Ғасыр куәгері

Күні , 59 рет оқылды

Алаш тарихының ақтаңдақ беттерінде тарыдай шашылған қазақ өмірінің өткені мен болашағы жатыр. Кез  келген тарихи жәдігер өшпес руһани қазынаға айналуы тиіс.  Алаш  қайраткерлерінің тарихы ұлттық құндылықтың негізі болып табылады. Ал олардың көзін көрген қолмен ұстаған құжаттары мен бұйымдары баға жетпес байлық екенін естен шығармайық.

Осыдан тура 100 жыл бұрын Жымпитыда кезектен тыс қазақ сиезі өткенін жақсы білеміз.

Жымпитыда өткен осы  сиездің Иван Федяниннің трактирінде өткенінен де көзі қарақты оқырман хабардар болар. Үш күнге созылған сиездің қалай өткенін есіне сақтай алмаса да, жиналған көп адамдарымен үй иесінің ұлы Николайдың есінде сақталып қалады (суретте отырған әкесі Иван мен ұлы Николай Федяниндер) Кейін қаншама уақыт өтсе де, ұлдары Борис пен Кимге, қызы Надеждаға ешқашан бұл туралы айта алмай кетеді. Иә, бұл отбасын біздің өңіріміздің адамдары жақсы таниды.  Аналары Қаратөбе өңірінен шыққан қазақ қызы болғандықтан шығар, бүгінде көзі тірі Надежда Николайқызы мен Ким Николайұлы таза қазақ тілінде сөйлеп, өздерін қазақпыз деп санайтын, тұтастай ұстаздардың әулетін құраған сыйлы адамдар. Сол сиезде орын алған бір оқиға болыпты. Ол шаруалары біткен соң көңілдері көтерілген ел азаматтарының ойын-сауыққа бет бұрып тұратын шағынан әлі қол үзе қоймаған кез емес пе?! Сонымен не керек жиын аяқталған тұста,  ән мен күйге де кезек жетсе керек. Сол арада Иван атай қонақтарына құйқылжытып тұрып скрипкада ойнап беріпті. Ол уақытта Жымпитыда төрт Иван тұрыпты. Ал кейіпкеріміздің лақап аты «Скрипач Иван» екен. Міне, жиынның соңында ойналған скрипка да, оны тартқан адам да, осы скрипканың үнін тыңдаған, сол жерде болған Жаһанша мен Халел бастаған алаш азаматтары да өмірде болмағандай ұмыт болды. Бірақ сол оқиғаның тікелей куәгеріндей болып, бір нәрсе аман қалыпты. Ол сол сиезде ойналған аспап – скрипка. Әкесінің көзін аманат деп қараған Ким Николайұлы ұзақ жыл  бойы аспапты сақтап келген. Аналары арқылы аталарының үйінде үлкен бір жиын өткенін естіпті, тек бұл туралы ешкім естіп қоймасын деп сыбырлап қана айтылған әңгімелер болатын. Сақтаулы сырды жаюға асықпаған ағамыз араға 80 жыл салып, сандықтағы скрипкасын шығарып аудандық музейге тапсырып, жүрек түбіндегі сырларымен бөлісті. Бүгінде, міне, өзі де 80 жасқа толғалы отырған ағамыз Кимнің отбасына қатысты осы бір құнды жәдігердің  біздің музейімізге тапсырылғанына қуаныштымыз. Алаштың аяулы ұлдарын күйімен тербеткен қоңыр аспап, ұлттық құндылығымыздың баға жетпес қазынасы. Аспаптың нақты қай жылы жасалғанын анықтай алмасақ та, Жымпитыдағы сиез өткен үйде ойналғанына да ғасыр болмақ.

Айнагүл  ОЙШЫБАЕВА,

Сырым  Датұлы  атындағы

тарихи-өлкетану  музейінің  меңгерушісі,

Сырым  ауданы


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика