8.06.2018, 19:25
Қараулар: 60
Ұл-қызыңызды виртуалды тәуелділіктен сақтаңыз!

Ұл-қызыңызды виртуалды тәуелділіктен сақтаңыз!

Психологиялық кеңес

Міне, кезекті оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталды. Жазғы демалысты күрделі мектеп бағдарламасынан қажыған оқушы ғана емес, тоғыз ай бойы баламен бірге «сабақ оқып», жүйкесі әбден жұқарған ата-ананың да, мұғалімдер қауымының да тағатсыздана күткені жасырын емес. Үш ай жазды есте қаларлықтай қызықты да әсерлі өткізу – әр баланың арманы. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл 83 мыңнан астам батысқазақстандық оқушы жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтылмақ. Биыл өңірде түрлі бағыттағы 620 лагерь оқушыларды қабылдайды. Олардың басым бөлігін мектеп жанындағы лагерьлер құрайды. Әсем табиғат аясында орналасқан «Еуразия», «Атамекен», «Самал», «Қайсар» туристік-сауықтыру кешендері жас өрендердің жаңа достар тауып, алаңсыз тынығуы және бос уақытын пайдалы іске жұмсап, шығармашылығын шыңдауы үшін таптырмас орын. Бастысы, ата-ананың қалтасы көтерсе болғаны. Өйткені аталмыш лагерьлердегі он күндік демалыстың құны – шамамен 30-42 мың теңге, аудандардағы баға әлдеқайда арзанырақ.

Ауылдағы ағайынды айтпағанның өзінде оралдықтардың біразының баланы ақылы лагерьге беруге жағдайы жоқ. Айлығы шайлығына әзер жетіп, бар тапқанын несие жұтып отырған ортанқол отбасы баласын лагерьге бергісі-ақ келгенімен, «арық атқа, қамшы ауыр» дегендей, «келер жылы бір ыңғайы шығар» деген үмітпен жазғы демалысты ұйымдастыруды кейінге ысыра береді. Осылайша, жаз бойы өз еркі өзіне тиген бала уақытының басым бөлігін теледидар мен гаджеттің алдында өткізеді. Жұмысбасты ата-ананың бауыр еті баласының көгілдір экран мен ғаламтордан не көріп отырғанын қадағалауға мұршасы бола бермейді. Басты қауіп те – осы.  Өйткені жаһандық шырмауық тек ақпараттың көзі мен байланыс құралы ғана емес, қауіп-қатердің де қыз-қыз қайнаған қазаны. Жасөспірімдер порнографиясы, суицид, нашақорлық, ксенофобия, экстремизм мен террорлық әрекеттерді насихаттау – ғаламтор төндіретін қауіптің толық тізімі емес. Ересектерді былай қойғанда, мектеп жасындағы балғындардың арасында ғаламторға тәуелділіктің күн санап белең алып бара жатқаны рас.

Педагог-психолог Назгүл Наурызова күні-түні гаджеттен бір елі ажырамайтын жас баланың қызығушылығы, мінез-құлқы, өмірге көзқарасы біртіндеп өзгере бастайтынын, оның соңы қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін екенін айтады.

– Шыны керек, кейде ата-аналар ға­ламтордың баланың өміріне қаншалықты әсер ететінiне, онлайн-оз­­быр­лықтың басым екеніне зер сал­майды. Тіпті бұл кейбір ата-аналар үшін елеуге тұр­майтын ұсақ-түйек мәселе ғана. Бала түгілі, ересек адамдар ғаламторға тә­уелділіктің бар екенін білсе де, одан көз алмайды. Ал балалардың психикасы бәрін сол қалпында қабылдайты­ны белгілі. Теріс ақпарат әп-сәтте бала­ның миын жаулап алады, – дейді психолог-маман.

Соңғы жылдары жүгенсіз желіде атауын «Синий кит», «Тихий дом», «Море китов», «Разбуди меня в 4.20» деп сан құбылтқан виртуалды өлім ойынының жасөспірімдер арасында танымалдыққа ие болып, бірқатарын тіпті суицидке итермелегені белгілі. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өткен жылы облыстық прокуратура мамандары әлеуметтік желілерді тексеру барысында қауіпті ойынға шырмалған қос жасөспірімді дер кезінде анықтап, қайғылы жағдайдың алдын алған болатын.  Өлімге итермелейтін сайттар бұғатталып, Ресейде «Синий кит» ойынының «ВКонтакте» желісіндегі авторы және әкімгері Филипп Лис деген никпен танылған Филипп Будейкин сот шешімімен үш жыл төрт айға сотталып, абақтыға жабылды.

Алайда өлім ойындары мұнымен сап тыйыла қойған жоқ. Қылышпен басын алсаң, қайта жаңасы өсіп шығатын үш басты өлмес айдаһар сияқты атауын да, әдісін де өзгертіп, желіде қайта пайда болады. Бұл сөзімізге ресейлік желі қолданушыларының атышулы виртуалды «Синий кит» ойынының «Новый путь» деген жаңа атаумен қайтадан пайда болғанын жарыса жазып, бірін-бірі сақтандырып жатқаны дәлел. Ойынға арбалғандар #тыныш орман және #үкі ешқашан ұйықтамайды хэштегтерімен арқылы бірігіп, үйлестірушілердің (ойынның кураторы) құрбанына айналуда. Немесе «Жүгіріп өт немесе өлім құш» (нақты атауы «Беги или умри») деп аталатын квест жасөспірімдерді қатты жылдамдықпен жүріп келе жатқан аутокөліктің жолын кесіп өтуге үндейді. «Үлгерсең – мықтысың!» деп желіктіре түседі. Бұл жанкешті «ерлікті» телефонға суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді. Осындайда «біз ата-ана ретінде балаға жеткілікті көңіл бөліп жүрміз бе? Ғаламторға шырмалған өскелең ұрпақты бұл «дерттен» қалай арашалап қалуға болады?» деген сан сауалға тұшымды жауап таппай қиналамыз.

Тағы бір мысал. 5-12 жастағы қыздардың біразы ғаламтор арқылы «Клуб Винкс: сиқыршылар мектебі» атты мультсериалды тамашалағанды қатты ұнатады. Сүйікті кейіпкерлері – сиқыршы ханшайымдарға еліктейді. Мультфильмнің басты кейіпкері кішкентай от ханшайымына ұқсағысы келеді. Менің бес жастағы қызым да ара-тұра осы мультфильмді қарайды. Қуыршақтарымен «Мен феямын», «Мен от ханшайымымын» деп ойнап отырғанын да көзім шалған. Жақында таныс келіншек он жасар қызымен әңгімелесіп отырып, «жаға ұстатарлық» жайтты естігенін айтты. Сөйтсе, ғаламторда оң-солын әлі танып үлгермеген кішкентай қыздарды «егер от ханшайымына айналғың келсе, түнде үйдегілердің бәрі ұйықтағанда тамақ пісіретін газды ашып, қайта ұйқыға жат, оянғанда сен де от ханшайымына айналасың» деп тапсырма беретін ойын бар екенін естіп, аңтарылып қалыпты.  «Әрине, бәрі бірдей бұл әрекетті жасамауы мүмкін, алайда балалар өте сенгіш, аңғал және еліктегіш келеді емес пе? Осы күннен бастап қызымның қандай мультфильм көретінін қатаң бақылауға алатын болдым» дейді ол.

– Бесіктен белі шықпаған балаға гаджет ұстатамыз. Оның зиянды тұсы өте көп. Әлі тілі шықпаған екі жасар сәби ата-анасы отбасында қазақша сөйлесе де, тілі орысша шығады. Өйткені ғаламтордан орыс тіліндегі мультфильмдерді көп қарайды. Қазір тіпті 3-5 жастағы кішкентайлардың арасында виртуалды әлемге тәуелділік өте көп. Демек, сәбиге ата-анасының мейірімі, көңілі толыққанды жетіспейді. Егер бала теледидар немесе компьютер алдында тапжылмастан бірнеше сағат отырса, аулаға шығып, өзі құралпылас балалармен ойнауға қызығушылық танытпаса, үнемі өзінің виртуалды әлемінде қалғысы келсе, бұл оның виртуалды тәуелді екенін білдіреді. Мінез-құлқында өзгеріс пайда болады. Мәселен, ғаламторда ойын ойнауына тыйым салсаңыз, агрессия танытады. Қатты ашуланып, өкпелейді. Қалайда виртуалды әлемге енгісі келіп, өтірік айта бастайды. Сабақ оқып отырғансып, жасырын ғаламторда отыруы мүмкін.

Көпшілік ата-ана 2-5 жастағы бүлдіршінге телефон немесе планшет сатып алып береді. Бұл баланың бойында «Ата-анам менің планшеттегі ойын ойнағаныма қарсы емес» және «Өз затымды қанша уақыт қолдансам да өзім білем» деген пікір қалыптастырады. Телефонын әлде планшетін ұмытып кетсе, жанталасып іздеп, қолына алмайынша тыншымайды. «Анам сияқты, телефоным да үнемі қасымда болуы керек» деген қажеттілік пайда болады, – дейді балалар психологы.

Маманның айтуынша, виртуалды тәуелділік жасөспірім шақта бірден пайда болмайды. Оның түп-тамырын бала 3-4-сыныпта оқып жүрген кезден іздеу керек. Себебі дәл осы жаста үлкендер балаға кішкентай кезіндегідей зейін аудармайды. Қазір бастауыш сыныптың оқушылары арасында онлайн ойында жеңіске жету бәсекенің бір түріне айналған.  «Мен ол ойынды баяғыда ойнап тастағам!» деп мақтану арқылы өзінің мықты екенін аңғартқысы келеді.

– Дұрысында балаға ең алғашқы гаджетті оң мен солын айырып, жақсы мен жаманды ажырата алатын жасқа жеткенде ғана беруге болады, шамамен 7-8 жаста. Логикалық ойындар жазып беріңіз. «Сен менің өмірімдегі ең қажет, ең маңызды адамсың» дей отырып, «Ғаламторда жаман нәрселер өте көп, сондықтан сенің не көріп, не ойнайтыныңды менің білуім керек. Сенің жамандыққа ұрынғаныңды қаламаймын» деп түсіндіруді, ең бастысы, баланы аналық-әкелік мейірімге бөлеуді ұмытпағанымыз жөн, – дейді педагог-психолог Назгүл Наурызова.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар