8.06.2018, 22:47
Қараулар: 121
Мектеп бітіру кеші қанша тұрады?

Мектеп бітіру кеші қанша тұрады?

Әрбір  ата-ана  үшін  күні  кеше  ғана  құлдыраңдап  жүрген құлыншағының  ержетіп,  бойжеткен  сәтін  көрудің  өзі  бір  бақыт. «Ұл-қызым  қатарынан  қалып,  сағы  сынбаса  екен»  дегенді  мұрат  тұтқан  ата-ана   перзенті  үшін  отқа  да,  суға  да  түсуге  даяр.  Соңғы  кездері  сән-салтанатымен  өтетін  мектеп  бітіру кештері  үшін  де  ата-ана баласы  үшін  қарызданып,  қауғаланып болса  да   бар  жиғанын  ортаға  салады.

Біздің жүргізген шағын зерттеулеріміз бойынша мектеп бітіру кештеріне ақша жинау  қаламыздың  мек-тептерінде әр оқушыдан кемі  25-30  мың теңгеден басталса, Алматы қаласындағы кей мектепте 100 мыңнан жинап жатқаны туралы ақпарат алдық. Әрбір сыныпта аз дегенде 25 бала бар. Бір білім ошағынан екі 11-сынып мектеп бітіреді делік. Орташа есеппен әр оқушыдан 30 мың теңгеден қаражат жинағанда 1 500 000 ақша жиналады екен. Бұл қаражат мектеп бітіру кешінің дастарқаны, фото, видео, асаба, мұғалімдерге гүл алуға жұмсалады. Қаламыздың қарапайым орта мектептеріндегі бір сыныпта коттеджде, көп қабатты үйде, жатақханада тұратын немесе пәтер жалдап, болмаса саяжайды пана тұтқан балалар міндетті түрде болады.

Алайда көп жағдайда әлеуметтік әркелкілік ескерілмейді. Соңғы мәліметтер бойынша ватсаптан ата-аналар чаты ашылып, жиналыстар басталады. «Баламның табанына кірген шөңге, маңдайыма қадалсын» дейтін ата-ананың басым бөлігі үнсіз келісіп, кейбірі қарыздана бастайды. Одан бөлек, ұл мен қыздың салтанатты кешке киетін киімі, әшекейлері, сұлулық салондарына жұмсалатын қаражат та қомақты. Өздері үшін ерекше есте қаларлық  кеште әрбір мектеп бітіруші айрықша көрінгісі келеді. Қыздардың басым бөлігі ательеге өз қалауынша әдемі ханшайым көйлегіне тапсырыс берсе, енді бірі үлкен сауда үйлерінен қомақты қаржыға сатып алғанды жөн көреді. Қыздардың көйлегі 25 мыңнан басталып, 150-200 мыңға дейін барады. Жыл сайын Абай алаңында өтетін салтанатты шарада мектеп бітіруші қыздардың 250-300 мыңға көйлек алатындығын естіп жүрміз. Ал ханшайым киетін туфлилердің бағасы  15 мың теңгеден басталады.

Өткен жылы мектеп бітірген студент Дананың айтуынша, мектеп бітіру кешіне қымбат көйлек, қымбат туфли алу, сұлулық салондарына он мыңдаған ақша жұмсау  дұрыс  емес.

– Өйткені мектеп бітіруші бірінші кезекте өз болашағын ойлауы тиіс. Ол мектеп бітірген бойда өзі армандаған оқу орнына түсе алмаған жағдайда, ақылы оқуға түсуге мәжбүр болады. Сондықтан бір-ақ күнде өтіп кететін салтанатты кешке жұмсалатын жүз мыңдаған ақшаны білім алуға бағыттаған жөн деп ойлаймын. Былтырғы мектеп бітіру кешінде бір емес бірнеше көйлек киіп шыққан қыздар болды. Кейбір қыздар алаңдағы шараға бір көйлек, мектептегі отырысқа бір көйлек, таң қарсылауға тағы бір көйлек киіп жатты. Мен бір көйлек кидім. Оның өзі онша қымбат емес. Ең бастысы, өзіме ыңғайлы. Бетімді әрлеуге, шашымды сәндеуге  де барғым келген жоқ. Тек анам: «Бәрі күшті болып тұрғанда….» дегесін, амалсыз бардым. Негізі түлектердің көпшілігі мектеп бітіру кешінен гөрі ҰБТ-ға алаңдайды. Кейде осындай кештер кейбір ата-аналар үшін ғана қажет сияқты көрінеді. Мектеп бітірер сәтте әр түлек кішігірім күйзелісті бастан кешіреді. Бізде жан-жақтан қысым көп. Қарапайым ғана алаңда болатын салтанатты шараға дайындыққа қаншама уақыт кетеді. Өйткені ұйымдастырушы мұғалімдер айтқан жолмен жүру керексің, бір қадам алға немесе артқа артық басуға болмайды. Бейнебір сапта жүрген сарбаз секілдісің. Осындай ұсақ-түйек жайттар, ызғарлы қабақ, зәрлі дауыс өзгелерді қайдам, өзіме қатты әсер еткені есімде. Менің ойымша, миллиондап жиналған ақшаны бір күндік ішіп-жемге жұмсағанша, емделуге қаражат таппай жатқан сәбилердің есепшотына жіберсе, әрбір түлек сауапты іске атсалысқан болар еді, – дейді Дана.

Қала тұрғыны Гүлнұр сіңлісінің көйлегіне 50 мың теңгеге тапсырыс беріп келіпті. Шаш үлгісі мен бет әрлеуге 15 мың шығады деп жоспарлаған. Туфлиі 15-20 мың.

– Сіңлімнің көңіл күйі бірқалыпты. Аздап уайым бар. Қыста тестті көп ойлап, ауырып қалды.

Мектепте қанша теңгеден жинап жатқанын анық білмеймін. Киімдерінің өзі біразға барайын деп тұр. Оған қоса, әрбір тест сайын 500 теңгеден  ақша жинайды. Тест кітаптарын сатып алады. Қысқасы, ата-анасынан аптасына 2500-3000 теңге сұрайды. Өзі тест оқып, шаршағанын да жасырмайды, – дейді Гүлнұр.

Замандасымыз Талғаттың ұлы да қаламыздағы орта мектептердің бірін бітіріп жатыр. Ол ұлының киім-кешегіне 60 мың теңге жұмсағанын айтты. Одан бөлек,  мектепке  35 мың теңге берген.

– Апта сайын өтетін тестке, тестілеу кітаптарына 2000-2500 теңгедей ақша алады. Сонда ер баланың өзінің мектеп бітіруіне орта есеппен 100 мың теңгеден  астам қаражат керек болып тұр ғой,  – дейді ол.

Қазір ата-аналардың басым бөлігі мектеп бітіру кештерінің үйлену тойымен бірдей боп бара жатқанына алаңдаулы. Байқағанымыздай, ер баланың мектеп бітіруіне орта есеппен 100-150 мың, қыз балаға 150-200 мың теңге көлемінде қаражат керек екен. Ал мектеп қабырғасында әр баладан жиналатын 35 мыңның  өзі кейбір ата-ананың бір айлық жалақысы болуы бек мүмкін. Тағы бір көз жеткізгеніміз, осы мезгілде гүл саудасы қыза түседі.  Ал кәсіби  фотограф, асаба,  видеооператорлардың бағасы аспандап кетеді екен.

Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша, мектеп бітіру кештерін көңіл көтеретін, ойын-сауық орындарында өткізуге және мектеп әкімшілігі мен педагог қызметкерлерге сыйлық алу үшін білім алушылар мен олардың ата-аналарынан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынады. Алайда қазіргі күнде біз қаласақ та, қаламасақ  та әр мектептің қабырғасында ақша жиналып жатқаны шындық.  Өкініштісі, ата-аналар жинайтын ақша көлемінің жыл сайын ұлғайып бара жатқаны… Біреудің тойып, біреудің тоңып секіретіні жанға батады. Сіз не дейсіз, оқырман?

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар