Қабыршақты көң-қоқыс пен өлексеге тола бере ме?..

Күні , 1 020 рет оқылды

«Жайық Пресс» ақпарат орталығына Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылының тұрғыны Нұрзина Қабиевадан аталған ауылдағы санитарлық жағдай жайлы бейнежазба келді. Шұғыл жолға шықтық.

Қабыршақты Орал қаласынан 150 шақырымдай жерде, тас жолдың бойында, тал-терегі қайысқан, іргесінен Көшім аққан әп-әсем жерде екен. Алайда ауыл ішіне кіргеннен көңіліміз су сепкендей басылды. Үйлердің арасындағы тау-төбе боп үйілген көң-қоқыс, қиранды үйлердің шошайған қабырғалары, аяқ аттасаң, сүйек-саяқ, жүн-жұрқа…

Ауылдың дәл ортасында Лениннің ескерткіші қасқайып қарсы алады. Оның тозғаны сонша – күн көсемнің қақ маңдайы шытынап жарылыпты, қолы шолақ. Қабыршақтана жарылған ескерткішке қарап, ауылдың аты Первомайдан жақында ауысқаны еске түсті.

Ауыл ішінде бірнеше ешкінің өлімтігі жатыр. Зират жақ бетінде де шашылған ұсақ малдың өлекселерін көрдік. Сүйектері ағараңдап, қолаңса иісі аумаққа жайылған. Редакцияға түскен бейнежазба авторы Нұрзина Қабиеваны тауып, ол кісі бізді мал қорымына бастады.

3 маусым күні түсірілген бейнежазбада мал моласының айналасында бірнеше сиырдың өлімтігі шашылып жатқан. Біз барғанда тып-типыл. Мал моласы деген аты ғана. Ең құрығанда, сымнан болса да қоршауы жоқ, өлексе өртейтін темір пеш сияқты бірдеңе. Оның өзі бітелген. Ішінде ішек-қарыны ақтарылып, қан-жоса болып құлын жатыр. Нұрзина апай видеоны ауыл басшыларына, учаскелік полициясына көрсетіп, тілшілер шақыратынын, акт жасамай бұл малды жоймауларын сұраған екен. Сиырларды өртемей, бульдозермен ысырып, бетін топырақпен жапқанын байқадық. Оның өзінде өлексенің топырақтан сирағы көрінеді. Көк шыбын үймелеп, бұзылған иісі қолқаны қауып, сонадайдан жақындатпайды.

Мәселенің анық-қанығына жетпек болып ауыл әкімшілігіне бардық. Хабар берсек те, ауыл тұрғынын жерлеу рәсіміне кеткен әкімді түске дейін күттік. Ақыры ас жеп шыққанын асхана жанынан тосуға мәжбүр болдық. Әкім мырза кабинетіне барып әңгімелескенімен, ауылдағы санитарлық жағдайға нақты түсінік бере алмады. Ветеринарлардың  мал моласы жағындағы шашылған ірі қара өлімтіктеріне не істегенінен бейхабар болып шықты. Ауыл ішіндегі өлекселерге  тұрғындарды кінәлады.

– Ауыл тұрғындары өлген малын құлағындағы сырғасын кесіп лақтырады, кімдікі екенін анықтау қиын. Қыста ондай екі-үш адамды анықтап, ескерту жасағасын мал моласына апарды. Ал кімдікі екені анықталмаса, техника шығарамыз. Ауылға су тарту жұмыстарына келетін техникалармен келісіп, мал моласының жанынан жаңадан шұңқыр қазып, жаңартуды жоспарлап отырмыз. Негізі бұл орынмен Чапаевтағы ветстанса айналысуы керек, – дейді ауыл әкімі Саясат Бимағанбетов (суретте).

Ауыл тұрғыны Нұрзина әкімге «Сізде мал моласының құжаты, кешегі көмілген өлекселердің актісі болуы тиіс» деді. «Ауру шықса, тұрғындарға айыппұл салынады, ал ауру таратуы мүмкін өлексені мал мамандары неге залалсыздандырмайды? Ол мал ашық ауада, ауыл малының өрісінде өртелмеуі керек. Мүмкін сібір жарасы болар? Өлімтіктер аудан, облыс басшылары келерде ғана жиналады. Менің прокуратураға арызымның қорытындысы бойынша өлексе сәуірдің 20-сына дейін жиналуы керек еді. Маусымның 3-і күні әлі жатқанын көріп, жағамды ұстадым. Мал моласы сәуір айындағы тексеріс келгенде жиналды. Мына сиырлар одан кейін өлген.

Тағы бір індет шығып жатса, қайтеміз?» деп шыр-пыр болды тұрғын. Әкім мырза «Тұрғындар өлген малын бізге айтпай апарып тастайды, кімдікі екенін анықтау қиын. Тіпті әр өлген малды тіркеу мүмкін емес» деген сөзін қайталады. Ал Нұрзина Қабиева бұл ветеринария заңын елемеу екенін айтады. Тұрғындар қозы-лақ емес, сиыр ауырса, не өлсе ветеринарларға айтпауы мүмкін емес деген пікірде. Ақыры әкімде өлген малдың актісі болмай шықты, актіні іздеп, веттехник Біржан Тілегенұлының (суретте) үйіне әкіммен бардық. Жұмыс уақыты болатын. Барсақ… веттехник ұйқыны соғып жатыр… Ондағы мақсатымыз акті болса, өлген малдың онда көрсетілген иесімен кездесіп,  деректі  растау  еді.

Ветеринарлық телім меңгерушісі Г. Шутеева аудан орталығына кеткен. Үйінде жатқан веттехник Біржанды алып, мал моласына бардық. Ол «Акті Г. Шутеевада, кешегі күнгімен жазып қойды. Қазір whatsApp-пен жібереді» деді. 15-20 минут күттік. Дәл сол уақытта жазып жатыр ма, кім білген? Акт келді. «Акт №2. 05.06.2018. Біз, төменде қол қоюшылар, Қабыршақты ауылдық округінің телім меңгерушісі Г. Шутеева, мал мамандары А. Кажгалиев, Б. Тілегенұлы болып, үш бас аналық малы екі бас төл малына акт жасадық. Өлу себебі, острый темпания рубца. Мал моласына сыймағандықтан, көмілді. Осыны растап қол қоямыз. Қолдары». Құжаттың орфографиясы тап осылай. Куәгерлері жоқ. Иесі кім екені көрсетілмеген. Ал өлімтіктерді көмуге ауылдық әкімдік кіші қызметкері Ғаділ Баймұқанов өзінің қатысқанын растап отыр. «Екі ірі қараны көмдік, уағын өртедік» деді  әріптестерінің  көзінше.

«Сонда өлген малды мал моласының жанынан тауып аласыңдар да, өлу себебін еш сараптамалық зерттеусіз сол жерден өздеріңіз қоясыздар ма?» деген сауалымызға мал мамандарының келіспеске амалы қалмады. Бір қызығы, жаймашуақ жазда арам өлген ірі қараға диагнозды табылған жерінен, даладан қоя салады да, тұрғындардың сүтін ішіп, етін жеп отырған малынан түрлі зертханалық сынама алынады екен. Және төлдеп тұрған мал ауру деп етке алынатыны да күмән туғызады.

*   *   *

Әкімдік жанында мамандарды тосып тұрғанымызда, сол жермен өтіп бара жатқан ауыл тұрғыны Әсия Аймурзинаны әңгімеге тарттық. Сөйтсек, Әсия Әсетқызы осы ауылда 11 жыл әкім болып, зейнетке шыққан екен. Алғашында «Әріптестерімді сынағаным орынсыздау» деп жағдай жайлы пікірден тартынған ол кейін өзінің малынан бруцеллез қалай анықталғанын айтып берді. «5-6 қойымды «бруцеллез» деп заңға сәйкес 15 күн ішінде емес, 2 айдан кейін хабарлады (!). Екі ай кім мал соймай отырады, ауру солай тарайды. Сот арқылы айыппұл салынды. Сырғасы жоқ қойларымнан сынама алынбады, жағдайы белгісіз күйі қалды. Оларды сырғалаңдар, тексеріңдер деген өтініш орындалмады. Сырға жоқ болса, мойнына нөмірленген қалақ байлап болса да сынама алынуы тиіс еді. Осылай мал аурудан тазара ма? «Ауру» делінген қой еті Ақтауға жіберілді. Бұрын бруцеллез қой өртелетін, етке өткізбесе де  өтемақы төленетін еді ғой» дейді. «Кейін сот болып, маған берген анықтаманың екінші данасында айы мен күні көрсетілмеген себепті жеңіліп қалдым. Олардың анықтамасында күні «қойылып-ты». Негізінде мал ауру болса, бруцеллез деген екі дана сертификат келеді. Біреуін ветеринарлар журналға тігіп, онда әр малдың сырғасындағы дерек, оның тұсында не сау, не ауру екені көрсетілген сынама қорытындысы болады. Сол құжатты маған көрсете алмады. Мұндай мәселелер ветеринариялық есептің жоқтығынан, мамандардың салғырттығы мен олардың жұмысына тексерістің жоқтығынан шығады», – дейді зейнеткер Әсия Аймурзина.

*   *   *

Нұрзина Қабиеваның 3 сәуірде-гі аудан прокурорына жазған арызына Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары А. Абуғалиев 13 сәуір күні жауап берген. Онда:

«…Первомай ауылында бейімделген мал моласы бар. Қазіргі таңда ветеринариялық-санитарлық қағида талаптарына сай келетін типтік мал моласын салуға 8 млн. теңге көлемінде қаражат қажет. Бүгінгі таңда типтік жобадағы мал моласын салуға аудандық бюджеттің мүмкіндігі көтермей отыр. Алайда мал моласын қолдағы бар мүмкіндіктерге қарай шұңқырын жаңартып, санитарлық нормаларға сай ұстап тұру жөнінде ауылдық округ әкімі С. Бимағанбетовке және ветеринариялық қызметкерлерге тапсырма берілді» делінген. Онда ветеринарларға өлімтікті әкімшілікке хабарлау және уақытында жинау жөнінде тапсырма берілгені айтылған. Оған қоса «Ветеринариялық іс-шараларды тиісті деңгейде рәсімдемеген және этика, әдеп нормаларын сақтамаған Қабыршақты ветпункт меңгерушісі Г. Шутееваға және ветқызметкер Б. Тілегенұлына тиісті тәртіптік шара алынатын болады» делінген. Бұдан екі айға жуық уақыт өтсе де, аудан басшылығының әкімге де, ветеринарларға да берілген тапсырмасы аяқ асты қалғанын  көруге  болады.

*   *   *

Ауыл ішінде көп жылғы көң-қоқыс барын мойындаған әкім «Бұған біраз қаржы керек, ол қарастырылмаған» деді. Ал «Ауылды толық тазартуға қанша қаржы қажет?» деген сауалымызға «Оны есептеп көрмедік» деп жауап берді.

Ауыл халқы да, мал да Көшімнен су ішіп отыр. Ал су жағасы баланың памперсіне (жаялық) толған. Тіпті мұнда да өлімтіктің жатқанын көрдік. Өзі ішетін ауыз суға қоқыс тастауға кімнің дәті баратынын түсіну қиын. Әкім қоғамдық жұмысқа тартылған 5-6 адамды жағалауды жинауға да апта сайын жұмсайтынын айтты. Алайда ауыл ішінің де, судың да қазіргі санитарлық жағдайы мәз еместігі сырт көзге анық сезілді.

Бұл ауыл екі рет карантинге жабылған. Екі жыл бұрын ауылдық округтен тоғыз адам, Қабыршақтының өзінен екі адам бруцеллез дертіне шалдыққан. «Биыл 7-8 бас ірі қара мен азын-шоғын қойдан бруцеллез анықталды», – дейді ауыл әкімі.

Малдың жұқпалы ауруларының микробтары көңде, топырақ, суда сақталады. Ал бұған дейін екі рет карантинге жабылған Қабыршақтының халқы қоқыс, өлімтік толы ашық тоғаннан мал ішкен суды ішіп отыр. Көшелерінде көң тау болып үйіліп жатыр. Мал моласының жағдайы анау. Санитария қызметтері дабыл  көтерсе  де  болғандай…

Нұрлыбек  РАХМАНОВ,

«Жайық  Пресс» ақпарат  орталығының  жетекшісі

Ақжайық аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаевтың мәліметінше, ауданда бруцеллез 2016 жылы 15 адамға, 2017 жылы 41 адамға, биылғы 5 айда 10 тұрғынға жұққан. Биыл облыс бойынша 20 адам бруцеллезге шалдықса, соның тең жартысы Ақжайық ауданынан  екеніне  қарап жағдайға  баға  беруге  болады.



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика