8.06.2018, 23:27
Қараулар: 80
«Ауыл-аймаққа жасаған жақсылығы көп»

«Ауыл-аймаққа жасаған жақсылығы көп»

Дүниеге  келер  бір  рет,

Дария  кеуде,  тау  мүсін.

Құрыштан   құйған  құдірет,

Қарттарым,   аман-саумысың?

Сағи   ЖИЕНБАЕВ

Бүгіндері  ел  ішінде  дәулетті  жандардың  айналасына жанашырлық  танытып,  шуағын  түсіріп,  тіпті  ауыл-аймағына қалың  бұқараға қажетті  медпункт,  көпір,  спорт  қалашығы сықылды  әр  түрлі  нысандар  салып  беріп,  жақсылық  жасауы қанат жайып  келеді.  Бұл, әрине,  қуанарлық   та, құптарлық  та құбылыс. Ал  енді  өткен  ғасырдың  сонау  тоқсаныншы жылдары қоғамдық формацияға  қоса,  меншіктік  қатынастар  күрт  өзгеріп, ол аздай инфляция  асау  арғымақтай  жалынан  сипатпай, күн  сайын көкке  шапшып,  билік  те,  халық  та  сасып, етегін басып қалған кезде  ел-жұртқа  қарайласқан  кісі  нағыз  Атымтай  жомарт болса  керек. Біздің  бүгінгі  кейіпкеріміз,  міне,  сондай  азаматтың сойынан.

…Әлқисса, енді біразырақ күнде 70 жастың жотасына көтерілетін еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мағауия Зайнуллиннің бүкіл саналы өмірі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. 1948 жылдың маусым айында Ресейдің Волгоград облысына қарасты Палассовка ауданындағы Қайсақ стансасында жарық дүние есігін ашқан ол Орал ауыл шаруашылығы техникумының 1965 жылғы түлегі. Осы арнайы оқу орнының ветеринария факультетін тәмамдаған М. Зайнуллин еңбек жолын Жәнібек ауданындағы Талов кеңшарының №4 бөлімшесінде мал дәрігері болып бастайды. 1975 жылы отбасымен облыс орталығына қоныс аударған Мағауия ағамыз 1980 жылы агроөндірістен қол үзбей, өзіміздің Оралдағы Ауыл шаруашылығы институтын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша сырттай бітіреді. Содан кейін Мағауия Ғарифоллаұлы аудандық, облыстық деңгейдегі біраз лауазымды қызметті абыройлы атқара келіп, 1988 жылы «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытына директор болып тағайындалды. Жаңа директор  онсыз да асығы алшысынан түсіп тұрған үшбу кеңшардың (совхоздың) шаруасын бес жыл бойы одан сайын өрге сүйреді. Шаруашылықты басқара жүріп, Аңқатыны Аңқаты қылған кезіндегі совхоз директоры, бертін келе  ҚазКСР-дың Министрлер кеңесі төрағасының орынбасарына дейін өрлеген, кейін біржола ғылымға ден қойған Социалистік Еңбек Ері, академик Алексей Черекаевтың ғылыми жетекшілігімен қазақтың ет бағытындағы асыл тұқымды ақ бас ірі қарасын жетілдіре түсу бағытында кандидаттық диссертация да қорғап үлгерді. Сосын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Орал ет-қалбыр комбинатының бас директоры сықылды қызметтерді қамшы салдырмай атқарды. Ал 1996 жылы Аңқаты ауылдық округі халқының атынан сыйлы қариялар сол кездегі облыс басшылығына арнайы барып, Мағауия Зайнуллинді шаруашылықты басқаруға  өздері  сұрап  алады.

– «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытына директор ретінде алғашқы баруым мен кейінгі баруымның арасы жер мен көктей еді. Бірінші рет басшы болып барғанымда, совхоздың атақ-даңқы кең байтақ Кеңес одағынан әрі асып гүрілдеп тұрған кезі. Ауылға сән берген ақ шаңқан үйлерді айтпағанда, жүйелі жұмыс жасап тұрған мектеп, балабақша, мәдениет үйі, аурухана секілді әлеуметтік нысандар  жергілікті жұртқа мінсіз қызмет етуде еді. Агросектордың бірі бітсе, іле-шала екіншісі басталатын қат-қабат науқандық жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқаруға совхоздың адами әлеуеті де, техникалық мүмкіндігі де толық жеткіліктітін. Ал қайтып келгенімде, көңіл құлазытарлықтай көрініс алдымнан шықты. Менің қайта оралғанымды естіген кеңсенің іші-сырты қарақұрым халық. Еңбеккерлер бірнеше айдан бері жалақы алмаған, тіпті кейбіреулері «Бүгін үйде бала-шағаға нан пісіретін бір уыс ұн жоқ» дегенді айтып қалды. Оған өзгелері қосылды. Шаруашылықтың бұрынғы машина-трактор паркі адам көргісіз. Тұрғындардың алды қалаға көшіп, кезіндегі аршыған жұмыртқадай ауылдың іргесі сөгіліп, ажары қаша бастаған. Содан халықтан азық-түлік дағдарысын шешуге біразырақ күнге мұрсат сұрадым. Сөйтіп, біраз жылдан бері таныс, сол кездері «Бакалейторгты» басқарып  тұрған Өмірбек деген замандасқа барып, қазір есептесуге ақшамның жоқтығын, бірақ ер мойнында қыл арқан шірімейтіндігін алға тартып, шындықты айтып, бар жағдайды жайып салдым. Өмекең азамат екен, екі сөзге келмеді. Ертеңіне 300 қапшық ұн, әлденеше тонна картоп, қапқап макарон-вермишель мен күріш, жүздеген литр өсімдік майы тиелген бірнеше жүк көлігімен ауылға оралып, ел-жұртқа үлестірдім. Осылайша бәрін қайтадан бастауға тура келді, – деп еске алады бүгіндері Мағауия аға.

КСРО күйрегеннен кейін жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, тәуелсіз Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға ден қойды. Осындай өзгерістердің әсерімен «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытының негізінде 2001 жылы «Айсұлу» шаруа қожалығы құрылды. Бірақ екпін түсіріп, айрықша атап өтер бір жайт, күні кешегі өтпелі кезең, өліара шақта әуелден көштің соңында қалған немесе ортаңқол шаруашылықтарды айтпағанда, көптеген іргелі колхоз-совхоздардың жылдар бойы қарайған адамның құла бейнет, маңдай терімен құралған ортақ дүние-мүлкі сөздің тура мағынасында тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткені жасырын емес. Ал Мағауия Ғарифоллаұлы ондайға жол бермеді. Соның айғағындай наубайхана, дүкен, монша, машина-трактор жөндеу шеберханасы, аутогараж, жем-шөп цехы, мал сояр арнайы орын сықылды біраз нысан бүгін де бұрынғыдай қалыпты жұмыс істеп, шаруа қожалығына қоса, ауыл-аймақтың ортақ қажетіне жарап тұр.

«Аңқатының» маманданған саласы ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малын өсіріп, ет өндіруді ғылыми тұрғыдан жүйелі жалғастырғандығы ескеріліп, 47 954 гектар жері бар «Айсұлу»  ШҚ-ға 2008 жылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» мәртебесі берілді.  Аталмыш шаруа қожалығында бүгіндері қазақтың  1000-нан астам ақ бас асыл тұқымды ірі қарасы, 1,5 мың бас Еділбай қойы, 100-ден аса жылқы түлігі өсірілуде. Шүкір, жыл санап мал басы артып келеді. Қожалық соңғы үш жылда 976 бас асыл тұқымды мал сатты. Ресми атауы «Айсұлу» асыл тұқымды мал зауыты болғанымен, үшбу шаруашылық 7 мың гектар танапқа егін де салады. Бұл бағытта арпа-бидайға басымдық берілгенімен, соңғы жылдары майлы дақылдарға да ден қойды. Шаруашылықтың құрамында екі егіс бригадасы, үш шөп бригадасы және екі құрылыс бригадасы бар. Құрылыс бригадасының бірі үй-жай, қора-қопсы салу, ал екіншісі, ағымдағы жөндеумен айналысады. Осыншама қарайған шаруа жыл-он екі ай бойы жергілікті 50 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал науқандық жұмыстар кезінде жұмыс қолы 200 адамға дейін жетеді.

– Орташа жалақы 40 мың теңге шамасында болғанымен, науқандық жұмыстар кезінде еңбеккерлер 150-190 мың теңгеге дейін табыс табады. Мысалы, биылғы 15 күнге созылған егін егу науқанында оза шапқан еңбек озаттары 190 мың теңге жалақы алды, – деді бізбен әңгіме барысында Мағауия  Ғарифоллаұлы.

«Айсұлу» ШҚ қазіргі уақытта өзінің техникалық әлеуетін арттырып, негізгі өндіріс қорын жаңартуда. Біз осыдан бірер күн арнайы барғанда шаруа қожалығының егін танабынан жер өңдеп жүрген бұрынғы «К-700»-дерге қоса, осындай дала алыбының су жаңа екеуін көрдік.

– Жақында 170 миллион теңгеге дән себу кешенін (посевной комплекс) алдық.  Озық технологияға негізделген мұндай жаңа техникамен жұмыс істеу үшін ең кемі арнаулы орта оқу орнын, яғни колледж бітіру шарт. Біз машина-трактор паркіне қоса, қора-қопсыны да жаңалаудамыз. Соңғы жылдары өндірістік қажеттілікке орай 4-5 қойма, 3-4 қора салдық. Сонымен қатар бұқалардың күнделікті рационын, жем-шөп пен суға тәбетін, жалпы жағдайын, аталық мал ретіндегі ұрпақ өрбіту күш-қуатын жүйелі бақылап отыратын жаңа сынақ алаңы жасақталуда. Мұндай нысан ғылыми негіздегі селекциялық-өндірістік жұмыстарды сауатты жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді дала академигі деуге тұрарлық тұлға  Мағауия  Зайнуллин.

Мағауия ағай зайыбы Зылиха апай екеуі қос перзент тәрбиелеп жеткізді. Бүгіндері қыз-күйеу балаларынан біраз немере-жиен сүйіп отыр. Солардың бірі – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің студенті, болашақ қаржыгер Айсұлу қарындасымыз біз барғанда өзі аттас шаруа қожалығында өндірістік практикадан  өтіп  жүр  екен.

– Мен қос қызымды да қаршадайынан айналасындағы адамдарды сыйлауға, төңірегіндегі кісілерге жарқын қабақ танытып, жақсы қарым-қатынас орнатуға, ал өсе келе перзенттерімді адал еңбек арқылы табыс тауып, дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білуге баулыдым, – дейді ағамыз.

Айтпақшы, кезінде педиатр, терапевт, гинеколог, хирург секілді қарайған дәрігері болған Аңқатының ауруханасында бүгіндері бірде-бір дәрігер жоқ, фельдшер ғана бар екен. «Ауылымызға жоғары білімді дәрігер келсе, үй салып берер едім» дейді «Айсұлу» шаруа қожалығының басшысы М. Зайнуллин. Айтқан сөзін желге ұшырмайтын, жерге тастамайтын азаматтың әлгі уәжін естір ақ желеңді абзал  жан  табылар  дейміз.

Аманкелді   КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

еңбек   ардагері, 1992-2009   жылдардағы  Аңқаты  ауылдық округінің  әкімі, 

Теректі ауданының  құрметті  азаматы:

– Өткен ғасырдың соңын ала КСРО ыдыраған, бір жүйеден екінші жүйеге көшкен өтпелі кезең, өліара шақ халыққа да, билікке де оңай болған жоқ. Қоғамдағы кілт бұрылыс, күрт өзгерістер, әсіресе, әлеуметтік салаға ауыр тиді. Мектеп, мәдениет үйі, аурухана сықылды мекемелерде  штат қысқарды. Елдің ішін  жұмыссыздық жайлады. Әлгіндей әлеуметтік нысандарды қажет кезде үнемі қолдайтын бұрынғыдай гүрілдеп-дүрілдеп тұрған совхоз жоқ. Сонда да Мағауия Ғарифоллаұлы ауыл-аймағына қарасудың ретін тапты. 1000 оқушыға есептелген орта мектептің жылу жүйесі істен шыққанда кеңшардың 150 кісілік жатақханасын мектепке беріп, балаларды үш ауысыммен оқытып амалдадық. Балабақша мен аурухана жабылды. Бірақ бертін келе, ел ес жиып, етек жаба бастаған кезеңде әрі шаруашылық басшысы, әрі Теректі аудандық  мәслихатының депутаты ретінде Мағауия Зайнуллин балабақша мен мектеп-интернаттың, мәдениет үйі мен аурухананың күрделі жөндеуден өтуіне, сондай-ақ 13 шақырым жерден Аңқатыға су құбырының тартылуына  ұйытқы болды. Тіпті сонау қиын жылдары жекенің малын бағатын бақташының мінер аты мен жеке малының жем-шөбіне дейін шешіп берді. Осының өзі ол кезде үлкен көмек еді. Тек бақташы емес, тұрмысы төмен, кіріс-табысы аз жанұялардың отын-суы мен қорадағы малының жем-шөбіне дейін сол жылдары шаруашылық арқылы реттелді. Сол бір қиын жылдары біздің округте тұратын соғыс және тыл ардагерлері Мағауиядай азаматтың аялы қамқорлығын ұдайы көрді, сезінді. Әлеуметтік қолдау-көмекке мұқтаж отбасыларға Мәкең әлі күнге дейін қарайласып келеді. 1997-98 жылдары ұн тартатын диірмен, наубайхана, макарон цехын, шұжық цехын ашып, біздің ауыл-аймақта кәсіпкерліктің іргетасын қалап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болды. Совхоздың асханасын Мерген Өтегенов, универмагты Бижан Нұрғалиев деген жергілікті жігіттерге жалдау ақысынсыз тегін беріп, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтті.

Мағауия Ғарифоллаұлының  және бір азаматтығы, ол шеттен кісі әкелген жоқ. Жанболат Айғалиев, Медеу Ахметов, Сырымбек Өтешев, Сағындық Шошақов, Рахым Арыстанов сынды бас мамандардың бәрі  де  осы  Аңқатының  жігіттері.

Бірін айтып, біріне кетті демеңіз, Мағауия Зайнуллиннің Аңқатының ауыл-аймағына жасаған жақсылығы мол  және  әлі  де  жасап  келеді.

Самат   ШӘРІПОВ,

«Айсұлу»  шаруа  қожалығының  токарі:

– Сыйақыны қоса есептегенде, ай сайын 100 мың теңге табыс табамын. Зайыбым мектепте мұғалім. Екеуміздің де тұрақты жұмысымыз бар, тұрмысымыз жақсы. Жеке малымның  жем-шөбін түсіріп алуға қожалық көмектеседі. Сондай-ақ қожалық басшылығы жалпы ауылға да үнемі қарайласып тұрады. Мысалы, кейбір ауылдарда қыста жол аршылмай, жергілікті халық қатынастың, жолдың азабын шегіп, зардабын тартып жатады ғой. Шүкір, біз ондай  қиындықтан  адамыз.

Бауыржан  САЛЫҚҰЛЫ,

Теректі  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар