Музей ісін дамыту – жаңашылдықты талап етеді

Күні , 97 рет оқылды

Кеше  біздің  облыста  Елбасының «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы  аясында  «Ақжайықтың  қасиетті  орындары» атты республикалық  өлкетанушылар  форумы   басталды.

Дүйсенбі күні Орал қаласындағы Достық үйінде аталмыш форумның ашылуы, пленарлық және секциялық отырыстары өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі музейлер және кітапханалар басқармасының бас сарапшысы Назгүл Қадрымбетова, «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс, тарих ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік тарихи-мәдени «Есік» қорық-музейінің ғалым хатшысы Ғалия Файзуллина, сондай-ақ еліміздегі музей директорлары мен өлкетанушылар, өлкемізге танымал тұлғалар мен музей  ардагерлері  қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов форумды ашқан алғысөзінде өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан істерге жан-жақты тоқталып өтті.

– Бүгінгі басқосуда өлкетану, музей ісін заманға сай жаңғырту мәселелері сөз болады. Бұл бағытта өздеріңіздің жиған білім-тәжірибелеріңіз ортаға салынады. Нәтижесінде Үкіметке нақты ұсыным жолданбақ. Елбасымыз көтеріп отырған цифрландыру бағытында музей саласына қатысты қандай істер атқара аламыз? Ұлыбританияда музейлерге ерекше көңіл бөлінеді. Онда музей ісіне қатысты менеджмент жақсы дамыған. Яғни, музей – бизнестің де қайнар көзі. Осы орайда біз де адам санасының қызығушылығын оятатын өлкетану бағытындағы аңыз-әңгімелерді жаңғыртуымыз керек. Биыл 5, 6, 7-сынып оқушыларына арналған өлкетану оқулығы дайындалып бола келді. Өте құнды кітап жарық көрмек. Біздің тарихи тұлғаларымыз, тарихи-мәдени ескерткіштеріміз туралы деректердің бәрі бір кітапқа жиыстырылған. Бұл жасөспірімдеріміздің өз өлкесін тануына, тарихына үңілуіне ықпал етеді, Отанымызды сүюге жетелейді. Сондықтан жас пен кәрі бірдей өлкетану ісіне бет бұруы қажет, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев жүргізген отырыстың барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі музейлер және кітапханалар басқармасының бас сарапшысы Назгүл Қадрымбетова еліміздегі музей ісінің соңғы жылдардағы даму  қарқыны  туралы  баяндады.

– Жалпы статистикаға сүйенетін болсақ, 2001 жылы елімізде барлығы 103 музей болса, бүгінгі ресми мәліметтер бойынша 238 музей жұмыс жасайды. Оның 234-і мемлекеттік болса, төртеуі жеке музей. Музейге келушілердің саны да жыл санап артып келеді. Мәселен 2001 жылы 3 млн. 261 мың болса, 2012 жылы 5 млн.-нан артылды. Негізгі қордағы экспонаттар саны 2001 жылы 1 млн. 700 мыңнан асқан болса, бүгінгі таңда 2,5 млн.-ға жуықтады. 2011 жылы музейлеріміз 6 мың 400-ден астам көрме ұйымдастырған болса, 2017 жылғы деректе бұл көрсеткіш 10 мыңға жақындаған. Бүгінде 191 музей интернет желісіне қосылған. Олардың саны 2011 жылы 163 болған еді, – дейді Назгүл Нұржанқызы. Назгүл Қадрымбетова жиын барысында үздік музей қызметкерлерін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатымен марапаттады. Марапатталғандар арасында музей ісінің ардагері Сара Танабаева, Сырым Датұлы атындағы  тарихи-өлкетану музейінің басшысы Айнагүл Ойшыбаева бар.

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев екі ғасырға жуық терең тарихы бар өзі басқаратын музейдің өткені мен бүгіні туралы жан-жақты баяндап, аталмыш салаға қатысты проблемалық мәселелерді де ортаға салды.

– Қазақстандағы барлық музейлердің проблемасы ұқсас. Бастысы – музей ғимараттарының жәдігерлерді сақтау мен көрерменге ұсынуға арналмағандығы. Қайта қалпына келтіруге мемлекеттен қыруар қаржы бөлінудің арқасында көптеген музей қайта жабдықталды. Бірақ бәрі бірдей емес. Музейге арналған арнайы ғимарат еліміздегі көп музейге арман екені шындық. Саланың басты проблемасының бірі – кадр. Бүгінде музей көбейіп келеді. Ал арнайы маман әзірлеу әлі де жеткіліксіз. Мықты тарихшы мамандардың салаға тартылмау себебі – жалақының басқа салалардан төмендігі. Бұл салада жүргендер – музейді сүйетіндер, ақшасына қызығып жүрген ешкім жоқ. Музей саласындағы проблеманың бірі  – музейлердің ортақ кеңістігінің жоқтығы. Әр өңірдің музейлері өз алдына бір арал сияқты. Тәжірибе алмасу, алмасып көрме өткізу аздау. Аймақаралық жобалар, тәжірибе алмасу, семинар, конференциялар керек-ақ. Музейлердің ең басты проблемасы – халық тарту. Бүгінгі таңда өзінің көрерменін музей тауарын сатып алушыға айналдырған музей ғана жеңімпаз бола алады. Ол үшін музей өзінің қызметін үнемі сапалы көрсетуге тиіс. Бұл ретте уақыт талабына сай маркетинг, менеджмент қызметін пайдалануымыз керек. Ал маркетинг, менеджмент – музей үшін жаңа ұғымдар. Бірақ заман талабына сай осы істерді де игеруге тиіспіз. Әрине, бүгінгі ғаламторлық заманда музейге адам тартуды тек жарнама арқылы шешу қиын, сондықтан заманауи жаңа технологияларды да іске қоспаса болмайды. Мысалы, шетелдік музейлердің ерекшелігі ІТ технологияларын кеңінен пайдалануы, өз жәдігерлерін техникалық тұрғыдан ұсынулары. Шетел музейлерінде жәдігерді саналы түрде ұғу үшін барлық жағдай жасалып, көрермен мен музей арасында интерактивті қарым-қатынас толық орнатылған. Мәселен, орман суретін көріп тұрса, ормандағы ағаштар сыбдырын естиді немесе музыкалық аспаптан сазды әуен шығады. Бұл көрерменге жәдігерді көріп қана қоймай, сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан музей ісін алға сүйреу, ІТ технологияларын ендіруді қажет етіп тұр. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бірақ біз осы қиын істі игеруді жайлап бастап жатырмыз. Қорда жәдігер көп, оның бәріне орын жоқ. Сондықтан біз 3D-экскурсия жасайтын құрылғы алып, сол тасада қалатын жәдігердің бұрынғы қалпын, тарихын жеткізгіміз келеді. Ішінара кейбір жәдігерлерді ғаламторға шығару арқылы ел назарын аударып, қызықтырудамыз. Музей жайлы әлеуметтік роликтер де шығардық. «Музей түні» сияқты шараларымыз халықтық мерекеге айналып келеді. Мұндағы басты мақсат – келушілер санын көбейту, тарихымызды, бастауымызды, құндылықтарымызды насихаттау. Музейдің жұмысы оның қазынаға қанша қаржы түсіргенімен өлшенбейді. Музей – мәдениет, ал мәдениет – дұрыс қоғам қалыптастырудың кілті, келешекке жол салу. Біздің мақсат – музейді заманауи, қолжетімді, қызықты ету.

Сол себепті біз музейде театрландырылған қойылым жасауды дамытып келеміз, – деді Мирболат Бижанұлы.

Жиынға қатысушы меймандар әлем елдеріндегі музей ісін басқарудың озық үлгілері туралы қызықты деректерді егжей-тегжейлі баяндай отырып, Қазақстандағы музейлердің жұмысын жаңаша қалыптастыру бағытында ой қозғады. Әрі қарай облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасын тауып, өңіріміздің киелі жерлерін аралауға ұласатын форум жұмысы осы аптаның аяғына дейін  жалғаспақ.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика