қоярға жер таба алмай, аспанға шапшыған аттармен алысып, бергі бетте қала бардым. Келіп тұрып, Бақытжан тәтемнің жанына бара алмағаныма ызаланып жылап тұрмын. Бір уақытта пароход боздауын жиілетті. «Жүремін» дегені екен.

Майданға аттанғандарды шығарып салушылардың ызы-қиқы айқайынан құлақ тұнғандай. Жылап жатыр. Мен де еңіреп жыладым. Бақытжан ағам маған қолын бұлғап, кете барды-ай… Соңғы көргенім екен, бір жылдан соң, 1943 жылы  «ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз алдық…

Мақсот аға әңгімесін аяқтап, үнсіз қалды. Талайлардың тағдырын талқан еткен сұм соғыс-ай!..

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика