Жол қауіпсіздігі шаралары күшейеді

Күні , 49 рет оқылды

Кеше облыс әкімдігі, «Шелл Қазақстан» компаниясының және «Ортақ  жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының бастамасымен «Жол қауіпсіздігінің алтын ережелері» компаниясы ресми бастау алды. Аталмыш шараға орай өткен жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

– Біз талқылайтын негізгі тақырып – жол қауіпсіздігі. Аудан, облыс және республикалық бағыттардағы жолдарға шығатын жүк көліктері немесе жолаушы тасымалдаушылар, қаланың ішіндегі аутокөлік жүргізушісінің барлығы ережені дұрыс сақтайтын болса, азаматтарымыздың өміріне ешқандай қауіп туындамайды. «Шелл Қазақстан» компаниясы жол қауіпсіздігіне көңіл бөлсек деген ұсыныс айтқан болатын. Осы бастамаға «ҚПО б. в.» компаниясы қолдау білдірді. Сол үшін компанияның бас директоры Эдвин Блом мырзаға алғыс айтқым келеді. Біз де бұл бастаманы толық қолдаймыз. Облысымыз шекара аймағында және көліктік дәлізде орналасқан. Сонымен қатар тасымалдау қызметін пайдаланатын ірі өндіріс компаниялары жұмыс жасайды әрі жүк тасымалдаушылар транзиті өтеді. Қарашығанақ кен орнының өзінде жеті мыңдай адам жұмыс істейтін болса, соның айналасында қанша адам бар?! Біз, әсіресе, балаларды қоғамдық көлікпен тасымалдаушыларға ерекше назар аударуымыз керек. Жай ғана қауіпсіздік белдігін тағу, бағдаршамның қызыл жарығы жанғанда жүрмеу, тыйым салынған қарсы жолаққа шықпау, жылдамдықты асырмау секілді басқа да ережелерді сақтау –  жол полициясы қызметкерлері үшін емес, ең алдымен әр адамның жеке өзінің қауіпсіздігіне қажет. Қала берді,  жолдағы өзге адамдардың да өміріне қауіп төндірмеуі шарт, – деген Алтай Сейдірұлы облыс тұрғындарын «алтын ережелерді» бұзбауға шақырды.

«ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Эдвин Бломның айтуынша, жол қауіпсіздігі компания қызметінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Компания жергілікті қауымдастықтарға арналған көптеген қауіпсіздік бастамасын үнемі жүзеге асырып келеді. Сол бастамалардың бірі «Шелл» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Жол қауіпсіздігінің алтын ережелері» болып отыр. Жол қауіпсіздігі облыстағы ең өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, компания Ақсай және Орал қалалары тұрғындарының жол қауіпсіздігі туралы білім деңгейін көтеруге және жолдарда қауіпсіз жүру мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды бастаманы толықтай қолдап отыр. Эдвин Блом да өз кезегінде бастаманы қолдаған облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

«Шелл Қазақстан» компаниясының сыртқы байланыстар және үкіметтік құрылымдармен өзара әрекеттестік департаменті директоры Зарина Бакенованың айтуынша, аталмыш компания үшін біздің облыстың стратегиялық маңызы зор. Өйткені компания Қарашығанақ кен орнының бірлескен операторы болып табылады.

– «Шелл Қазақстан» компаниясының облыс әкімдігімен ынтымақтастығының арқасында мектеп оқушыларына бағытталған бірқатар шаралар іске асырылуда. Біз орта білім беретін мектептің 6-сынып оқушыларына арнаған үш тілде дайындалған жол қозғалысы ережелерін оқытатын жұмыс дәптерін жасақтап, оның 5 мың данасын Орал қалалық білім бөліміне табыстадық. Аталған оқу құралын Білім және ғылым министрлігі білім жүйесіне енгізетін болады, – деді Зарина Абайқызы. Сонымен қатар аталмыш компания балалардың жол үстінде жақсы көрінуін қамтамасыз ететін 10 мың дана сәуле шағылдырғыш таратып, өңірдегі бірнеше  мектепке жол қозғалысы ережелері туралы көріністер қойған.

Жол қауіпсіздігіне арнаған компаниясын ресми түрде бастаған біздің облыс «Жол қауіпсіздігінің алтын ережелері» атты әлемдік қозғалысқа қосылған еліміздегі алғашқы аймақ болып отыр. Шара соңында облыс тұрғындарының қауіпсіздігін мақсат еткен «алтын ережелерге» облыс әкімі Алтай Көлгінов пен  «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Эдвин Блом, сондай-ақ тиісті уәкілетті мекеме басшылары қол қойды.

Алтай Сейдірұлы жергілікті полиция қызметі басшылығына бұл «алтын ережелерге» барлық тасымалдаушы компания жетекшілері де қол қоюын тапсырды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика