«Жазирадағы» жол апаты

Күні , 10 951 рет оқылды

Орал қаласында «Жазира» дүкені ауданында кісі өліміне соқтырған қос бірдей жол апаты орын алды.

Жексенбі күні таңғы сағат 05.00 шамасында «Лада Приора» автокөлігі «Нефтэк» жанар-жағар май құю стансасы маңындағы бағанға өте қатты жылдамдықпен келіп, соғылған. Жантүршігерлік жол апаты салдарынан автокөлік екіге бөлініп кеткен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем 05.05-те шақыртылған. 20-25 жас шамасындағы ер адам жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін көз жұмған.

Орал қалалық көпбейінді ауруханасына екі адам жеткізілді.  Жансақтау бөлімінде жатқан 1998 жылғы жігітке ота жасалды, жағдайы ауыр, дегенмен есін жиған. 1991 жылғы ер адам жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған, денесі көгерген. Ол жарақат бөлімінде, жағдайы орташа ауыр, ота жасалмаған.

Дүйсенбі күні сол тұста, «ҚазМұнайГаз» жанар-жағар май құю стансасы маңында автокөлік велосипедті қағып кетті.

Оқиға болған жерге жедел жәрдем сағат 03.57-де шақырылып, дәрігерлер 2 минуттан кейін жеткен. Алайда жасы 35-тердегі ер адам жедел жәрдем келгенге дейін мерт болған.

Айта кетейік, бұдан бұрын 29 мамыр күні түнгі сағат 02.20-да «ВАЗ-2170» автокөлігі Оралдағы Еуразия көшесімен келе жатып, «Сити центр» сауда орталығына қарсы беттегі электр бағанына соғылған болатын. Қатты соққыдан автокөлік аударылды. 1997 жылғы жүргізуші жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оқиға орнында қаза тапты. Ол автокөлікте жалғыз болған.

Дәл сол күні сағат 09.20 шамасында «Орал-Атырау» жолының 240-шақырымында, Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында 1975 жылғы Өзбекстан азаматы «Chevrolet Orlando» көлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, «КамАЗ» жүк көлігіне соғылған. Соның салдарынан «Chevrolet Orlando» автокөлігінде отырған өзбекстандық жолаушы ауыр жарақаттан қайтыс болды.

Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқан бұл оқиғалардың бәрі де жылдамдықты шектен тыс арттырудың, жолда абай болмаудың соңы ажалға соқтыратынын көрсетеді. Әсіресе, жастар қыршынынан қиылып, қанша отбасы қара жамылып жатыр, бұл өзгелерге сабақ болса, игі.

Абай болайық, ағайын!

Арман БОЛАТҰЛЫ



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика