Батырға құрмет

Күні , 70 рет оқылды

Сейсенбі  күні  Орал  қаласындағы  Михаил  Абдолов  көшесінде Кеңес  Одағының  Батыры  Михаил  (Бимағамбет) Абдоловты  еске алуға  арналған  шара  өтті.  Батырдың  100  жылдығына  арналған бұл  басқосу   Елбасының  «Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов батырдың есімін ұлықтауға арналған аталмыш шараның тәрбиелік мәніне тоқталды.

– Қайырлы  кеш, құрметті қала қонақтары мен Михаил Абдолов көшесінің тұрғындары! Қалада түрлі мәдениет орындары мен үлкен алаңқайлар жеткілікті болса да, біз бұл кешті Кеңес Одағы Батырының есімімен аталған көшеде өткізуді жөн көрдік. Өскелең ұрпақ оның ерлігін, өжеттілігін, Отанды қорғаудағы қайтпас қайсарлығын бойларына сіңірсе дейміз. Бұл бағыттағы патриоттық  шаралар легі батыр атамыздың туған жері Ақжайық ауданында бастау алды. Жуырда осы көшеге Михаил Абдоловтың есімін, ерлігін насихаттау мақсатында үлкен билборд орналастырылады. Сонда жас ұрпақ туған елінің тарихын жете біліп, Отан үшін от кешкен батырлардың есімін ұмытпайтын болады, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.

Осы орайда айта кетсек, Михаил Абдолов 1918 жылы Ақжайық ауданының Бітік ауылында дүниеге келген болатын. 1941 жылдың маусым айында соғысқа аттанып, 3-Украин майданының 74-атқыштар дивизиясының құрамында болған. Ол 1938 жылы Қызыл армия қатарында әскери борышын өтеп, жауынгерлік дайындықтан өткен соң қанды шайқастың алғашқы күнінен-ақ өжеттіліктің үлгісін көрсеткен. Майдан даласында жеті рет жараланса да, жауға деген өшпенділігі мұқалмаған. Әсіресе, 74-атқыштар дивизиясының құрамында Дунай өзенінен өтерде көрсеткен ерлігі оның есімін тарихта мәңгі қалдырған еді.

1944 жылдың 7 қарашасына қараған түнде Михаил Абдолов бастаған барлаушылар тобы екі балықшы қайығымен Дунайды кесіп өтіп, жау тылына тұтқиылдан соққы берген. Сол түнде барлаушылар немістердің қару-жарақ қоймасын жарып, жау офицерін тұтқындайды. Қайтар жолда қар-сыластарының төрт самолетін жойып жіберді. Осы ерлігі үшін аға сержант Михаил Абдоловқа 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген еді. Сөйтіп оның бұрынғы жауынгерлік наградалары – Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерінің қатарына Ленин ордені мен Алтын Жұлдыз тағылды. 1946 жылы елге оралып, еңбекке араласты. Ақжайық ауданының Жамбыл ауылдық округіне қарасты Бұлан ауылында тұрды. Содан ол 2006 жылдың мамыр айында дүниеден өткен болатын. Кеңес одағы кезінде Венгрияның Секешфехервар қаласында батырдың мүсіні орнатылып, мәдениет үйі мен мектепке оның аты берілген.

– Облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен батыр бабамыздың 100 жылдығы республика көлемінде тойлануда. Осыған орай биыл ауданымызда «Абдолов жылы»  жарияланып, көптеген іс-шаралар қолға алынды. Сәуір айында облыстық конференция ұйымдастырылып, республикалық турнирлер өтті. Кеңес Одағының Батырын еске алуға арналған бұл бағыттағы шаралар жыл бойына жалғасатын болады. Қыркүйекте Ақжайық ауданының Жамбыл ауылында киіз үйлер тігіліп, ат жарыс ұйымдастырылып, дүбірлі той өтеді. Бұл шаралардың басты мақсаты – отты жылдарда ерліктің үлгісін көрсеткен жерлесіміз Михаил Абдоловтың есімін ұлықтап, ерлігін насихаттау, – деді жиында сөз алған Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары  Тілекқабыл  Ғабдушев.

Кеңес Одағының Батыры атағы Отан үшін от кешіп, ерекше ерлік көрсеткен жандарға ғана берілгенін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов  бірқатар мысалдар арқылы  былайша  жеткізді.

– 2005 жылы ҰОС тақырыбында Алматы қаласында өткен халықаралық конференцияда мәскеулік академик Просин «Мен ҰОС қатысқан ұлттар туралы бірнеше жылдан бері зерттеп жүрмін. Мұрағаттық құжаттардан сұрапыл жылдары қазақтан шыққан бір сатқынның есімін  кездестірмедім.

Сол кезде қазақ жауынгер халық екеніне көз жеткіздім» деді. Жуырда «Казахстанская правда» газетінде 110 қазақстандық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс Мәскеуге жіберілгенімен, барлығына бірдей бұйырмағаны жазылған. Ұсынылғандардың 81-і қазақ екен. Қазақ деген қайсар халық екені баршаға аян. Қасық қаны қалғанша Отанын қорғаған жауынгерлерімізді осылай насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиені сіңіре аламыз, – деді Мырзағали Әбілқасымұлы.

Сондай-ақ жиында Ақжайық ауданының бірқатар азаматтары Михаил Абдолов туралы естеліктерімен бөлісті.  Содан соң Ақжайық ауданынан келген өнерпаздар көше тұрғындарына арнаған концерттік бағдарламасын ұсынды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика