Асық ойыны – ұлтымыздың құнды мұрасы

Күні , 27 рет оқылды

Соңғы  кездері  Бөрлі  ауданында  ұлттық спорт  түрлері  жақсы  дамуда. Соның  ішінде асықты  ересектер  де,  жастар  да  жиі ойнап  жүр. Ақсайлықтардың  бұл  ойынды  жете  меңгергендігінің  бір  дәлелі  сол,  олар республикалық  сайыстарда  облысымыздың  намысын  абыроймен  қорғауда.  Асығы  алшысынан  түсіп  жүргендердің  арасында  өзге  ұлт  өкілдері  де бар.

Баскетболшылар  да  асыққа  әуес

Ақсай қалалық №4 мектептің мұғалімі Наталья Зотова үшін асық күнделікті қолданатын зат іспеттес.  Сол себепті сөмкесінде міндетті түрде асық жүреді.

– Өткен жылы ауданымызда асықтан өткен сайысты қарап отырғанда бұл ойын маған таныс секілді көрінді. Асықты қолыма алып, ойнап көргенімде икемділігімді байқаған әріптестерім мұны қайдан үйренгенімді сұрап жатты. Осы кезде балалық шағымда асық ойнағаным есіме сап ете түсті. Өзім Ақтөбе облысының тумасы болып табыламын. Балалық шағым қазақтардың арасында өтті. Біз көбіне асық ойнайтын едік. Осылайша жарты ғасырдан астам уақыттан кейін асықты  қайта  қолға  алдым.

Жалпы, бұл ойын баланың ойлау қабілетін, ептілігін, қолдың маторикасын, қозғалыс кординациясын дамытады. Соған байланысты сабақта, қоңырау кездерінде оқушыларға асықты жиі ойнатамыз. Олардың ішінде түрлі ұлт өкілдері бар. Мен – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімімін. Физикалық ауыртпалық түсіруге  болмайтын оқушыларға көбіне асық үйретемін. Негізгі қызметімнен бөлек баскетбол ойынынан ауданда қыздар құрамасын да жаттықтырамын. Облыстық, республикалық сайыстарға барғанда поезда, қонақүйде болған кезде қыздармен көбіне асық ойнаймыз. Шәкірттерім бұрынғыдай  картаны емес, асық ұстайтындарына қарап қуанамын, – дейді  Наталья  Зотова.

Асық  ойнаған  озады

Аталмыш ауданда ұлттық спорттың дамуына үлесін қосып жүрген жанның бірі – Рима Бекмұқамбетова. Ақсайдағы №6 мектептің мұғалімі болып табылатын ол асықтан өтетін республикалық жарыстарға жиі барады. Мәселен, биыл сәуір айында Қызылжар өңірінде болған ел чемпионатына қатысып, «Үздік ойыншы» деген аталымды иеленіп келді.

– Астана қаласы, Қызылорда, Қостанай облыстарынан келген командалар осы сайыста мықты екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мен өзім төрт жылдан бері республикалық сайыстарға қатысып келе жатырмын. Жыл сайын негізінен осы командалар топ жарып жүр. Олар қонақта, өзге де шараларда болсын, кез келген жерде отыра қалып асық ойнайды екен. Мәселен, астаналық спортшылар бір мектепке жиналып, күнде дайындалатын көрінеді. Ал біздің облысымыздың құрамасының сапына кіретін ойыншылар әр ауданнан болғаннан кейін бір-бірімізбен жарысқа бара жатқанда поезда танысамыз. Сайыста жекелей емес, командалық есеп бойынша сынға түсетін болғаннан соң, бірігіп дайындалмағанымыздың зардабын тартатын кездер де болады. Жалпы, асық ойыны соңғы кездері қарқынды дамуда. Ережелері жиі өзгереді. Көбіне біз мұндай өзгерістерді жарыс басталған кезде ғана біліп жатамыз. Кезегіміз келгенге дейін үлгергенімізше дайындаламыз. Сол себепті жоғары көрсеткіш туралы әңгіме айту бізге ертелеу сияқты. Алдағы уақытта осындай жайттарды құзырлы құрылымдар ескерсе екен дейміз. Енді Астананың 20 жылдығына орай елордада сайыс ұйымдастырылмақшы. Қазіргі уақытта соған дайындалудамыз, – дейді Рима Сайлаубайқызы.

Жәнібек ауданында дүниеге келген ол бала кезден асықты жанына серік етіп келеді. Міне, сол асық оның мәртебесін көтеріп, көпшілікке танытты. Яғни асық ойнаған жанның озатынын өмірдің өзі дәлелдеп берді.

Бүгінде біздің кейіпкеріміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқушыларын асық ойынына дендеп үйретуде. Күні кешеге дейін мектепте волейболдан секция жүргізсе, өткен оқу жылынан бастап асық үйірмесін ашты. Оған 6-10-сыныптардан қырыққа жуық оқушы қатысады. Мұндай үйірмелер ауыл мектептерінде де жұмыс істеуде.

Көктемде мұғалімдердің шығармашылығына қатысты өткен республикалық сырттай байқауға Рима Сайлаубайқызы мектепте асық ойыны үйірмесін ұйымдастыру бойынша материалдарын жіберген екен. Оның бейнесабағы өзгелерден оқ бойы озық деп танылып, нәтижесінде байқаудың бас жүлдегері атанды. «Тек өзім емес, әріптестерім де, шәкірттерім де жетістікке жетіп жатқандығына қуанамын, – дейді Рима Сайлаубайқызы. – Мәселен, мектебіміздің педагог-психологы Нұрлы Жақсығалиева бес асықтан өткен облыстық сайыста топ жарса, информатика пәнінің мұғалімі Жайнагүл Құжатова аудан бойынша үздік болды. Оқушыларымның арасынан таяуда болған облыстық жарыста 8-сынып оқушысы Жанна Әмірова бас жүлдені иемденсе, 6-сыныптағы Дамира Бауыржанова күміс жүлдегер атанды. Ақсайдағы спорт мектептерінде, жеке спорт кешендерінде асықтан түрлі жарыстар ұйымдастырамыз. Жалпы, бұл спорт түріне де жеңіл-желпі қарауға болмайды. Біраз демалып, босаңсып кетсең, көш соңында қалып қоюың ғажап емес. Ал бізге көш соңында қалуға болмайды. Елбасымыз айтқандай, жаңарудың, өміршеңдіктің негізі жастарда. Сол себепті жастарымыз білімге, тәлім-тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға баса мән берулері қажет. Сонда ғана еліміз экономикалық, рухани жағынан дамып, өркендеп, бәсекеге қабілетті болады».

Нұрлы  ЖАҚСЫҒАЛИЕВА,

педагог-психолог (Бөрлі  ауданы):

– Асықтың баланың тұлға ретінде дамып, қалыптасуында атқарар рөлі зор. Асық ойнайтын оқушының ойы жүйрік әрі жинақы болады. Көптеген пәнге, соның ішінде математикаға деген ынтасы артады. Компьютер, смартфондар көзге зиян болса, асық керісінше, көзді жаттықтырып, көру  қабілетін  жақсартады.

Өзім де асықты жиі ойнаймын. Облыстық, республикалық сайыстарға қатысып жүрмін. Асық ойнау маған серпіліс, тың күш, қуаныш  сыйлайды.

Галина БРАТКОВСКАЯ,

Ақсай  қалалық  №6  мектептің 9-сынып  оқушысы:

– Екі жылдан бері асық үйірмесіне қатысып келемін. Оны үйрену еш қиындық туғызған жоқ. Асық ойыны адамның бойында сабырлылық, табандылық, мақсатқа жетуге деген талпынысты қа-лыптастырады екен. Бұл спорт түрімен айналысып жүргеніме еш өкінбеймін. Ата-анам да барынша қолдау білдіруде. Соның нәтижесінде аудандағы жарыста 3-орын алдым. Қазіргі уақытта құрбыларыма, туыстарыма бес асық деген  ойын  түрін  үйретіп  жүрмін.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Бөрлі  ауданы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика