Мұңайма, Месси! Алға Аргентина!

Күні , 56 рет оқылды

Ресейде өтіп жатқан ала доп аламаны ортан беліне таяды. Бәсеке болған соң біреу жеңіп, біреу жеңіледі. Бабы келіссе де, бағы жанбаған құрамалар футбол тойынан тұнжырап тараса, «жолы» болған командалар жарысты жалғастыруда. Солардың қатарында Аргентина да бар.

Мұхит асып келген Аргентина алғашқы екі ойында қыруар ұпай жоғалтып, жағдайын қатты қиындатып алған еді. Топтан шығуы үшін үшінші матчта міндетті түрде Нигерияны ұтуы тиіс болатын. Ол өз алдына, қатар өтетін кездесуде Хорватия Исландияны тізе бүктірген кезде ғана плей-оффқа Аргентина шығады делінген. Міне, осындай шым-шытырық есепті шешу үшін бас бапкер Сампаоли додаға біраз жаңа ойыншыларды қосты.

Алдымен хорват шабуылшысы Ребичтің аяғына өз қолымен допты салып берген қақпашы Кабальероны орындыққа отырғызды. Оны Франко Армани алмастырды. Серхио Агуэро мен Пауло Дибала да негізгі құрамнан тыс қалды. Бапкер  сондай-ақ ойын сызбасын 4-3-3 жүйесіне өзгертіп, бұған дейін үзіліп қалған қорғаныс пен шабуылдың арасын  жалғастырды. Нигерия болса Виктор Мозес, Джон Оби Микел, Ахмет Мұса секілді мықтыларына мол үміт артты.

Жасыл алаңда жан алысып, жан беріскен «шайқас» болатындығы түрік төрешісі Жүнейт Чақырдың ысқырығынан кейін бірден байқалды. Жартылай қорғаушылар Банега мен Перес, Маскерано мен Ди Мария аяқтарына тиген допты кідіртпей Мессиге жеткізуге тырысты. Лео әдетінше әбжіл қимылдап, қарсы команданың екі-үш ойыншысын жол-жөнекей алдап, Нигерия қорғанысын әбден әбігерге түсірді. Ойынның 14-минутында шабуылшы ақыры дегеніне жетті. Ортадан доп алған Банега ойқастап ашылған Мессиге тамаша пас берді. Ала допты ала қашқан Лео оң аяқпен шірене тартып, қақпаның алыс бұрышын бүлк еткізді. Орындарынан дүр етіп көтерілген стадион толы жанкүйерлер де «Месси! Месси!» деп дауылдатып ала жөнелді…

Шынын айту керек, соғылған доп Нигерияны абыржытудың орнына қайта қамшылай түскендей әсер қалдырды. Әсіресе, «Челсидің» жартылай қорғаушысы, қара құрлықтың таңдаулы жас ойыншыларының бірі Виктор Мозес салқынқанды қимылымен көзге түсті. Екінші тайм басында осы Мозес 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есепті теңестірді.

Көрініп тұрған жеңістің ауылы қайта алыстап кеткесін Сампаоли бапкер ойынға тың ойыншылар Павон мен Месаны, артынан Агуэроны қосты. Сәт сайын Аргентинаның қысымы артып, Нигерияның тынысы тарылып келе жатты. Сөйтіп, 90 минут түгесілуге таялғанда шабуылшыларға қалай гол соғу керектігін қорғаушы Маркос Рохо көрсетіп берді. Меркадоның оң қапталдан берген добын жерге түсірмей тепкен мәскеулік «Спартактың» бұрынғы ойыншысы бұл матчтың ғана емес, күллі Аргентинаның қаһарманына айналды. Қатар өткен ойында хорваттар Исландияны ұтып, Аргентинаға плей-офф жолдамасын сыйлады. Мұңайма, Месси! Алға Аргентина!

Өзге ойындарға тоқталар болсақ, «С» тобында келесі кезеңге шығып қойған, ұпайлары түгел Франция мен Дания тең ойнаса, осы топтағы Перу Австралияны 2 : 0 есебімен ұтты. «А» тобында да жағдай осы тектес. Жолдамаға қол жеткізген Уругвай Ресейді 3 : 0 есебімен жеңсе, Сауд Арабиясы Египетті 2 : 1 етіп ұтып, өздеріне жұбаныш тапты.

«В» тобында қос жолдамаға талас соңғы турға дейін сақталды. Одан Испания мен Португалия және Иран үміткер болған еді. Бірақ, Иран Португалиямен тең ойнап, келесі кезеңге шыға алмады. Испания да Мароккомен тең нәтижеге келісті. Алда бізді «F», «H», «G», «E» топтарындағы тартысты матчтар күтіп тұр.

 Жамал Ғали


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика