Балалар шеруі

Күні , 86 рет оқылды

Кеше Орал қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті алаңында халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Сәлем саған, Астана!» атты балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдері мен оркестрлерінің  шеруі өтті.

Шара Елбасының «Мәңгілік ел»  жалпыұлттық идеясы аясында балалар мен жастардың музыкалық мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Шерушілер Әбілқайыр хан  даңғылы бойымен С. Датов көшесінің қиылысынан бастап ҚР Тұңғыш Президенті  алаңына дейін жүріп өтті. Шеруге 3000-ға жуық мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Олар «Шексіз балалық шақ», «Ұлы дала саздары», «Рухани жаңғыру», «Аялаған Астана», «Жаса, Қазақстан!»  секілді колонналарға бөлінген. Шеру құрамындағы жастар жиналған қауымға үрлемелі, ішекті, соқпалы халық аспаптарымен өнер көрсетсе, ұлттық костюм киген бүлдіршіндердің мың бұралған биі мерекенің көркін  қыздырды.

– Баршаңызды бүгінгі мейраммен құттықтаймын. Халықаралық балалар күніне арналған шерулер  республика бойынша өтуде. Бұл – біздің мәңгілік ел болу  мақсатындағы рухани бірлігіміздің  куәсі деп айтар едім. Адам өміріндегі ең үлкен бақыт ол – перзент сүю. Баланы өсіріп, оны саналы азамат етіп тәрбиелеу – ата-ананың басты парызы. Білімді, озат ойлы баланың болашағы жарқын болатыны белгілі. Биыл өңірімізде жаңадан бір мектеп  бой көтерсе, бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыратын  лагерьлер  де сақадай-сай.  Сондықтан жазғы демалыстарыңызды сәтті өткізіп, жаңа оқу жылын тың леппен бастауларыңызға тілекшімін, – деді  облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

Шара аясында облыстық экологиялық-биологиялық орталығының шағын зообағы таныстырылды. Онда  балаларға қоян, тасбақа, әтеш және кеміргіштердің түрлері  көрсетілді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика