Табиғат пен тарих терең зерттеуді қажет етеді

Күні , 54 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ  ұйымдастырған  «Индер  –  Орал  өңірінің  келешек  геопаркі»  атты  экспедициясы  мәреге  жетті.

Аталмыш университеттің 55 жылдығына орайластырылған жорыққа Ресейден арнайы шақыртылған палеонтолог, РҒА жанындағы палеонтологиялық қоғамы Ульянов бөлімшесінің төрағасы Владимир Ефимов, РҒА  Еділ бассейні экологиясы институтының герпетология және токсинология  зертханасының аға ғылыми қызметкері Андрей Бакиев және зоолог, «Самара зоологиялық саябағы» мекемесі директорының зооветеринарлық  бағыты  бойынша орынбасары Александр Кузовенко қатысты. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының қандидаты,  «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, қауымдастырылған профессор Қажымұрат Ахмеденов пен тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров және аталмыш білім ордасының  магистранттары болды.

Орал қаласынан аттанған экспедиция алдымен Тасқала ауданына барды. Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева қарсылап,  Тасқала ауылының кіреберісінде орналасқан «Ана мен бала» монументін таныстырды. Бұл өлкеде Отан үшін от кешкен Садық Жақсығұлов, Анатолий Скоробогатов, Алексей Чурилин секілді Кеңес Одағының Батырлары, жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері Михаил Шамов дүниеге келген.

Ерлікке тағзым еткен делегация мүшелері сапарын Тасқала ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан Үлкен Ешкітауда жалғастырды.

Бұл аймақтағы өсімдіктерді соңғы жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың  профессоры, танымал ботаник Талшын Дарбаева мен оның шәкірттері жүйелі зерттеуде. Олардың мәліметінше, биіктігі 259 метр болатын бұл тауда өсімдіктің 219 түрі өседі екен.

Мұнда сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер де бар. Үлкен Ешкітау туралы алғашқы деректі бұл жерге 1769 жылы Санкт-Петербург қаласынан арнайы келген академик Петр Паллас жазған. Ауыл ақсақалы Ғалым Хисаметдиновтың айтуынша, бұрын осы жерде дала ешкілері көп жайылған екен. Таудың атауы да соған байланысты қойылған.

Мұнда соңғы төрт-бес жылда құрғақшылық орнап, таудың басындағы өсімдіктер қурап, бұлақ көзі бітеле бастаған. 2002 жылдан бастап Үлкен Ешкітау мемлекеттік табиғат ескерткіші санатына кіргізіліп, республика бойынша  қорғауға  алынған.

Люция Жұбанышқалиеваның сөзіне қарағанда, өткен айда аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен тау аумағынан 300 келідей балшық пен 40 текше метр қураған ағаш шығарылған. Қураған ағаштар ауылдағы аз қамтылған отбасыларға отын ретінде үлестірілген. Сондай-ақ бұлақ көзі аршылып, айналасына бір тонна көлемінде қиыршық тас төселген.

Таудың ұшар шыңына шыққан сала мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ресейлік ғалым, палеонтолог Владимир Ефимов бастаған топ таудағы тастарды бағамдаса, герпетолог Андрей Бакиев жылан іздерін аңди бастады. Ал Астрахан мемлекеттік университетінің магистранты, орнитолог Михаил Шпигельман Ешкітаудың орман алқабындағы құстарын суретке түсірді. Географ Қажымұрат Ахмеденов шәкірттерімен бірге тау етегіндегі көктеректі орман шоғын және бұлақты  зерттеуге  кірісті.

Ресейлік ғалымдарды Ешкітаудың ұшар басындағы шілік ағашына байланған шүберектер мен орамалдар таңқалдырды.

– Ешкітауды ауыл тұрғындары қасиетті орындар қатарына жатқызады. Таудың баурайындағы тоғайдан асып, таудың шыңына көтерілген кезде адамның өзіне деген сенімі артып, бойында күш-жігері артатын көрінеді. Әсіресе, таудың шыңына шығып, тілек тілеп, шүберек байласа, арман-мақсаттарының орындалатынына сенеді. Мұнда перзентті болмай жүрген жас отбасылар көп келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары  Люция  Әсетқызы.

Келесі күні  БҚАТУ-дың  тарих және әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров бастаған топ Тасқала ауданының бірқатар ауылдарына барып, көне қорымдары мен тарихи орындарды аралады. Тарихшыларға  жолсерік болған ауыл ақсақалы Ғалым Хисаметдинов Тасқала ауданының Ақтау ауылының маңындағы бұлаққа алып барды. Бұлақтың суы мөлдір, дәмі тіл үйіретіндей екен. Айта кетерлігі, университет ғалымдары Ешкітау басындағы және Ақтау ауылы маңындағы бұлақтардың суын бірнеше жыл бойы зерттеуде. Зерттеу нәтижесі бойынша су таза және ішуге жарамды.

Содан соң Тасқала ауданының I Шежін ауылының оңтүстік-шығысында 7-8 шақырым жерде орналасқан көне қорымдарды аралап, болашақта зерттеу жұмысын жүргізу үшін суретке  түсірді.

– 2004 жылы бұл обаларды зерттеуге Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары келді. Қолдарындағы арнайы жол карталарында Шежін ауылы көрсетілген. Сонда олар бұл  жерде үлкен жеті оба бар екенін айтты. Обаларда сол кезде марқұм болған адамдардың құралсаймандары, ыдыс-аяқтары, ат әбзелдері мен жалшылары көмілген екен. Алайда, обалардың алтауы суық қолдың құрбаны болып тоналған. Қалған бір обаны олар  2020 жылы келіп зерттейтінін  айтты,  –  деді  Ғалым  Ғайниұлы.

Көне қорымдардағы жазуларға үңілген тарихшы Есқайрат Ерболатұлы мұндағы құлпытастардың  XVIII-XIX ғасырларға тән екенін жеткізді.

Зерттеуші ғалымдар екі күн бойы Тасқала ауданындағы мәдени-тарихи ескерткіштерді аралап, экологиялық, ботаникалық, зоологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Содан соң экспедицияның негізгі бағыты бойынша Атырау облысының Индер ауданына аттанды.

Дендер тауы, Дендер тұзды көлі, Дендер бекінісі. Бұл атаулар XV-XIX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың бізге жеткен шығармаларынан белгілі.  Еділ бойында туған қарға бойлы Қазтуған жырау «Мен кеткенмін, кеткенмін, Нарын менен Дендерден, Сағыз бенен Жемдерден» десе, Жиембет жырау Есім ханның қудалауы бойынша елмен қоштасқандағы «Қол аяғым бұғауда…» жырында «Қияда қолды көрсеткен, Төбеңе шығар күн бар ма, Жотасы биік Дендерім?!» дегені бар. Экспедиция мүшелері өткен ғасырлардағы елдің мұңын жоқтаған сол жыраулардың басып өткен  ізімен  Индер ауданына барды.

Индердің орнына жергілікті тұрғындар арасында Дендер атауы да кеңінен таралған. Дендер қалмақ, моңғол тілдерінің «төбе, биіктік, қарауылтөбе» сөзінен шыққан екен. Бұл аудан  Атырау облысының солтүстігінде, Каспий маңы ойпатының орта тұсында, Жайық өзенінің екі жағалауын бойлай орналасқан.  Шығысы мен оңтүстігінде Атыраудың Қызылқоға, Махамбет аудандарымен, батысы мен солтүстігінде біздің облыстың Жаңақала, Ақжайық аудандарымен шектеседі. Ауданның жер көлемі 1 087 596 га. Ауданды екіге бөліп жатырған Жайық өзенінің батыс жағы негізінен жазық құмды шөл болса, ал шығыс жағы үстіртті. Орталығы – Индербор кенті. Құрамында бір кент, алты ауыл, 18 елді мекен  бар. Округ аймағы тұщы суға тапшы аймақтардың қатарына жатады. Жалпы, Атырау облысында екі мыңнан астам көл болса, соның ішіндегі ірілерінің бірі Индер  тұзды  көлі  екен.

Бұл көл Жайық өзенінің сол жағында Индербор кентінен 15 шақырымдай жерде орналасқан. Тұзды көлдің ауданы 110 шаршы шақырым болса, ұзындығы 13,5, ені 11 шақырымды, тереңдігі 0,7 метрді құрайды. Көлге жылына 1,5 тоннаға дейін тұз шөгеді екен. Индер көлінің шөгінді тұзы – табиғи тұздардың ішіндегі ең бағалысы. Құрамында бор, бром, йод секілді микроэлементтердің көп болуына байланысты бұл тұздың консервілеуші қасиеті де өте жоғары. Тұзды көлдің жағалауында үш ірі бұлақ бар, олар Тілепбұлақ, Ащытұзбұлақ және Тұздыбұлақ. Жергілікті тұрғындар осы жердің қара балшығына, тұзды суына түсіп, тау арасынан шығып жатқан күкіртті суға жуынып, ауру-сырқауларынан, әсіресе, тері ауруларынан емделеді екен. Сонымен қоса бұл маңда  «Қыз әулие» деп аталатын қорым да бар.

Күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындар ол жерге тәу етіп, қорым басына түнеп келген. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, «Қыз әулие» туралы бірнеше нұсқа айтылады. Тұзды көл сүйгеніне қосыла алмай, арманда кеткен көріпкел қыздың көз жасынан пайда болған деген де аңыз бар. Келесі нұсқасында мұнда  Қаламқас атты көріпкел қыз жерленіпті. Қариялардың айтуынша, ерте заманда алты құлаш шұбар ат мінген Мәлім қожа қажылыққа барған. Арафат тауын аралап, енді жаяу қайтқалы тұрғанда, бейтаныс жігіт жолығып «Мені бірге ала кетіңізші» дейді. Мәлім қожа «Қарағым, мен сені танымаймын, әрі айтқан шартымды орындайтыныңа сенбеймін» дейді. Сонда ол «Барлық шартыңызды орындаймын. Тек еліме жеткізсеңіз болды» деп өтінеді. Мәлім қожа Шұбар атының қасына келіп: «Осы атқа мінген соң екі көзіңді тас қып жұмасың, мен аш деп айтқанша ашпайсың. Өздігіңнен ашып қойсаң, екеуміз де құримыз», – дейді. Бұл шартқа бейтаныс жігіт көнеді. Сөйтіп екеуі атқа отырған соң Мәлім қожа: «Ал, қарағым, көзіңді жұм» дейді. Сөйтіп Мәлім «Әйт шу, жануар!» дегенде шұбар ат көкке көтеріліп ұшады. Алдарынан жел гулейді. Бейтаныс жігіт «Бұл қалай? Біз шұбар атпен шауып келе жатқан сияқты емес,  ұшып келе жатқан сияқтымыз, қызық екен» деп таң-тамаша ойға қалады. Бұл қызықты көзімен көргісі келген ол көзін ашып жібереді. Сол бойда-ақ қанатын жазып келе жатырған шұбар ат оқ тигендей құлдилап барып жерге құлайды. Бейтаныс жігіт пен шұбар ат бірден өліп кетеді. Ал Мәлім қожаның жаны қиналып жатады. Осы кезде бұлардың құлап келе жатқанын көрген сол жердің тұрғындары қаумалап жиналып қалады. Мәлім қожа қиналып жатса да, өзін таныстырып барлық болған жағдайды айтып береді де, көзін мәңгілікке жұмады. Олар сол құлаған жеріне, тұзды көлдің жағасына қойылады. Кейін беріш руының бір адамы Қаламқас есімді кішкене қызын алып келіп, Мәлім қожаның бейітіне дұға етіп, түнейді. Сол қыз өсе келе ауырған адамды өзі тауып емдейтін болған. Дендер тауының 41 санды ала тасын шашып жіберіп сөйлегенде, тас аштырушының барлық құпия сырын көзімен көріп, бірге жүргендей айтып беретін болған. Сөйтіп ел оны «Қыз әулие» атаған. Қаламқас тұрмысқа шықпастан  өмірден озған. Қыздың өтініші бойынша бейіті Мәлім қожаның  жанына  қойылған  екен.

Экспедиция мүшелері тұзды көл аймағында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өлкенің тарихына, географиясына қанығу үшін аудандық тарихи-өлкетану музейіне барды.

Музейде аудан тарихының деректері, қазақ халқының даңқты ұлы Махамбет Өтемісұлының,  ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлының, діни ғұлама Әйіп қажы Бекенұлының экспозициялық көрмелері, сондай-ақ мамонт, бизон  сүйектері және халқымыздың ұлттық киімдері мен қолөнер бұйымдары бар. Мұнда  5000-нан  астам  жәдігер  сақталған.

Жорық барысында зерттеуші ғалымдар Ақжайық ауданынан арнайы іздеп келген  аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының жас экологтарымен кездесіп, оларға туған жерді зерттеудің  маңыздылығын  түсіндірді.

Кеш батуға айналған шақта палеонтолог Владимир Ефимов  қазба жұмыстарының нәтижесінде Индербордағы тұзды көл маңынан лабиринтодонттың сүйектерін тапқанын айтып, сүйіншілеп оралды. Біз де әлгі жыртқыш жануардың сүйегін ұстап көрдік. Қолтырауынның сүйегі секілді екен. Дәл тауыппыз. Триас дәуіріндегі жануарлардың энциклопедиялық  кітабын ашып қараған Владимир Михайлович  аталмыш жануарды лабиринтодонт, яғни сыртқы пішіні қолтырауынға ұқсас жыртқыш су жануарының  қабырғалары мен жақ сүйегі екенін айтты.

Лабиринтодонттар – қос мекенділер отрядына жататын триас дәуірінде тіршілік еткен жыртқыш жануарлар. Дене тұрқы 5 метр шамасында болған. Олардың  көпшілігі өзен-көлде, кейбірі құрлықта өмір сүрген. 30 тұқымдасқа бірігетін 100-ден астам туысы болған. Осыған дейін Еуропа, Азия, Солтүстік Америкада жоғарғы палеозой мен триас шөгінділерінен табылған.

– 1968 жылы ұстазым Виталий Очев осы аймақта зерттеу жұмысын жүргізгенде, лабиринтодонттың сүйектерін тапқан еді. Бір қызығы, біз де осы сапарымызда олжалы болып, тұзды көл маңынан триастық өзгеріске ұшыраған аумақтан лабиринтодонттың қабырғалары мен жақ сүйектерін таптық. Болашақта оны зерттейтін боламыз. Жалпы, палеонтология ғылымы біздің заманымызға дейін болған өмірді, яғни тасқа айналған жан-жануарды, өсімдіктерді, жәндіктерді зерттейді. Мен былтырдан бері Батыс Қазақстан облысына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Өйткені 2016 жылы Батыс  Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының жас зерттеушілері  Зеленов ауданының  Краснов ауылдық округі аумағынан мезозой дәуіріне жататын ихтиозаврдың қаңқасын тапқан болатын. Зерттеу барысында бұл ихтиозаврдың жаңа түрі екені анықталды.  Тіпті бұл түрін ресейлік ғалымдар түгілі, әлемдік ғалымдар  да зерттеп сипаттамаған. Бұл қаңқа   қазақ елінде мезозой дәуіріне жататын ихтиозавр секілді өзге де жануарлардың табылатынын  дәлелдеп отыр. Сол ихтиозаврды «Қазақстанзавр», яғни «Қазақстаннан табылған завр» деп атадық. Ал бұл сапар барысында кең байтақ Қазақстанда зерттеу жұмыстарын қажет ететін орындар әлі де көп екеніне куә  болдық.  Индер тұзды көл аумағы бірнеше ғасыр өтсе де, өзгеріске ұшырамай сақталады деп ойлаймын. Өйткені судағы тұздың қоры өте мол. Жалпы патриоттық тәрбиені дамытудағы қазақстандықтардың бұл бағыттағы бастамалары  көпке үлгі деп айтар едім, – деді Владимир  Михайлович.

Экспедиция жұмысы Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор көлі мен Қайыңды орманында жалғасты. Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева қарсылап, Бөкей ордасы ауданында зерттеулер жүргізуге қолдау  көрсетті.

Аралсор маңына екі түн түнеген соң делегация мүшелері Орда ауылындағы Хан зиратына тағзым етіп, ауыл маңындағы қорымдарды суретке түсірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдағы жастармен кездесіп, Орда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының ашылу салтанатына қатысты. Ғалымдар екі  күн бойы Орда қарағай орманының қазіргі экологиялық жағдайын бағалап, оның жануарлар дүниесін зерттеді.

Экспедицияның басы-қасында жүрген Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденовтің айтуынша, экспедицияда тапқан олжа аз емес. Олардың ішінде Тасқала ауданындағы Үлкен Ешкітауға алғаш рет табылған қара грифтердің, яғни тазқара құсының ұшып келгендері тіркеліп отыр.  Тазқара – қаршыға тұқымдас ең үлкен жыртқыш құстың түрі, қанатын жайғанда үш метрге дейін жетеді. Негізінен бұл құс түрі оңтүстік таулы аймақтарды мекендейтін құс. Содан кейін лабиринтодонттың сүйектерін айтуға болады. Оның бұдан 300 млн. жыл бұрын мекендегенін дәлелдейді. Үшінші олжа ол – Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылының маңынан табылған сарыбауыр қарашұбар жылан. Бұл жыланның тіршілігі аз зерттелген, сирек кездеседі. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ол улы емес, ұзындығы 1,5 метрге, қалындығы  5 см-ге  дейін  жетеді.

Он күнге созылған экспедиция барысында ғалымдар Жайық бойының табиғаты мен тарихын зерттеуде аз еңбектенген жоқ.

Соған орай болашақта бұл бағытта  ғылыми зерттеу мақалалары мен монографиялар, бейнефильмдер жарияланып, фотокөрме ұйымдастырылмақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , , , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика