Ресейді Акинфеев алып шықты!

Күні , 2 125 рет оқылды

Өткен демалыста аяқдоптан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққан 16 команданың 8-і өзара жұптасып, ширек финал жолдамасын сарапқа салды.

Алдымен, «Қазан Аренадағы» жасыл алаң төрінде Франция мен Аргентина тоқайласты. Қос құраманың турнирдегі жүріп өткен жолы да екі бөлек. Мессиге иек артқан Аргентина топтық кезеңді ілініп-салынып, әзер аяқтаса, Франция шапқан сайын бауыры жазылатын тұлпардай көсіліп, ойыннан ойынға шабыттанып жеткен болатын. Иран төрешісі Фаганидің ысқырығынан кейін француздар тізгінді мықтап қолға алды. Қақпасын Армани қорғаған Аргентинаны Погба, Матюйди, Канте, Жиру секілді жігіттер қос қапталдан қусырды. Шабуылдағы Гризманн мен Мбаппе де темірдей шеңгелді «алқымға» аямай салды. Әсіресе, жас жұлдыз Киллиан Мбаппенің жылдамдығы жойқын екен. 11 минутта серіппедей атылып, суырыла шапқан Киллианды айып алаңының ішінде Рохо көк желкесінен бүріп ұстап құлатты. Пенальти! Мұндай нүктеден мүлт кетпейтін Гризманн ала допты қақпа торына топ еткізді. Есепті осылайша оңай ашқасын ба, француздар қарқындарын сәл бәсеңдетті. Енді, Аргентинаға мүмкіндік туды. Әуелі Ди Мария есепті теңестірсе, артынша Меркадо гол соғып, сөне жаздаған үміт шоғын үрлегендей еді. Бірақ, қорғаушы Павар бір, сол баяғы Мбаппе қатарынан екі доп ұрып, кімнің кім екенін түпкілікті дәлелдеп тастады. Ойын соңындағы Агуэроның голы ештеңені шешпеді. Қорытынды нәтиже 4 : 3! Месси ауылға қайтты, Франция жарысты жалғастырады.

Екінші матчта Уругвай мен Португалия жолықты. Португалия Роналдуға сыйынса, Уругвай Суарес пен Каваниден көп көмек күтті. Кейінгі ойын барысы көрсеткендей, Каванидің пешенесіне осы матчтың қаһарманы болу бақыты жазылған екен. 7 минутта Суарестің қапталдан әуелетіп берген добын Кавани баспен қақпаға қадап тастады. Дәл осы тақылеттес голды 55 минутта португал қорғаушысы Пепе де соқты. Алайда бұл кеште Каваниді көгендейтін күш табылмады. Ол 62 минутта Бентанкур берген пасты пайдаланып, айып алаңына енбестен допты шиыра тепті. Алабауыр снаряд алыс бұрышты сылқ еткізді. Сонымен, жолы болмаған Роналду мен Португалия мундиалдан шығып қалды. Енді ширек финалда Франция мен Уругвай күш сынаспақ.

Нағыз шиеленіскен драмаға толы ойындар Ресей – Испания және Хорватия – Дания арасында өрбіді. Чемпионат басталғанша Ресейдің табысына ешкім сенбеді деп жазған едік. Солтүстіктегі көршіміз үшін топтан шығудың өзі ерлік, Испанияға қарсы түк те істей алмайды деп болжағанбыз. Жалпы, матч барысы ойымыздың дұрыстығын көрсетті. Бірақ орыстардың жанкештілігі мен өлермендігі таң қалдырды. Испандар қарсыласына 90 минут бойы доп бермеді. Бір-біріне дәлме-дәл, қолмен қойғандай пас тастап, қақпа алдынан ұрымтал тұсты іздеді. Айып алаңындағы жанталастардың бірінде Рамоспен алысқан Игнашевичтің өкшесіне тиген доп Акинфеев қақпасынан табылды. Аутогол! Бірінші тайм түгесілуге таялған уақытта Пикенің қолмен ойнағанын байқаған төреші 11 метрлік айып добын белгілеп, Дзюба есепті теңестірді. Бұдан әрі екінші таймда да, 15 минуттық екі экстра таймда да осы есеп өзгермеді. Кезек матч соңындағы пенальтиге келгенде ресейлік қақпашы Игорь Акинфеевтің бақ жұлдызы жанды (пенальтиден қорытынды есеп 4 : 3). Коке мен Аспастың тепкен добын қақшып алған қақпашы жасыл алаңға жүгіріп шыққан командаластарының құшағына көмілді. Осылайша сенсация жасаған Ресей ширек финалда ойнайтын болды.

Оның қарсыласы Хорватия – Дания арасында анықталды. Салған жерден Йоргансеннің көмегімен есеп ашқан даниялықтар іле-шала өздері де доп жіберіп алды. Голдың авторы – Манджукич. Тең нәтиже матч соңына дейін сақталып, пенальтиге келгенде хорваттар басым түсті (қорытынды есеп 3 : 2).

2 шілдеде Бразилия – Мексика, Бельгия – Жапония, 3 шілдеде Швеция – Швейцария, Колумбия – Англия ойнайды. Фавориттер жарыстан шығып қалып, күтілмеген командалар көшбасшыға айналған сайын аяқдоптың аламанының көрігі қыза түсуде.

Жамал Ғали



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика