Перзенттік пейіл ауыл-аймақты ажарландыруда

Күні , 23 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру» бағдарламасының  өңірлерде  жүзеге  асуын  саралау үшін  ҚР  Президенті Әкімшілігінің  мемлекеттік инспекторы  Есет  Бәйкен жетекшілік  еткен  топ  Қазталов  ауданында  болды.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастап келген мәртебелі меймандар алдымен Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық ауылында кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаевтың демеушілігімен салынған медициналық пункттің жұмысымен танысты. Содан кейінгі сапар Жалпақтал ауылында жалғасты.

Жалпақталда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған іс аз емес. Мәселен, әр жылғы түлектер өз қаражаттарымен ауылдық мешітті қалпына келтіріп, балалар ойын алаңы мен футбол алаңын ел игілігіне пайдалануға берді. Сонымен қатар мәдениет үйінің алаңы мен субұрқақ салынып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш тақталары жаңартылды. «Менің жүрегім – Жалпақтал» атты жарық-диодты тақта, кіреберіс жолға ауыл аты жазылған конструкциялық белгі орнатылды. Биыл 1966 жылғы мектеп түлектері туған ауылына 13 Социалистік Еңбек Ері мен екі Кеңес Одағы Батырының мүсіндерін орнатты. Бұл жұмыстарға 10 миллион теңге шамасында  қаражат  жұмсады. Ал 1978 жылы мектеп бітіргендердің бастамасымен құны 1 млн. теңге тұратын «Жастар саябағы» ашылды. 1981 жылы дүниеге келген ауылдың жастары 4 млн. теңге қаражат жұмсап, «СТРИТ ВОРКАУТ» спорттық  алаңын  сыйға  тартты.

Жалпақтал мәдениет үйінде өткен дөңгелек үстел барысында «Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан жұмыстар турасында сөз болды.

– Ауылдың, елдің жастарының демеушілігінің арқасында ауданымыздың көркейіп, дамып келе жатқанын мақтанышпен айтамыз.

Өткен мамыр айында аудан бойынша түлектердің демеушілігімен жалпы құны 40 млн. теңгенің, соның ішінде жалпақталдық түлектердің демеушілігімен 24 миллион теңгенің түрлі жобалары іске асты, – деді аудан әкімі Абат Шыныбеков.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бұл бағытта облыс көлемінде атқарып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, алда тұрған жоспарлармен бөлісті. Олардың ішінде аудан-ауылдың өркендеуіне меценаттарды тарту, рухани кештер өткізу, кітаптар шығару сынды жобалар бар.

Осы кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов, Жалпақтал ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғилым Едекешев меценаттардың туған ауылдары үшін жа-салатын игі істеріне атқарушы билік тарапынан көмек-қолдаулар болса деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге аса бастағанына бір жыл болса, ал Қазталов ауданында  бұл бағыттағы істер 2009 жылы басталып кеткен екен. Міне, содан бері қанша жұмыстар атқарылды. Бұл өзге өңірлерге үлгі-өнеге боларлық нәрсе. Алда ауқымды істер мен жаңа жобалардың жоспарланып отырғандығы да қуантады. Осыдан-ақ аудандағы даму үрдісі жыл өткен сайын қарқын алып келе жатқанын көруге болады, – деген ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Есет Бәйкен облыста және Қазталов ауданындағы атқарылған істерге оң бағасын берді.

Құрамында орталық мемлекеттік құрылым өкілдері бар топ Ақпәтер ауылында да болды. Мұнда олар еңбек ардагері Кәрім Өтеғұловтың демеушілігімен жасалған «Ана мен бала» монументі және Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінің жұмыстарымен танысып, жеке кәсіпкер Самат Хасановтың демеушілігімен салынып жатқан медициналық-амбулаториялық пунктті көріп, бұл жұмыстарды  жоғары  бағалады.

Тұрарбек  ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Гүлнұр  ҚАЗБЕК,

Қазталов  ауданы


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика