Ән өнерінің майталманы

Күні , 33 рет оқылды

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Бүкілодақтық телевизиялық әншілер байқауының лауреаты, Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық әншілер байқауының бас жүлде иегері, дәстүрлі әнші, термеші Аманкелді

Ғұбайдуллинді еске алуға арналған «Сал-серілердің сарқыты» атты кеш өтті.

Кешке жиылған көпшілік алдымен Амангелді Ғұбайдуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы жарық көрген мақала-материалдар, сондай-ақ көзі тірісінде тұтынған заттары қойылған көрмені тамашалады. Өнер иесі туралы бейне-слайд көрсетілді.

Шараға арнайы қатысқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас шысы Қадырболат Мұсағалиев өнерсүйер қауымға құтты болсын айтып, кештің мән-маңызына тоқталып өтті. Аманкелді Ғұбайдуллиннің жерлестері атынан сөз алған Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева әншінің жұбайы Балсекер апайға қазақы дәстүрмен шарқат сыйлап, иығына камзол жапты.

Өнер иесінің інісі, Марабай Құлжабайұлы атындағы аймақтық-республикалық әнші-термешілер байқауының лауреаты, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы медальдің иегері, әнші-термеші Мұхамбет Мамықов, шәкірті, елімізге белгілі дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Кәкімов Аманкелді Ғұбайдуллиннің репертуарында болған дәстүрлі әндерді орындады.

Ардагер-журналист Тихон Әліпқали, ақын Сағынтай Бисенғалиев, әншінің жиен ағасы Махамбет Ерниязов, шәкірті, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші-термеші Мұсағали Бектенов Аманкелді Ғұбайдуллин туралы естеліктерімен бөлісті.

– Мен Амангелдімен жұмыс барысында танысып, білістім. Шамамен ол жетпісінші жылдардың кезі еді. Ол кезде біздің Оралда кәсіби мәдениет мекемелері аздау болды. Қазақ драма театры болған жоқ, филармония ғана бар еді. Қазақ өнерінің негізі ауылда өсіп, қаулап, гүлденіп келе жатты. Сол кезде біздер ауылдағы әнші, күйші, өнерпаздардың бәрін жадымызға түйіп, соны газет бетінде көбірек жазып отыруға, солардың мерейін өсіруге барынша атсалыстық. Амангелді алғашқы көргенімнен-ақ назарыма ілікті. Өнерпаз көп қой, солардың ішінде Амангелді кездесе қалғанда, топтың ішінен соған барып амандасатын едім. Ол көптеген байқауда үздік шығып жүрді. Мәдени үгіт бригадаларының құрамында эстрадалық бағыттағы әндер айтқанда да оған ешкім теңесе алмады. Эстраданың керемет жұлдыздарымыз деп жүргендердің бәрі оның алдында бәсең түсіп жататын. Ол өзі әзілқой да болатын. Сосын керемет ізденгіш, көп оқитын адам еді. Әншілігі өз алдына, қолынан кітап, журнал түспейді. Әсіресе, «Жұлдызды» құшақтайды да жүреді. Ішіндегі пікірлерін жасырмай, ашық айтады. Оған көп нәрсе ұнамай да жатады. «Мынаның жазғаны оңды дүние емес, осы қалай жазушы болып жүр, қалай ақын болып жүр?» деп айтып-айтып тастайтыны да бар. Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 80 жыл толуына орай облыстық филармонияда концерт ұйымдастырдық. Сол концертке Мекес Төрешев, қыстың көзі қырауда сонау Қазталовтан Хатимолла Бердіғалиев келді.

Аманкелді Ғұбайдуллин, Мұхит  Бірәнов секілді әнші-термешілер де болды. Өзім сол концертті жүргіздім. Кеш аяқталуға жақындағанда әншілер ұбап-шұбап әлі келіп жатыр. Әйтеуір жақсы кон-церт болды, кеш мазмұнды өтті, жұрт сүйсінді. Концерттен соң, Мекес, Аманкелді, Хатимолла – бәріміз біздің үйге бардық. Түнімен отырып ән салдық. Сонда Мекес өнер жағына келгенде Аманкелдіден өзін төмендеу санап, кәдімгідей қысылып отыратынына куә болдым. Амангелдіні ешкім ұмыта алмайды. Ол бірегей талант еді ғой. Ән әлеміндегі Мұхит, Ғарифолла мектебінің белді ту ұстаушысы болды. Сондықтан да оны әлі ұмыта алмай, бүгінде қаншама халық жиналып, зал толып отыр. Аманкелді талайдың жүрегін жылытты, жанын жадыратты, санасына шуақ сәуле құйды. Ол таза талант әрі пенде ретінде де бір таза адам. Ешкімге қастық ойлаған жоқ, ешкімнің жолын кескен жоқ. Ол туралы қаншама өлеңдер жазылды. Алдағы уақытта да Әбекеңнің рухы асқақтай берсін! – деді Тихон Әліпқали.

Кеш барысында экраннан Аманкелді Ғұбайдуллиннің өз орындауындағы «Жадыңда болсын, ерлерім» термесі тыңдалды. Сонадайдан сорғалата құйылтып келіп, ерекше екпінмен нақпа-нақтап төкпектете жөнелетін өнеріне куә болған жұртшылық, сүйікті әншісінен сандаған жыл бойы көз жазып қалған тыңдарманы өнер иесімен қайта қауышқандай күйде, айрықша ықыласпен қошемет танытты.

– Әбекеңнің бір әдеті – домбыраны тұрғызбайтын еді. Кейде қаншама әнші отырса да, пенделік әңгімеге кіріп кетіп, әзіл-қалжыңға ойысып, домбыраның жарға сүйеніп қалатын кезеңдері болады ғой. Әбекең кіріп келеді де, «Ана домбыра нағып тұр? Әкел бері қарай» дейтін. Сосын шырқап жөнеледі. Ол ән салған кезде «Терезелеріңді ашып қойыңдар. Жардың сылағы түсіп қалмасын. Дұрыстап майлап па едіңдер?» деп әзілдеп қоятынмын. Әбекең жұмбақ жан еді. Жұмбақ күйінде кетті. …96-ның қаңтарында Әбекеңнің дүние салғанын естідік. Естіген күні аудандық «Тайпақ таңы» газетіне «Өзіңді жоқтап жылады ма екен..?» деген жыр-жоқтау жаздым. Бұл өлең аудандық газетке басылғанымен, облыстық газетке жетіп үлгерген жоқ. Бүгінгі рухани жаңғыру кезеңінде Әбекеңдей талантты тұлғаның туған елінде оның есімін еске салып тұрарлықтай бір іс атқарылуы тиіс. Саз мектебіне аты берілсе немесе Амангелді сыныбы ашылса деген жүрекжарды тілегіміз бар, – деген ақын Сағынтай Бисенғалиев жоғарыда аталған, өзінің саңлақ әншіге арнап жазған  жырын  оқып  берді.

Маң-маң да басқан марғасқам едің,

Ажалға қайтіп алдырдың, аға?

Жалына ерте жармасқан едің,

Әніңді кімге қалдырдың, аға?

Астана – ауылға ғажап әніңді

Жүруші ең жиі тыңдатып, аға,

Ақ жеңешем мен балаларыңды

Кеткенің бе шын шулатып, аға?

Заман еді бұл қандай назалы,

Өзіңді жоқтап өкінеді елің.

Маңдайда соры, таңдайда зары,

Бұл өнер неткен жетімек еді.

Сағынып сені жас тамған кезде,

Түсер-ау еске мол мұраң бірақ.

Ғарекең мәңгі аттанған кезде,

Түсті деуші еді домбыраң құлап.

Жасаурап көзі қырда шынардың

Өзіңді жоқтап жылады ма екен?

Сен кеткен күні бір жас ұланның

Ақ домбырасы құлады ма екен?

Ғарифолланың дара тұяғы,

Тағдыр да өстіп мұңайтады екен.

Қайран, Әбекем, «Қанапияны»

Дәл сендей енді кім айтар екен?

Не шара, бізге жанның қалауын,

Кім берер, қош бол, жан ағам енді.

Көтеріп биік әннің жалауын,

Рухың жүрсін жағалап елді.

ХІ республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсының І жүлде иегері, Аманкелді ағамыздың кіндік қызы Мөлдір Жалмұханбетова Ықыластың күйі «Жезкиікті» қылқобызда орындаса, кішкене немересі Нұрым Аманкелді атасына арнап шығарған өлеңін оқып берді. Әншінің зайыбы Балсекер апай шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып,  ризашылығын  жеткізді.

Еске алу кеші әншінің немересі Нұршат Ғұбайдуллиннің орындауындағы Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің әні «Жайықтың толқындарымен»  қорытындыланды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика