«Алтын ханшайымға» кесене салынуда

Күні , 106 рет оқылды

Теректі ауданының Долин ауылдық округіне қарасты жерде «Алтын ханшайым» кесенесінің құрылысы басталды. Ауданға жасаған сапары барысында облыс басшысы Алтай Көлгінов кесененің құрылысымен танысты.

Кесене «Подстепный – Федоров – РФ» тасжолынан оң жаққа қарай 250 метр жерде орналасатын болады. Ат басын арнайы бұрған Алтай Сейдірұлы кесененің цемент ерітіндісін (құймасын) құйып, жәдігердің елдің игілігіне жарайтын құтты орын болуын тіледі. Сондай-ақ кесене өткен-кеткен көз тігіп қарайтын, туристер үшін тың дүние болатынын айтты. Өйткені жол бойында биіктеу төбенің үстіне салынып жатқан кесененің іргетасының өзі алыстан «мен мұндалап» тұр. Биіктігі жеті, ені төрт метр болатын кесене 20 сотық жерді алмақ.

–  Облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы Теректі ауданы аумағындағы Долин ауылының Тақсай қорған кешеніне жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Алтын ханшайым» табылған еді. Ағаш бөренемен жабылған жерлеу орнынан аса қымбат әшекей бұйымдарына көмкерілген әйел адамның мүрдесі шықты. Басында шошақ төбелі алтын бас киім болған. Жерленген орнынан сексеннен аса алтын бұйым табылды. Бұл  ескерткіштің түпнұсқасы қазір Ұлттық музейде сақтаулы тұр. Бұл біздің ел үшін құнды, маңызды жаңалық екені даусыз. Бұл жәдігерді қалпына келтіру ісімен  қазақстандық ғалым-реставратор Қырым Алтынбек бастаған мамандар айналысқан болатын. Мамандардың айтуынша, ол біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырлардағы археологиялық ескерткіштерге жатады. Бүгінде Тақсай қорған кешеніне шамамен 2,5 мың жыл болған.

Кесененің құрылыс жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында меценаттар есебінен жүргізілуде. «Заңғар» жеке кәсіпкерлігі қолға алған бұл жобаның жалпы құны 8 млн. теңге. Кесене құрылысын бір ай ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Алтай  Тоқжанов.

Тақсай қорған кешені  Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жариялаған киелі орындар тізіміне кіретін 100 нысанның қатарына кіргені белгілі.

Ясипа  РАБАЕВА,

Теректі  ауданы


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика