«Ақжайыққа» жаңа ойыншы жақсылық әкеле ме?

Күні , 37 рет оқылды

 Ел біріншілігінің ХVІ турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдады.

Осының алдында «Ақжайық» үш мәрте қатарынан жеңіліс тапса, турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан қостанайлықтар өткен турда өз алаңында «Ақтөбеге» есе жіберген-ді. Сондықтан қос командаға да жеңіс ауадай қажет болатын.

«Ақжайықтың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Артур Авакянц бұл жолы қақпаға қазақстандық Сергей Ткачукты қойды.

Бірінші таймда алаң иелерінің мүмкіндігі болғанымен, есеп ашылмады.

Ойынның екінші кезеңінде «Ақжайықтың» қорғаушылары мен қақпашысы жиі қателік жіберді. 22 сәуір күні Затобольскіде өткен оралдықтармен матчта алаңға екінші таймда шыққан Таңат Нөсербаев таразы басын теңестіріп кеткен болатын. Бұл жолы Таңат 56-ыншы және 62-інші минуттарда мергендік танытып, қос голдың авторы атанды. 88-минутта грузиялық легионер Джаба Канкава есепті 3:0-ге жеткізді. Бауыржан Тұрысбектің соққысы қақпа маңдайшасынан қайтпағанда, есеп бұдан да ірі болатын еді. Оралдықтардың шабуыл шебі әлсіз болғаннан кейін орталық қорғаныс шебіндегі команда капитаны Мейрам Сапанов шабуылға көшті. Ол 95-минутта ғана есепті қысқарта алды.

Осылайша 3:1 есебімен жеңген «Тобыл» ұпай санын 31-ге жеткізді. Қатарынан төрт рет ұтылған оралдықтардың жағдайы қиындай түсті. Турнир кестесінде 8-орынға сырғыған батысқазақстандықтар7 шілде күні Қарағандыда жергілікті «Шахтермен» күш сынасады.

Бір жаңалық, «Ақжайыққа» Латвия ұлттық құрамасының ойыншысы,белгілі шабуылшы Артур Карашаускс алынды.Ол спорттық жолын «ЮФЦ Сконто» жастар клубында бастаған.

Шабуылшы 2009 жылы «Олимп» футбол клубымен келісімшартқа отырып, алғашқы маусымда-ақ 18 матчта 10 гол соқты. Карашаускс  өз командасының Латвия жоғары лигасында бесінші орын алуына үлес қосып, чемпионаттың үздік жас ойыншысы атанды. 2010 жылы Артур Риганың «Сконто» клубына алынып, 4 матчта қарсыластар қақпасына 7 гол енгізді. 2011 жылы 15 ойында қос голдың авторы атанды. 2012 жылы «Гулбене» клубына ауысқанымен, бір жылдан кейін «Сконтоға» қайтып оралды. Соның құрамында Еуропа лигасы ойынында өзінің бірінші голын соғып, командасының чехиялық «Слованды» 2:1 есебімен ұтуына көмектесті.

Қазанның «Рубин» командасында да доп теуіп көрген Карашаускс  2015-2016 жылғы маусымда «Сконто» құрамында 21 кездесуде 10 голды өз есебіне жазды. Польшаның «Пяст», Швейцарияның «Виль» командаларында ойнап көрген латвиялық шабуылшы өткен жылы «Лиепая» құрамында 27 ойында 15 рет мергендік танытты. Биыл 15 матчта 5 гол соқты. Артур Карашаускс Латвия құрамасының сапында 13 ойын өткізді.

А.Карашаускс «Ақжайыққа» тек жеңіс үшін келгендігін, жаңа командасы үшін барын салатындығын мәлім етті. Мұны енді алдағы ойындар көрсетеді.

Оралдықтар сапында ивуарлық шабуылшы Идрисса Куяте де сыннан өтуде.

Ғайса БӘЙМЕН


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика