«Ғұмардың жазып кеткен хаты өлмейді»

Күні , 175 рет оқылды

Ақын, ағартушы, Алаш  қайраткері  Ғұмар  Қараштың  шығармалары мен  өмір  жолы  туралы  деректерді  қамтыған  үш  томдық жинақтың  тұсауы  кесілді.

Жинақтың таныстырылымына ардагер журналистер, ғалымдар, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Ғұмар Қараш үш томдығының жарық көруі үшін ұзақ жұмыстандық. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай газеттердің алғашқы сандарын түгендеу барысында аталмыш басылымдардың бастауында көптеген тарихи тұлғалардың тұрғанына көзіміз жетті. Сондай тұлғалардың бірі Ғұмар Қараш еді. Оның қазақ жерінде газеттердің алғаш рет және жүйелі түрде жарық көріп тұруына тікелей еңбек сіңіруі біздің осы тұлғаға деген қызығушылығымызды одан сайын арттыра түсті. Сөйтіп газеттерімізбен бірге Ғұмар шығармаларын түгендеуді де қолға алдық. Осы орайда Ғұмар Қараштың Мәскеуде тұратын немересі Надежда Қарашева бізге атасының көптеген мұрасын табыс етті және олардың көпшілігі бұрын жарияланбаған тың дүниелер болып шықты. Еңбектің жинақталу барысында жобамызды Алматыдағы зиялылардың ортасында таныстырғанымызда, ғалым Светлана Смағұлова өзінің қолындағы «Айқап» газетінің аудармаларын тұтастай беріп жіберді. Сондай-ақ Ғұмар Қарашқа шәкірт болған Ақмәди Есқалиевтің ұрпақтары аталарынан мұра болып сақталған қолжазбаларды әкеліп берді. Бірнеше адаммен сұхбаттастық. Осылайша үш томдықтың толықтырылуына көптеген адам еңбек сіңірді, – деді аталмыш еңбектің жарық көруіне жетекшілік жасаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры  Жантас  Сафуллин.

Жинақты құрастырушылар оның іші-сыртының бірдей мағыналы болып шығуына мән берген. Кітап мұқабасына өрнек ретінде араб қарпінде «Ғұмар Қараш» деген жазулар, сондай-ақ «Қазақстан» газетінде қолданылған терең мазмұнды оюлар салынған. Бір шетіне аталмыш жинақты электронды нұсқада оқуға және Ғұмар өлеңдерін аудионұсқада тыңдауға мүмкіндік беретін gumar.kz сайтының QR-коды орналастырылса, мұқабаның келесі бетіне әдебиетші-ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың «Ғұмар Қараш – Абайдан кейінгі дәуірдегі XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын ірі классик ақын…» деген пікірі жазылған.

Жинақтың бірінші томында ағартушы ақынның поэзиялық шығармалары, екінші томында ой-толғамдар мен мақалалары, ал үшінші кітабында Ғұмардың көзін көрген замандастарының естеліктері, сондай-ақ зерттеу еңбектер  топтастырылған.

Қазбек  ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист, баспасөз  тарихын  зерттеуші:

– Бүгінгі үш томдықтың тұсаукесері тұтас халқымыз үшін қуанышты оқиға деп ойлаймын. Бұл – алты жылға созылған жұмыстың нәтижесі. Осы бір ұжымдық еңбегіміздің нәтижелі болып, бүгінгі күнге жеткеніне қуаныштымын. Бұл кітаптың негізгі жүгі Ғұмар Қараштың немересі Надия апайдың өзі тапсырған 17 бумадан тұратын материалдары. Біздің мақсатымыз Ғұмар Қараштың осы кезге дейін жан-жақта шашылып жүрген барлық мұрасын барынша бір жерге жинақтап, зерттеушілерге, ғалымдарға ұсыну болды. Жалпы, Ғұмартануда ашылмаған бет әлі көп. Оның мысалын осы кітап шығып кеткеннен кейін де көріп жатырмыз. Мен жақында ғана Уфа архивінен келдім. Онда Орынбор мұсылмандар діни басқармасының 1860 жылдан бері қарайғы құжаттары жинақталған. Бөкей ордасындағы мешіт-медреселердің метрикалық кітаптарын қараған кезде Ғұмар Қараштың өз қолымен толтырған метрикалық кітаптары қолымызға түсті. Ол жерде 1903 жылдан бастап Тарғын қисымының бірінші ауылында имам, хатиб, мударис қызметін атқарғандығы, өз қолымен жазылған шағын өмірбаяны сақталған екен. Бұл мәліметтер әзірге ғылыми айналымға еніп үлгермеген. Ғұмар Қараштың туған жылы жайында әр түрлі пікірлер болды. Ғалымдар соңында 1875 жылы туған деген ұйғарымға келген еді. Ал біз Уфадан көрген құжатта өз қолымен 1874 жылы дүниеге келгенін жазған екен. Және Ғұмардың діни бастауыш білімді ауыл молдасынан, одан кейін Жалпақталдағы Ғұбайдолла Ғалікеев қазіреттен алғандығы айтылатын. Бірақ жоғары діни білімді қайдан алғандығы  белгісіз еді. Біреулер Қазанда оқыды десе, енді біреулері Стамбулда оқыған болуы мүмкін деді. Алайда нақты құжат жоқ еді. Енді Ғұмардың Уфада, Қазанда оқығандығы жөнінде, қандай қазіреттерден білім алғандығы жөнінде  өз қолымен жазылған құжат табылды. Мұның бәрі Ғұмардың тұлғасын анықтауда, оның еңбектерін зерттеуде әлі де көп тер төгу керек екенін көрсетіп тұр. Ғұмар Қараш аз ғұмыр кешсе де, өте белсенді қызмет еткен, көп жазған. Төңкеріске дейін-ақ он шақты кітап шығарған жан-жақты адам. Сондықтан ол кісінің өмір жолын, еңбегін, қазаққа қылған қызметін санаулы адамдар ғана емес, университеттер, ғалымдар зерттеуі керек деп ойлаймыз. Үлкен жұмыстар алда тұр. Бүгінгі жұмыстардың барлығы Жантас Набиоллаұлының ұйымдастыруымен, өте бір еңбек сіңіруімен жүзеге асқанын айта кету керек. Шынына келгенде, біздің «Жайық Пресс» тек қана газет шығарумен айналысады ғой. Бізге ғылыми жұмыстармен айналысуға арнайы қаржы бөлініп, ешқандай қолдау жасалмаса да, жекелеген азаматтардың бастамасымен, еңбегімен осындай нәтижелі істер шығып жатыр. Ғұмардың жазып кеткен хаты өлмейді. Оның көптеген пікірлері күні бүгін жазылғандай,  әлі  күнге  дейін өзекті.

 

Дариға  МҰШТАНОВА,

ақын,  ардагер  ұстаз:

– Жоғалған қазынамызды қолымызға соқырға таяқ ұстатқандай етіп жинап бергендеріңізге қатты қуанған қазақтың бірімін. Бұл руханиятқа қосылған үлкен үлес. Кітапты парақтап келіп қалғанда, тарам-тарам қазынаның бір жерге жинақталғанын бірден байқайсың. Құндылығы да осында. Өзім ұстаз болғандықтан, Ғұмар Қараштың «Дұрыс бер, дәріс берсең, теріс берме» деген сөзі көзіме оттай басылды. Ғұмардың бұл сөзі әр мектепте, тіпті министрлікте жазылып тұруы тиіс деп есептеймін. Ғұмар Қараш аумалы-төкпелі заманда басын қатерге тіге жүріп, қоғамдағы кемшіліктерді ашық айтқан, сөйтіп жүріп өзіне жау тапқан. Әйтсе де, мұқалмаған. Келеңсіздіктерді түзету жолында батыл түрде әрекет қылған қайраткер тұлға. Еңбекті оқып отырғанда бүгінгі білім саласына енгізетін тың тақырыптардың өте көп екені ұстаз көзіне айқын аңғарылады. Сөз қолдану мәнері, жоғалған сөздер, ауыз әдебиеті, дәстүрлер – бәрі қылаң беріп өтеді. Жекелеген ғылыми жобаларға сұранып тұрған тұстары аса мол. Өзі қастандықпен өлтірілген соң, мұрасының өзі бұғауда болған асыл тұлғаның еңбектерін жинақтап, қолымызға ұстатқан құрастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Барша қазаққа құтты болсын! Әрі қарай алып кету сіз бен бізге міндет!

 

Нұрлан  СӘДІР,  блогер:

– Ғұмар Қараш атамыздың шығармашылығымен осы ұлы ойшыл, қоғам қайраткерінің туғанына 125 жыл толу құрметіне ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасына қатысқан кезімнен бастап таныса бастадым. Тұп-тура бүгінгі менің жасымда дүниеден өтіп кеткен Ғұмар Қараштың жанжақтылығы адамды еріксіз таңдай қақтырады. Қоғамға прогрессив дін өкілі керек болған кезде – молда болды, ақпарат құралына мұқтаж болғанда – газет шығарды, ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда – саясаткерге айналды, бір сөзбен айтқанда, оны елге қызмет етудің ғажап үлгісі ретінде ұсынуға болады. Қазір БҚО ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, алты киелі орынның қатарында Ғұмар Қараштың өмірін, шығырмашылығын насихаттау жұмыстары қолға алынып жатыр. Мектеп оқушылары үшін Ғұмар Қарашқа арналған өлеңдер топтамасын әзірлеу, театрландырылған көрініс сценарийін жазу, шығарма тақырыбын және мазмұндама мен диктант мәтіндерін әзірлеу кіретін бұл жұмыстарға белгілі бір дәрежеде мұрындық болғанымды мақтан тұтамын. Өз басым Ғұмар Қараштай ғұламаға арналған театрландырылған көрініс сценарийіне атсалысуға әзірмін.

Бақтылы  БОРАНБАЕВА, тарихшы:

– Бұл еңбек – қазақ ұлтының тарихына қосылған жаңа үлес, ақтаңдақтардың анықталғаны. Жалпы сананы серпілту, ұлттық рухты ояту заманымен тұспа-тұс шығып отыр. Бұл – қазақтың құлдық санадан арылуына қажет дүние. Рухани жаңғыру дегеннің өзі – тарихи мұраларды жаңғырту. Сол арқылы жаңа мәдениетке көтерілу. Дүние жүзіндегі рухани жаңғырулардың бәрі осылай дамыған. Ендеше, шағын ғана ұжымның атқарған осынау еңбегі баға жетпес  құндылық  дер  едім.

Жәнібек  ИСМУРЗИН, тарихшы:

– Бүгін Батыс Қазақстан өлкесінің мәдени-рухани өміріне байланысты үлкен іс-шара өтіп отыр.

Мұны тарихымызды кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін жасалып отырған игі іс деп білеміз. Ғұмар Қараш – тектілердің тұяғы. Тарихшы ретінде XVIII-ХIХ ғасыр маманы болғандықтан, Ғұмардың аталары, Бөкейлікте өмір сүрген Оразақай, Нияз би деген тарихи тұлғалар туралы архивтік құжаттармен жақсы таныспын. Ғұмар Қараш өзінің мақалаларында Оразақай деген бүркеншік атты қолданады. Бөкей ханның тұсында болған Нияз би кейбір билер сияқты сол дәуірдегі көлеңкелі жақтары қалған адам емес. Атақты тұлға болған. Бөкейдің хан кеңесіне ұсынған тұлғаларының бірі. Ғұмар – азаттық қозғалыстың ХХ ғасыр басындағы жаңа толқынының белді мүшесі. Жалпы, осы топырақта өмір сүріп, тұлғалық деңгейге жеткен қайраткерлердің өмірлері қым-қуыт қайшылықтарға және өзара ұқсастықтарға толы. XVIII ғасырдағы азаттық қозғалыстың басшысы – Сырым Датұлы. Сырымның сүйегі Хиуада қалған дейді, бірақ нақты анықталмай отыр. Сондай-ақ XIX ғасырдың 30-жылдарындағы атақты Исатай Тайманұлының жерленген жері әлі табылған жоқ. Қастандықпен шауып өлтірілген Ғұмар Қараштың да мүрдесінің қайда қалғаны белгісіз. Ғұмар Қарашты зерттеуге алғаш түрен салғандардың бірі, еңбектері жарыққа шықпай кеткен Мұстафа Ысмағұлов еді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Ғұмар Қараш тақырыбына қалам тербеген әдебиетші, тарихшылардың Ысмағұловтың жазбасына соқпай кеткендері жоқ. Олардың еңбектеріндегі кейбір деректердің Мұстафа Ысмағұлов жазбаларынан алынғанын кәсіби зерттеуші анық көре алады. Бүгінгі жарыққа шығып отырған жинаққа Ысмағұлов еңбектерінің енуі – тарихқа қосылған үлкен үлес. Ғұмар Қараш ұлтының дамуына ықпал еткен энциклопедист ғалым, яғни жан-жақты тұлға. Ұлтқа қызмет еткен Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, қазақтың маңдайына біткен тағы басқа таланттардың шығармалары жан-жақты жинақталып, жарық көрді. «Неге біздің өңірімізден сондай еңбек шықпайды екен?» деп ойлайтынбыз. Бүгінгідей жинақтың жарыққа шығуы тек біздің облыс көлемінде емес, мемлекет көлеміндегі өте қуанышты жағдай. Жалпы, ғылымның өзі шексіз. Ғұмар еңбектері үш томдық жинақпен таусылып қалды деп айта алмаймыз. Керісінше бұл жинақтар кейінгі ізденістерге, Ғұмарға қатысты шет мемлекетте шашылып жатқан архивтік мұралардың түгенделуіне жол ашады деп есептейміз. Өз басым өткен жылы жазылған Елбасы мақаласынан бері осы уақытқа дейін «Рухани жаңғыру» аясында өңірімізде атқарылған істердің ең құндысы – осы үш томдықтың жарыққа шығуы деп айтар едім. Менің жеке көзқарасым бойынша, бұл таныстырылым «Жайық Пресс» деңгейінде ғана емес, үлкен масштабта жасалуы тиіс. Жинақтың саны көбейтіліп, кітапханаларға, мектептерге таратылуы керек. Өйткені Ғұмар тек қана дінтанушы немесе философ емес, оның еңбектері телегей теңіз.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика