«Ауданымның ажары асқақ, мерейі үстем болғанын тілеп отырамын»

Күні , 78 рет оқылды

«Шенеунік», «мемлекеттік қызметкер», «ақ жағалылар» деп жатамыз. Олар туралы қарапайым еңбек адамдарына қарағанда көп жазыла бермейді. Дегенмен, жыл өткен сайын еңселене түскен еліміздің жетістігіне бұл жандар да өзіндік үлес қосып келе жатқаны даусыз. Олар да сол еңбек етіп жүрген ауданының, ауылының, ұжымының қамын ойлап, жетістігіне қуанады, кем түскен сәттеріне қайғырады. Сондықтан бүгінгі әңгімеміз сол «ақ жағалылардың» бірі – өз өмірінің 42 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнап келе жатқан, сөйтіп жүріп, Пайғамбар жасына жеткенін «байқамай» қалған Ақжайық ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Серік Мұхтарұлы Бахманов туралы. Ақсақалдар ауылына қоңсы қонғалы жатқан азаматпен жайма шуақ әңгімеміз былай өрбіді.

– Сәке, серке жігіттіктің соңы, қарттықтың алды дегендей, 63-тің ауылына жеткен сәтте қандай көңіл күйде жүрсіз? Біреулерде бұл жасқа жеткенде уайым көбейсе, екінші біреулер «Шүкір, жеттім!» деп қуанатын көрінеді. Сізде солардың қайсысы басым?

 – Мен – барлық саналы ғұмырымды тек қана мемлекеттік қызметке арнаған жанмын. Еңбек жолымды содан бастап, зейнетке де сол қызметтен шыққалы жатырмын. Әрине, пенде болғасын әр жасына сай әр түрлі ойлар қамауы заңдылық қой. Сонда да болса, зейнеткер жасына аман-есен жеткеніме, оған «Шүкір, жеттім!» деген мар-қайған сезімнің құшағында жүргенім рас. Әйтпесе, бұл жасқа жете алмай кеткен тұстастарым қаншама?

 – Бір мезет бүгінгі азамат Серіктің кешегі балалық, оқушылық сәттеріне саяхаттап қайтайықшы…

– 1962 жылы Есім бастауыш мектебінің, Базаршолан ауылына қарайды ғой, 1-сыныбына бардым. Алғашқы ұстазым – Гүлжан Ихсанова деген мұғалім апайым болды. 1966 жылы қазіргі Ғ. Махамбетов атындағы мектептің негізгі сыныбына қабылдандым. Ол сол кезде Қызылжар мектебі деп аталатын. Тарихы терең, осы өңірдегі алғаш ашылған мектептің негізін салған Ғ. Махамбетов болатын. Ұстаздардың ішінде тұңғыш рет Ленин орденімен де марапатталған осы адам еді. Кейін сол ұстаздарының ісін жалғаған Жәрдем Әлжанов, жұбайы Сағира Жұмағазиева, Сәлім Ешімов, оның жұбайы Салиха Әбдрахманова, Махмет Айсиев, Таңатар Харесов пен оның жұбайы Ұлболсын Томанова, Тыныштық, Рабиға Қаженовтер, Ғұбайдолла Жайжанов т.б. ұстаздардың тәлім-тәрбиесін көрдік. Интернатта жатып оқыдым. Ондағы тәрбиешілер ҰОС ардагерлері Ибрайым Шарипов, Балмұхан Мұстағалиевтардың өнегесі мен үлгісін бойымызға сіңіріп өстік. Үлкендерден үйрене жүріп, кейінгілерге де сол көрген-білгендерімізді беруге тырыстық. Жалпы, интернат деген ата-анаңды, үйіңді кереметтей сағынатының болмаса, шәкіртті жастайынан ұжымдыққа, ортақ жауапкершілікке, үлкен өмір жолына бейімдейтін мықты тәрбие мекені екен.

 – Ата-анаңыздан қандай қасиеттерді бойыңызға көбірек сіңірдім деп ойлайсыз?

 – Әкем ала жіпті аттамаған, өр мінезді, тек тура жүргенді қалайтын, адамға болмасын деп ойламайтын адам еді. Ал анам өте қарапайым, жібек мінезді жан еді. Білімі жоғары болмаса да, көкірегі ояу болатын, ештеңеге де апшымайтын, тарылмайтын. Екеуінің де осы асыл қасиеттерін бойыма сіңірдім деп айта аламын.

 – Мемлекеттік қызметке алғашқы қадам қашан және қалай басталды?

 – 1975 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін жанымдағы жолдас жігітпен ішкі істер органына қызметке кіріп қалған жерімнен, сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сара Әшімғалиева және аудандық партия комитеті жалпы бөлімінің меңгерушісі Төлеп Омаровтардың ұсынысы-мен, Тайпақ аудандық партия комитетінің І хатшысы Төлеген Жұмақаев ағамызға көмекші болуға тура келді. Сол бір кезең менің өмірімнің қалыптасуына зор әсерін тигізді.

Төлеген Жұмақаев сияқты белгілі тұлғаның алдын көру, қарауында қызмет жасау менің өміріме үлкен сабақ болды. Төкең өмірдің небір өткелектерінен өткен тарлан, Ұлы Отан соғысында қол бастаған сардар болған жан еді. Жұмысқа келгенде бұлтақ-сылтағыңа қарамайтын, ортақ мақсатқа жету жолында алған бетінен қайтпайтын қасиетімен ерекшеленетін. Әкеммен құрдас Төлеген ағамыз сонымен қатар өте қарапайым, үлкен-кішінің қадір-қасиетін танығыш адам болатын. Мен де өз баласындай қамқорлығына бөленгенімді айта кеткенім жөн. Қызмет барысында Амангелді Абдуғалиев, Мүти Жұмашев, Әленғали Кереев, Ғазез Хаймолдин, Жұмазия Байғалиева, Бақыт Қажбанова т.б. аға-апаларымызды алғашқы ұстаздарым санаймын. Өмірде адал, қызметтеріне аса жауапты, талапшыл, сонымен қатар жүрегі ізгі де, мейірімді жандар ретіне есімде олар.

Сондай-ақ, әр түрлі қызмет саласында Қабиболла Үмбетов, Жарқынбай Шынғазиев, Қайырғали Уалиев сынды абзал ағаларымызды да ерекше үлгі тұттым. Олардан алған тәжірибем мол. Әр кезде де ел басқарған Т. Жұмақаев, М. Тәжмұқанов, М. Қожамұратов, Ә. Сатбаев, А. Иманғалиев, Ш. Өтемісов, Н. Төреғалиев, Б. Хайруллин, Ә. Жоламанов сияқты азаматтардың әрбірі мен үшін бір-бір университеттен кем емес деп айтар едім. Ал осындай абзал ағаларымыз кезінде менің қолтығымнан демесе, бүгінде кейінгі толқын іні-қарындастар да қатар жүріп, ортақ істі мүдделілікпен бірге атқаруға үлес қосып келеді. Мұндай азаматтардың қатарына Нұрлан Бекқайыр, Нұрлан Рахымжанов, Нұрлан Шабдаров, Асқар Абуғалиев, Батырбек Даулетияров (марқұм), Меңзипа Жұматова, Айгүл Есекенова, Назым Қуанышева, Гүлжамал Қуанышалиева, Дәмелі Бекенді қосар едім.

 – Секеңді аман-есен ақсақал жасына жеткізген сүйген жары кім екен деген сұрақтың тілге оралып тұрғаны… Ол кісі сізге «әке» деген атақты неше дүркін сыйлады? «Ата» атанып та үлгерген шығарсыз.

 – Тап бір мәужіреген ақсақал жасына жеттім деп айта алмаймын, бірақ Пайғамбар жасында белгілі бір жауапкершіліктер мен міндеттер жүктелді екен. Ал отбасымдағы міндеттер мен жауапкершілікті қосағым Бақыт екеуміз бірге атқарып келе жатқанымызға 40 жылдың үстіне шықты. Қазақ бала санын айтпайтын ырымы бар ғой. Құдайға шүкір, ұлдарымнан көрінген немерелердің қызығына тоя алмаймыз. Бақыт – ұзақ жыл абыройлы ұстаздық еткен құрметті мұғалім. Бүгінде немерелерімнің сүйікті әжесі. Үлкен ұлым Нұржан кәсіпкерлікпен айналысады. Ержан – салық саласының маманы. Өмір болғасын қайғының да дәмін татып жатады екенсің, Алмас атты ұлым кәмелет жасына жеткенде мезгілсіз қазаға ұшырағаны өкінішті. Ал кіші ұлым Елдос – қара шаңырақтың иесі, кітапхана саласында жұмыс жасайды. Келіндерім де түрлі саланы игерген, өз ісінің мамандары.

 – Ақжайық ауданының қуанышына қуанып, кем түскен тұстарына өкініп отыратын азаматтардың, қызметкерлердің бірісіз. Осыдан он жыл бұрынғы Ақжайықтан қазіргі Ақжайықтың ажары қандай?

– Әрине, аудан, туған жер, өскен өлкемнің өркендеуі, өсуі менің көз алдымда. Мүмкіндігінше, өз қолтаңбамды да қалдырып отыруға тырысамын. Бүгінгі Ақжайықтың осыдан жиырма, он жыл турасындағы Ақжайықтан ажары мүлдем бөлек. Тәуелсіз қазақ елінде бүгінде жаңғыру, жасару, гүлдеу басым. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өлкемізде тың серпін, жаңа бастамаларға жол ашты.

Күні кеше ғана ауданда өткен «Жерлестер форумы» жерлестеріміздің бойындағы рухты, патриоттықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті қайта оятқандай әсер қалдырды. Елдегі елеулі, жаңа, соны серпіліс болды.

Зейнеттемін деп қарап отырмай, алда да елімнің, туған жерімнің игілігі үшін мен де өз қолымнан келгенін жасайтыным анық. Ақжайықтық ақын інім Мәлік Берді Әлі «Ақжайық өлкем» әнінде:

Көңілдің қылын қозғаған,

Жанымның ары – боз далам.

Өңірім туған, бесігім алтын,

Ақжайықтан ел озбаған, – деп жырласа, мен де сол Ақжайығымның алдына ел түспей, ажары асқақ, мерейі үстем болғанын тілеп отырамын.

Әңгіме-дүкен құрған  Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика