25.06.2018, 21:14
Қараулар: 144
Мақсот Жұмаев атындағы орталық ашылмақ

Мақсот Жұмаев атындағы орталық ашылмақ

Жуырда  өңірлік  коммуникациялар  қызметі алаңында «БҚО-дағы  балалар мен  жасөспірімдер  туризмін  дамыту»  тақырыбында  баспасөз  мәслихаты  өтті.

Балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фоминнің айтуынша, биыл балалар туризмін дамыту үшін  еліміз  бойынша 50-ге жуық республикалық байқау ұйымдастырылған. Солардың ішіндегі «Жеңіс алауы»  атты байқауға  республиканың түкпір-түкпірінен 700-ге жуық үміткер қатысқан. Сондай-ақ республикадағы 18 мыңнан астам оқытушының   925-і туризм  саласының мамандары екен.  2015 жылы елімізде  21 туризм орталығы тіркелсе, оның 14-і  БҚО-да орналасқан. Қазір еліміздегі  туризм орталығының саны 40-қа жеткен. Болашақта оның  санын  200-ге  жеткізу  көзделуде.

– Туризм – ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосатын сала. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәсүріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытсақ,  өскелең ұрпақтың санасында патриоттық тәрбие қалыптасады. Осы орайда «Менің Отаным – Қазақстан», «Жайық толқыны» секілді байқаулар ұйымдастырылып келеді. Туризм саласында толғандыратын мәселелер жетерлік. Соның бірі – экскурсовод мамандарының жеткіліксіздігі. Өйткені жоғары оқу орындарында экскурсовод  мамандарын даярламайды.  Сондықтан  тарихшылар  тарих және  өлкетану, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері  қазақ тілі мен әдебиеті және музей ісі, географтар география және экскурсовод секілді қосалқы мамандықтар иеленсе, жақсы болар еді деп ойлаймын. Өздеріңізге мәлім, ел экономикасының дамуына үлес қосатын 40-қа жуық туризм бағыттары айқындалды. Соның үшеуі БҚО-да деп танылды. Яғни Шалқар көлі, Бөкей ордасы ауданы және облыстық балалар мен жасөспірімдердің туризм орталығы. Біздің жетістігіміздің бірі ретінде былтыр Зеленов ауданындағы Краснов ауылының маңынан табылған ихтиозаврдың қаңқасын айтар едік. Өйткені, бұған дейін Қазақстаннан ихтиозаврдың қаңқасы табылған жоқ. Аталмыш  олжа палеонтология саласындағы әлемдік ғалымдар  зерттемеген ең ежелгі түрі екені анықталды. Зерттеу жұмысын жүргізгенде немесе саяхаттағанда балаларды табиғат аясына алып барамыз. Себебі, адамзат табиғаттың бір бөлшегі екенін ұғынса дейміз. Егер жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын ғимараттың ішінде жүргізсек, олар оны жадынан тез өшіріп алады. Кез келген ғимарат ол – жасанды орта.  Ал табиғаттың аясында көзбен көріп, құстардың дауысын құлағымен естіп, тастарды аяғымен басып тұрып жүргізген зерттеу жұмыстары олардың жадында өмір бойы сақталады. Табиғатқа шыққанда адамдағы сезім мүшесінің барлығы жұмыс жасайды. Сондай-ақ біздің мақтанышымыз  альпинист Мақсот Жұмаевтың  атындағы орталық ашу  жоспарда  бар, – дейді Виктор  Фомин.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі» 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар