Мемлекеттік рәміздерді қолдануда ағаттық болмауы керек

Күні , 41 рет оқылды

4 маусым – Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  рәміздері  күні

Таяуда  облыс  әкімдігі  жанындағы  ҚР  мемлекеттік  рәміздері  жөніндегі  комиссияның  отырысы  өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен болған  басқосуда Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарында мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану саласындағы жұмыстардың жай-күйі талқыланды. Әр ауданда мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оларды заңға сәйкес қолданылуына бақылауды қамтамасыз етуде нақты жұмыстар жүргізілуде. Білім беру мекемелері мен мәдениет ошақтарында мемлекеттік рәміздерге арналған түрлі шаралар өткізіліп келеді. Алайда кемшіліктер де жоқ емес.

Онлайн байланысқа шыққан аудан басшылары мен орынбасарларының айтуынша, кейбір мемлекеттік мекемелерде, әсіресе, аудандық сот пен прокуратураларда мемлекеттік рәміздерді орналастыруда және олардың стандарттарында кемшіліктер анықталған. Есеп берген төрт ауданның басшылығы  облыстық ішкі саясат басқармасы және ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің мамандары жүргізген тексеріс нәтижесінде анықтаған кемшіліктердің алды жойылып, тиісті шаралар қолға алынғанын айтты. Ал Қазталов ауданындағы осы бағыттағы комиссия мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуына қатысты аптасына екі рет рейд өткізетіні белгілі болды. Мұндай шараның жиі өтуі сол өңірдегі мемлекеттік рәміздерге қатысты кемшіліктерді болдырмауға бірден-бір себеп болса керек. Жалпы, егемен елдігіміздің басты нышаны, қасиетті де қастерлі рәміздерді насихаттау жұмыстарын жүргізумен қатар, оларды қолдануда  да  ағаттық  болмауы  шарт.

– Аудандардағы әріптестер айтып өткендей, атқарылған істермен қатар кемшіліктер жоқ емес.

Бірақ комиссия анықтаған кемшіліктерді жоюмен ғана жұмыстанбауымыз керек. Біз мұндай олқылықтардың алдын алып, оларды болдырмау жолын іздеуіміз қажет. Бұл жерде де аудандардағы әріптестерге қатысты «Сіздер өздеріңіз қайда қарап отырсыздар?» деген сауал туындайды. Өйткені аудандарда да осындай комиссия бар, ішкі саясат бөлімі жұмыс жасайды. Жылына екі рет тексеріс жүргізуге  болады емес пе. Тоқсан сайын тексеріс жүргізсеңіздер де ешкім кедергі келтірмейді. Сондықтан да біз анықталған кемшіліктерді жоюмен емес, олардың алдын алу үшін жұмыстануымыз қажет, – деді  Ғабидолла  Абдоллаұлы.

Комиссия отырысында ҰҚК Шекара қызметінің 2036-әскери  бөлімі бойынша Жәнібек шекара бекетінің туы дұрыс орналастырылмағаны да баяндалды. Аталмыш әскери бөлімнің командиріне ескерту жасалып, олқылықтың орнын толтыру қажеттігі айтылды. «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашев бұл шекара бекетіндегі мемлекеттік туға деген көзқарасқа қатысты облыстық комиссияда  бұған дейін де бірнеше рет мәселе көтерілгенін айтып, шекаралардағы мемлекеттік рәміздердің қолданылуына қатысты мониторинг жүргізу қажет деген ұсынысын  білдірді.

Шара барысында сондай-ақ ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Салават Вахитов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңының сақталуы және мемлекеттік Елтаңбаның ұлттық стандартының жаңа талаптары  туралы баяндады. Оның айтуынша, лицензия алушы компаниялар дайындаушылар Елтаңбаны ҚР СТ 989-2014  жаңа стандартының талаптарына сәйкес жасап шығаруға міндетті. Сондай-ақ порталдан сатып алынған мемлекеттік рәміздерді қолданбастан бұрын ұлттық стандартқа сәйкестігін тексеріп алу қажет. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 418-бабына сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін ҚР Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын дайындаушыларға  айыппұл  салынады.

Комиссия отырысында айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, құзырлы мекемелерге кемшіліктерді жоюға тапсырмалар берілді.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика