8.06.2018, 22:18
Қараулар: 126
Мұғалім мәртебесі артса, ел мерейі асқақтайды

Мұғалім мәртебесі артса, ел мерейі асқақтайды

«Рухани  жаңғыру»  білімнің  салтанат құруына  да  бағытталған бағдарлама  екені  белгілі. Қазір  республикамыздағы  білім  жүйесі пассионарлық  дүмпудің  жаңа  жолына  түсуде.  Бұл  істе  мұғалімнің  де  иығына  артылар  жүк  ауыр. Соған орай  елімізде, соның ішінде  облысымызда  мұғалімді  әлеуетті  мамандыққа, қоғамның  қадірлі  мүшесіне  айналдыру  үшін қажетті  іс-шаралар біртіндеп  қолға  алынуда. Педагогтарды  қолдау  шарасы  Бөрлі ауданында  да  сәтті  жүзеге  асуда.

«100  ұстаз»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық білім бөлімі іске асырып жатқан жобаның бірі дәл осылай аталады. Аудандағы мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатындағы аталмыш жоба бойынша жергілікті «Қарашығанақ» телеарнасы арқылы үздік педагогтар насихатталып жатыр.

– Қоғамда мұғалім беделінің төмендеп кеткені жаныма батып жүретін. Педагогикалық бағыттағы мамандықтарға бұрынғыдай мектептің үздік түлектері емес, сабақты нашарлау оқығандар баратыны да көңіліме кірбің ұялататын. Тіпті физика-математика сынды факультеттерге түскісі келетін жастардың азаюы, соның салдарынан мектептерде пән мұғалімдерінің жетіспеуі де ойландырмай қоймайды. Осынау мәселені жоғары жаққа айтып қана қоймай, біз өз тарапымыздан не істей аламыз деген ой да мазалайтын. Ақылдаса келе, «100 ұстаз» жобасын қолға алдық.

Соған орай аудан әкімдігінің келісімімен білім бөлімі өз бюджетіндегі үнемделген қаржы есебінен 3 млн. теңге бөлетін болып, телеарнамен келісімшартқа отырдық, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Орынбасар Төлемісов.

Сәуір айында басталған жобаға шәкірттері, не өздері түрлі жетістікке жеткен 100 мұғалім қатысуда. Үш минуттық эфир уақытында сол жетістікке жетуіне үлестерін қосқан мектеп басшылығы, әдістемелік кабинет мамандары туралы да айтылады. Сөйтіп, жыл соңына дейін 100 мұғалім насихатталады. Жоба аяқталғаннан кейін телеарна арнайы бейнеальбом дайындап береді. Осылайша «Бөрлі ауданының 100 ұстазының тарихы» жасақталмақшы.

Орынбасар Төлегенұлының айтуынша, негізі ауданда 1637 мұғалім бар. Олардың көпшілігі мұндай жобаға қатысуға лайық. Бірақ бәрін бірдей телевидениеге шығаруға мүмкіндік жоқ. Соған орай қалған мұғалімдер басқа жобаларға тартылмақшы. Мәселен, енді «100 ұстаздың» кітап  түріндегі нұсқасын дайындау жоспарлануда. Оған тележобаға ілікпей қалғандар қатысады. Қазір аудандағы әр мектепте соған іріктеу жүріп жатыр. Бұйыртса, бұл жоба келесі  жылы  қолға  алынбақшы.

Педагогтарды  қолдаған ұтылмайды

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен елімізде «Үздік педагог» байқауы өткізіліп жүргені белгілі. Шығармашыл педагогтарды анықтау, олардың кәсіби шеберліктерін арттыруға қолдау көрсетуді мақсат тұтатын бұл республикалық байқаудың аудандық кезеңі биыл Бөрліде де ерекше ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұстаз – өзгерістер елшісі» жобасы аясында өткен сайыстың бас жүлдесіне 100 мың теңге, 1-орынға 50 мың теңге, 2-орынға 30 мың теңге, 3-орынға 20 мың теңге тігілді. Сол себепті бұл білім бәсекесі тартысты болды. Оған республикалық, облыстық олимпиадаларда оқушылары жүлделі орын алып жүрген мұғалімдер, өздерінің шығармашылық еңбектерімен жетістікке жеткен балабақша тәрбиешілері қатысты. Сайыстың алғашқы кезеңінде 23 педагог бақ сынап, оның 12-сі келесі кезеңге өтті.

– Нәтижесінде түрлі жетістіктерге қол жеткізген, жаңа білімді меңгеру қабілетінің жоғары, өзгерістерге үнемі бейім екендігін дәлелдеген, педагогтық ситуациялық сұрақтарға ұтымды жауап берген аудан орталығындағы №5 мектептің физика пәнінің мұғалімі Ләззат Ақашева бас жүлдені алды. Көпшілік оның испандық «Кармен» биін әдемі орындап шыққанына да тәнті болды. Өнер демекші, Ақсай қалалық №5 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлдана Мақсотованы біз актерлік қырынан таныдық. Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» өлеңін оқығанда жиналған жұртшылықпен бірге біз де ХІХ ғасырға тап болғандай сезіндік.

Өйткені, сахнаның безіндірілуі, мұғалімнің өлеңдегі бас кейіпкердің образына еніп, өлеңді шын ықыласпен оқуы сол кезге жетелемей қоймайды. Ол 1-орынға лайық деп танылды. Ақсайдағы №4 «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі Гүлсая Жұмашеваның да өлеңді әдемі оқитынына куә болдық. Мұхтар Шахановтың «Қасымды қабылдамаған адам хақында» өлеңін оқыған кезде бойымызда тас бауыр, даңғой адамдарға деген жиіркеніш сезімі көрініс берді. Жас өнерпаз әріптесімізге 3-орын бұйырды. Ал 2-орын алған №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Есмағұлова мұғалім-оқушы-ата-ана байланысын ерекше бейнелеумен есте қалды. Таяуда Оралда өткен аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде Ләззат Ақашева ауданымыздың намысын абыроймен қорғап келді. Тамыз айында шығатын байқау қорытындысында жүлделі орындардың бірінен көрінеміз бе деген үмітіміз жоқ емес. Аудандық байқауға қатысқан он шақты педагогымызды түрлі аталымдар бойынша марапаттадық. Жалпы, мұндай байқаулар, мұғалімдерді марапаттау шаралары оларға тың күш, жұмысқа деген талпыныс беретіні белгілі. Сол себепті қолдан келгенше педагогтарымызға қарасып тұрамыз. Мәселен, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай педагогтарға да, техникалық құрамдағы қызметкерлерге де сыйақы берген облыс көлеміндегі бірден-бір аудан болып табыламыз. Еңбекақылары 30 мың теңгені құрайтын техникалық құрам қызметкерлері үшін сыйақы ретінде берілген 20 мың теңгенің өзі аз да болса көмек екені анық. Қысқа жіп күрмеуге келмей, қиналып жүргендер сапалы жұмыс істей алмайтындары белгілі. Соған орай оларды қолдау шаралары назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Жалпы, педагогтардың еңбекақысын өсіріп, әлеуметтік жағдайларын оңалту шараларын алғаннан мемлекет ұтылмайды. Қолдау күшейсе, мұғалімдікке бет алушы буынның қатары артады ғой. Білім саласындағы кадр жетіспеушілігі де тыйылады. Ең бастысы, рухани тұрғыдан жаңғырудың түпкі  мақсатын өзі де  жете біліп, өзгеге де  түсіндіре  алатын әріптестеріміздің қатары көбейер еді. Қорыта  айтқанда, мұғалім мәртебесі артатын күн де қашық емес деп ойлаймын, – дейді Орынбасар  Төлегенұлы.

 

Амангелді БИЖАНОВ,

Ақсай қаласының тұрғыны:

– Биыл – біз үшін ерекше жыл. Мұғалім болып қызмет атқаратын зайыбым Ләззат Ақашева Бөрлі ауданының «Үздік педагогы» атанды. Облыстық байқауға қатысты. Таяуда оны жергілікті телеарнадағы «100 ұстаз» хабарынан көрсеткен соң, туысқандарымыз, достарымыз хабарласып, құттықтап жатты. Біз де қуанып қалдық. Жалпы, ауданымызда ұстаз мәртебесін көтеру үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мұғалімдерді насихаттау, олардың еңбегін бағалау мақсатындағы іс-шаралар үшін аудандық білім бөліміне отбасымның атынан үлкен алғысымды айтамын. Барша ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, отбасыларына  амандық  тілеймін!

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар