Үйдің іргесіндегі дүбір

Күні , 66 рет оқылды

Футболдан Ресейде жалауын көтеретін ХХІ әлем чемпионатының басталуына бар болғаны бес-ақ күн қалды.   Жанкүйер жазғанның түн ұйқысын төрт бөлетін дүниежүзілік доп-дода көрші елде 14 маусым — 15 шілде аралығында өтеді. Төрт жылда бір айналып келетін бұл байрақты бәсеке Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Нижний Новгород, Ростов, Самара,  Саранск және Сочи сықылды 11 қаласында өтеді. 32 мемлекеттің ұлттық құрамасы қатысатын бұл чемпионат 14 маусым күні Мәскеудің атақты «Лужники» стадионында Ресей мен Сауд Арабиясы құрамаларының арасындағы ойынмен басталады.

Аяқдоптан әлем чемпионатына қатысу бойынша рекорд Бразилияға тиесілі. Бұл елдің құрамасы бұған дейін өткен 20 әлем чемпионатына түгел  қатысқан жалғыз команда. Ал іріктеу кезеңіндегі шешуші ойында Коста-Рика құрамасын жеңіп, соңғы 32-ші жолдамаға ие болған Панама және өз тобында ең көп ұпай жинап, әлем чемпионатына тікелей жолдама алған Исландия құрамалары аяқдоптың аламанына алғаш рет қатыспақ. Айтпақшы, Панама құрамасы ала доптың осы аламанындағы ең сақа команда саналады. Төрткүл дүние түгел көз тігетін мундиальдың топтық кезеңі 28 маусымда тәмамдалып, финалдық ойын 15 шілде күні өтуі тиіс.

Нидерланд, Уэльс, АҚШ, Чили, Словакия, Украина құрамалары әлем чемпионатынан шет қалды. Бұл Арьен Роббен, Гарет Бейл, Клинт Демпси, Алексис Санчес, Андрей Ярмоленко сынды саңлақ футболшылардың өнерін алдағы аламанда көре алмаймыз деген сөз. Есесіне жанкүйерлер Неймар, Месси, Роналду, Азар, Коутиньо, Жезус, Алли, Кейн, Вернер, Хуммельс, Кроос, Чичарито, Лукаку, Решфорд, Стерлинг, Уокер секілді көптеген аяқдоп шеберлерінің өнерін тамашалай алады.

Футболдың бұл жолғы көкпарынан Түркия, яғни түрік бауырларымыз да шет қалды. Мұны азсынсаңыз, бұрын КСРО құрамында болған елдерден Ресейден басқа бірде-бір мемлекеттің құрамасы іріктеу кезеңінен өтпегендіктен орман-орыстың еліндегі бүкіләлемдік бәсекеге қатыспайды.

Қазір Ресей тарапы «Футболшылар жасыл алаңда жан алысып, жан берісетін жаһандық жарысқа тас-түйін дайынбыз!» жер-жиһанға жар салуда. Әлем чемпионатында жеңіске жеткен құрамаға табысталатын ФИФА-ның Алтын кубогы Мәскеуге жеткізілді. Сегіз ай бойы жер жүзін шарлаған таза алтыннан құйылған кубоктың салмағы 6 келіден асады. Бұл аса құнды кубок жеңіске жеткен командаға басыбайлы берілмейді, тек уақытша табысталады. Себебі, ФИФА-ның ережесі бойынша, бұл Кубок үнемі осы ұйымның меншігіндегі дүние.

Ретті жерінде айта кетелік, Ресейде өтетін футболдан Әлем чемпионатының Қазақстан аумағындағы ресми хабар таратушылары – «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары.

Жуырда әйгілі футбол патшасы Пеле әні-міні басталатын әлем чемпионатында өз отандастарын, яки Бразилия құрамасын әлем тәжіне лайық деп санайтындығын мәлімдеді. Алайда футбол королі сүйдеді екен деп, өзге елдің аяқдопшылары Пеленің отандастарының алдында қоғадай жапырылмасы кәміл.

Осы чемпионатқа қатысты іріктеу кезеңін өте сүреңсіз өткізгендіктен Қазақстанның бас командасы әрине, өзімізбен 7 мың шақырымнан астам ортақ шекарасы бар Ресейдегі «қанмайданға» қатыс алмайды. Дүниежүзілік доп-дода бұған дейін бірде-бір рет біздің елмен шекаралас мемлекетте өткен емес. Үйіңнің іргесіндегі өтетін аламан бәйгенің дүбірін естіп тұрып, ат қоса алмайтының қандай жаман! Сөйте тұра Отанымыздың ұлттық құрамасы соңғы кездері өрнекті ойын көрсете бастады. Мәселен, осы аптадағы   жолдастық кездесуде Қазақстанның негізгі командасы Әзербайжанның құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Кім білсін, аяқдоптың келесі аламанына біздің жігіттер де қатысып, бәлкім, жасыл алаңда атой салар…

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

 «Орал өңірі»

«ӘЧ-2018» ерекшеліктері:

Ресей – мундиальді қабылдайтын он сегізінші ел. Бұған дейін тек Мексика, Франция, Италия, Бразилия, Германия екі рет әлем чемпионатын қабылдады. 2002 жылы әлем чемпионаты екі елде – Оңтүстік  Корея мен Жапонияда өтті.

Перу – 36 жыл үзілістен кейін (соңғы рет 1982 жылы қатысты), Египет – 28 жылдан кейін (1990), Марокко – 20 жылдан кейін (1998), Сауд Арабиясы 12 жылдан кейін (2006) әлем чемпионатына қатысады.

Биылғы додаға әлем чемпионы атанған құрамалар ішінен Италия ғана қатыса алмайды. Италиялықтар 1958 жылдан кейін араға 60 жыл салып мундиаль жолдамасынан тыс қалды. Басқа чемпиондар – Уругвай, Бразилия, Германия, Англия, Аргентина, Франция, Испания құрамалары дода көрігін қыздырады.

Бразилия – барлық әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келе жатқан жалғыз құрама.

Ресейдегі додада тұңғыш рет бейнеқайталау пайдаланылады.

Жаңа талап бойынша, әлем чемпионаты кезінде қарсыласын нәсілдік тұрғыда жәбірлеген немесе шыдамдылық танытпаған оқиға болып жатса, төреші ойынды тоқтата тұруға, тіпті мүлде өткізбеуге де құқылы.

Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының бойтұмары (талисман) «Забивака» атты қасқыр болды. Оны дизайнер студент Екатерина Бочарова жасап шығарды. Бойтұмар бүкілресейлік дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. Төрт жылда бір рет өтетін доданың басты бойтұмарын таңдауға қасқыр, Амур жолбарысы мен мысық ұсынылған еді. Дауыс беру барысында ресейліктер қасқырды таңдады. Дауыс берушілердің 52,8%-ы «Забивака» қасқырын лайықты деп таныған. Амур жолбарысы 26,8 %, мысық 20,4 % дауыс жинаған.

Америкалық әнші Джейсон Дерулоның Colors  атты композициясы  әлем чемпионатының ресми гимні болып танылды.

Биылғы додада Бразилия топ жаратын болса, әлем чемпионы атағын 6-рет иеленеді. Ал Германия чемпион атағын сақтап қалса, Бразилияны қуып жетпек (5 рет).

«A Bola» басылымының мәліметі бойынша, футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіндегі барлық сегіз топта «Барселона» командасының футболшылары бар. Мұндай дерек бұрын-соңды әлем чемпионаты тарихында болмаған. Биыл бірінші рет футбол жанкүйерлері осындай қызықты фактіге куә болып отыр.

Жарыстың басты символының бірі доп екені жасырын емес. Ресейдегі әлем чемпионатының ресми добы «Telstar 2018» деп аталады. Допты «Adidas» фирмасы жасаған. Ерекше үлгідегі доп алты панель мен жапсарсыз үйлесім негізінде жасалған. 1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатының добы да «Telstar» деп аталған екен. Доптың тестілеу сынақтарына Аргентина, Колумбия және Мексика құрамалары мен «Манчестер Юнайтед», «Ювентус», «Реал» және «Аякс» клубтарының ойыншылары қатысқан. Ал допты Лионель Месси таныстырған болатын.

ФИФА әлем чемпионатының сыйақы қорын молайтты. Енді чемпион құрама 50 млн АҚШ долларын иеленеді. 2014 жылғы чемпион 35 млн доллар алған еді. Биыл чемпионатқа қатысатын 32 құрамаға 582 млн доллар сыйақы бөлінген. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 476 млн еді.

Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыруға 20 млрд долларға жуық ақша жұмсалды. Бұл 2014 жылы Бразилияда өткен мундиальдің шығынымен шамалас.

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) мәліметінше, әлем чемпионатының билеттерінің басым бөлігін ресейлік футбол жанкүйерлері (46,9%) сатып алған. Одан кейін АҚШ (80 161), Бразилия (65 863), Колумбия (60 199), Германия (55 136), Мексика (51 736), Аргентина (44 882), Перу (38 544), Қытай (36 841), Австралия (34 628) және Англия (30 711) елдерінің жанкүйерлері тұр. Еске сала кетейік, билет сатып алу бойынша ондыққа кірген АҚШ, Қытай елдері бұл әлем чемпионатына қатыспайды.

2018 жылдың 25 мамыр-25 шілде аралығында Ресейде әлем чемпионатының финалдық кезеңдері өтетін 11 қалада шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін арнайы тіркеу ережесі енгізілді. Шетел азаматтары көрсетілген қалаларға келген күннен бастап үш күннің ішінде РФ Ішкі істер министрлігінің тиісті аумақтық органдарына немесе Мемлекеттік және муниципалдық қызмет көрсету көпфункционалды орталыққа тіркеуге өтініш беруі қажет. Тіркеу мерзімі Ресей Федерациясына келген күннен бастап емес жоғарыда аталған қалаларға келу күнінен бастап есептеледі. Ресейдің қалған аумағы бұрынғы режим бойынша жұмыс істейді – ҚР азаматтары үшін 30 күнге дейін тіркеусіз бола алады.

Мәліметтер ғаламтордан алынды


Тегтер: , , , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика