8.06.2018, 19:48
Қараулар: 82
«Береке бар жерге бақыт ұялайды»

«Береке бар жерге бақыт ұялайды»

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің аудандарды аралап, жоспарлы жұмыстардың жүргізілу барысымен танысу сапары кеше Жаңақала ауданында жалғасты.

Облыс әкімі алдымен аудан орталығында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылысы алаңына келіп, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Биылғы жылы да аудан бойынша атқарылып жатқан құрылыс көлемі ауқымды еді. Соның бірі де бірегейі – халық сұранысы бойынша облыс басшылығының қолдауымен жүзеге асып жатқан Жаңақала топтық су құбыры құрылысы болатын. Былтыр тамыз айында басталған құрылыс биыл жыл соңында пайдалануға берілуі тиіс. Облыс басшысының тікелей қадағалауында тұрған құрылыс қарқынды жүргізіліп келеді. Ұзындығы 145,69 шақырым болатын су құбырын, оның қажетті нысандарын салу, әрине, жеңіл жұмыс емес. Осы су құбыры арқылы ауданның сегіз елді мекенін, онда тұратын 17 мыңға жуық адамды таза ауыз сумен қамтуды көздеген құрылыстың бүгінгі жай-күйімен танысқан әкім мердігерлерге жұмыс сапасын кемітпеуді тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі А. Көлгінов тұрғындармен бірге аудандағы жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй құрылыстары, жолдар мен спорт алаңдары, суармалы көлтабандардың арықтары мен су қақпаларын жөндеу жұмыстары туралы мамандардың хабарламаларын тыңдады. Мұнан кейін кездесуге жиналған тұрғындармен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында пікір алысты.

– Ең өзекті мәселе – халықты таза ауыз сумен қамту. Таза ауыз су адамдардың денсаулығын сақтау үшін қажет. Елбасы тапсырмасы бойынша облыста бұл жұмыс жоспарлы жүріп жатыр. Мақсатымыз – адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, – деген Алтай Сейдірұлы  аудан әкіміне үнемделген қаржыдан жол жөндейтін қуатты техника алуды тапсырып, тұрғындарға мал басын көбейту керектігін айтты.

Мал өнімдерін өткізудегі қиындықтарды айтқан ардагерлер сауалына орай бұл бағытта облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарды әңгімелеп берді.

– Кәсіпкерлікті дамыта түсіңіздер. Өз күнімді өзім көремін деген адамға ешкім кедергі жасамайды. Біздің міндетіміз – істеймін деген адамға жағдай жасау, – деп қорытты облыс әкімі бұл жердегі кездесуді.

– Облыста атқарылып жатқан жұмыстарға қанықпыз және ризамыз. Жақында жұмыс сапарымен өңірімізге келген Елбасы біздің облысты экологиялық таза аймақ деп атады. Енді жемқорлықтан таза облыс атануымызға тілекшіміз, – деген аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Шайдолла Абуғали аудан жұртшылығы атынан атқарылған игі істер үшін алғыс білдірді.

Облыс әкімі мұнан кейін аудан орталығында салынып жатқан жобалық құны 220458,58 мың теңге болатын үш қабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй құрылысын көріп, өз қолымен қабырғасына кірпіш қалап, құрылыстың ел игілігіне айналуына тілек білдірді.

Сондай-ақ облыс әкімі аудан тұрғыны Батырбек Бердіғалиевтің жеке кәсіпкерлік нысанына ат басын тіреп, мұнда аудан кәсіпкерлерімен, жастар өкілдерімен кездесті.

Кәсіпкерлермен әңгіме үстінде облыс әкімі:

– Елбасының бес әлеуметтік бастамасының біреуі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қайтарымсыз демеу қаржыны көбейту. Облыс бойынша субсидия өткен жылғыдан биыл екі есе көбейді, – деп кәсіпкерлікке мемлекеттік қамқорлық жайын сөз етті.

Жастар өкілдерімен өрбіген әңгімеде «Жасыл ел» бағдарламасының аудандағы барысын тыңдап, белсенді жастар ісіне ризашылық білдірді. Жастарға жасалып жатқан қамқорлық жұмыстарына тоқталды.

– Біреу үшін емес, өзіміз үшін істейміз, – деген Алтай Көлгінов салынып жатқан құрылыс нысаны ішіне ұя салған қарлығаштарды да назарынан тыс қалдырмай, жақсылық белгісіне балады.

Сөйтіп, уақытының қауырттығына қарамай халық өкілдерімен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі аудан басшыларына нақты тапсырмалар беріп, береке бар жерде бақыт ұялайтынын, аталған үлкен құрылыстар біткенде арнайы келіп, ел қуанышын бірге бөлісетінін айтып, ауданнан аттанып кетті.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы