Плей-оффқа шыққан 16 команда анықталды

Күні , 738 рет оқылды

Көзді ашып-жұмғанша аяқдоптан әлем чемпионатының топтық кезеңі де өз мәресіне келіп жетті. Соңғы 8 ойында жолы болған құрамалар 1/8 финал жолдамасын қоржындарына салды.

Ешкім күтпеген сенсациялық нәтиже «F» тобындағы Оңтүстік Корея мен Германия арасындағы матчта тіркелді. Төрт жыл бұрын чемпиондық тәжді Аргентинадан жұлып әкеткен «неміс машинасы» содан кейін буын алмастыру үрдісін сәтті өткізген еді. «Қарттардың» орнын жастар басып, бірнеше турнирде қарсыластарын бет қаратпай ұтқан команда бұл жолы оңбай жығылды. Йоахим Лев бапкер неге екені белгісіз, дүниежүзілік додаға баяғы Нойер, Мюллер бастаған «сақалды» ойыншыларды қайта қосты. Есесіне, керемет шеберлігімен көзге түскен көптеген жас футболшылар тізімнен тыс қалды. Әлемдік аламан алдындағы мұндай ауыс-түйіс ұжымдағы ауызбірлікке нұқсан келтіретіндігі белгілі. Оны топтық кезең ойындары анық байқатты.

Алғашқы матчта Мексикадан ұтылғаннан кейін Германия Швецияны әупірімдеп ұтты. Кәрістерге келгенде әбден масқара болды. 90 минут шабуылдан түк шықпады. Қанша тепсе де доптары қиыс кетіп, қақпаға дарымай қойды. Ызаға булыққан немістердің жиі жіберген қателіктерін кәрістер тамаша пайдаланды. Кездесу аяқталар тұста Ким Юнь Квон мен Сон Хын Мин қос доп соғып, «неміс машинасын» толық істен шығарды. Биікке көтерілу қандай қиын болса, одан құлау да соншалықты ауыр. Германияның бұл жеңілісін жанкүйерлері «өліммен тең масқара!» деп бағалап, бас бапкердің тез арада жұмыстан кетуін талап етуде.

Осы топта Швеция Мескикадан 3 : 0 есебімен басым түссе, «Е» тобында Сербия Бразилияға 2 : 0 есебімен есе жіберді. Швейцария Коста-Рикамен тең түсті (2 : 2). «Н» тобында Польша Жапонияны, Колумбия Сенегалды ұтты (екеуінде де есеп 1 : 0). «G» тобында Бельгия Англияны, Тунис Панаманы тізе бүктірді (1 : 0 және 2 : 1).

Сонымен, плей-оффқа жолдама алған 16 команда анықталды. Бұлардың арасынан жеңімпаздыққа басты үміткерді дөп басып айту оңай емес. Себебі, бұл чемпионатта фаворит саналған ұжымдардың ойындары көңілге сенім ұялатпай тұр. Бразилия Неймарға тым тәуелді. Португалия негізінен Роналдуға сыйынады. Аргентина Мессиге қарайды. Франция мен Бельгияда тамаша жас ойыншылар жинақталғанымен, нақты бір көшбасшы жоқтың қасы. Испанияда да осындай жағдай. Жапондар мен орыстар жұмбақ құрамалар. Енді, бұл орайда ойыншыларының деңгейі біркелкі жоғары Уругвай мен Колумбияға, сондай-ақ Хорватияға жап-жақсы мүмкіндік бар.

30 маусымда Франция – Аргентина, Уругвай – Португалия матчтары өтеді. 1 шілдеде Испания – Ресей, Хорватия – Дания, 2 шілдеде Бразилия – Мексика, Бельгия – Жапония, 3 шілдеде Швеция – Швейцария, Колумбия – Англия бір-бірімен кездеседі.

Жамал  Ғали



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика