Бөкей губерниясындағы ашаршылық

Күні , 247 рет оқылды

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін мен аштық  құрбандарын еске алу күні

Азамат соғысы аяқталғаннан кейін кеңес халқына ашаршылық нәубеті жетті. 1921 жылдың күзіне қарай одақ бойынша 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. 1920-1922 жылдары Бөкей губерниясының халқы да  ашаршылық қасіретін басынан өткізгенін Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған тарихи деректер дәлелдейді. Мәселен, осы кезеңде Бөкей губерниясындағы жылқы саны 146  мыңнан 49 мыңға, ал қой басы 1,3 миллионнан 0,4 миллионға  кемиді. Сөйтіп, 1921 жылы Бөкей өлкесінде соғысқа дейінгі мал санының  20%-ы ғана қалады.

Ашаршылыққа ұшыраған елдегі халықтың ауыр жағдайын сол кезеңде Тарғын уездік кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Х. Чурин: «1921 жыл өте ауыр болды. Волга және Бөкей губерниясында болған қуаңшылық салдарынан халық ашаршылыққа ұшырады. Аштықпен қабаттасып, сүзек, тырысқақ аурулары етек алды. Бөкей губерниясының оңтүстік шағыл құмды бөлігінің жағдайы өзгелерден біршама тәуір болды. Олар құмда өскен құмаршықпен күнелтіс жасады. Бұл аймақта мал жайылымы жақсарды. Ал облыстың құрғақ далалы Тарғын, Таловка, Жаңақала уездерінің тұрғындары ашаршылықтан мықтап жапа шекті. Ол қолындағы бар малын сойып алды. Бірақ астықсыз қиын еді. Мал еті жөнді азық болмады. 1921 жылдың аяқ кезінде көптеген отбасы әбден ашығып өле бастады. Жұт жеті ағайынды дегендей, осындайда жау жағадан алып, ақ гвардияшыл бандалар да жауыздықты өршітті. Олар онсыз да ашығып отырған халықтың ақтық астығын, малын тартып алып, талан-таражға салды» деп баяндайды.

РК(б)П Орталық комитеті 1921 жылы 17 шілдедегі арнайы үндеуінде елдегі ашаршылық себебін аграрлық сектордың артта қалуы мен ауыл шаруашылық білімі деңгейінің төмендігінен, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанымен байланыстырды. Алайда, Кеңес өкіметі қатаң жүргізген «Әскери коммунизм» саясатының нәтижесі халық  шаруашылығына, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына соққы болып тиді. Соғыс жағдайында қабылданған «Әскери коммунизм» саясатының негізгі мақсаты – азық-түлік салғырты болды. Қызыл армияның мұқтажын өтеу үшін шаруалардан ауыл шаруашылық өнімдері жинап алынды. Репрессияға ұшырамау үшін шаруа байғұс азық-түлік салғыртына қолдарындағы тұқым қорын да  тапсыруға мәжбүр болған. Бұл шаруашылықтардағы тұқымдық астықтың жойылуына әкеліп соқтырды. Оның үстіне салғырт мал шаруашылығымен айналысып отырған қазақ ауылдарына да салынды. Егін салмайтын қазақ малын сатып, ақшасына бидай алып мемлекетке өткізуге мәжбүр болды.

1920 жылғы салғырт бойынша Орал губерниясынан 1, 5 млн. пұт астық тартып алынды. Бұған ет және тағы басқа қосымша салықтар қосылды. Осындай саясаттың нәтижесінде 1921 жылы Қазақстанның көптеген аудандарын аштық жайлады. Астық шықпаған Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей губернияларында 1921 жылы бар болғаны 4 719 391 пұт астық жиналды. Ал күнкөріс үшін 22 105 864 пұт астық қажет болатын. Осылайша 17, 5 млн. пұт астық күнкөріске және тұқымға жетпей қалды.

1921 жылдың тамыз айында Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал және Қостанай губернияларымен бірге Бөкей губерниясы да аштықтан зардап шеккен аймақтар тізіміне ресми түрде енгізілді. Бөкей губерниясындағы ашыққан 176 500 адам есепке алынды. Сол жылдан бастап Бөкей губерниясында, әсіресе, Тарғын, Талов уезінің жерлеріндегі ашаршылық қасіреті туралы Х. Чурин «Дауылды жылдарда» атты еңбегінде: «1921-1922 жылдардың қысында адамдар аштан көп өлді. Уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адам өлігін жинайтынбыз. Мынандай бір оқиға менің есімде қалыпты. 1922 жылы май айында бір күні Жәнібек поселкесіне жақын жердегі танысымның үйіне бардым. Сол кезде әлдеқайдан жаяулап бір аш адам келді. Ол баяғы жалшы Нәби Тұралиев екен. 1921 жылы алыстағы бір дәулетті адамға жалшылыққа тұрыпты. Сол жылы мал қырылып, жалдаған қожалары жұтап, аштан өліпті де, Тұралиев талай жер жүріп, уезд орталығына әрең жетіпті. Бейшара күптей болып ісіп кеткен, көздері мүлдем көрінбейді. Мен үй иелеріне алдын ала ескертіп, оған тамақты бірден көп бермеу керек дедім. Ал ол үй иесінің берген тамағын місе тұтпай, қайта-қайта тамақ сұрап жалына бастады. Бірден тамақ көп жесе, өліп кететінін ескерткеннен кейін ғана ол біраз тынышталды. Үй иесі әйел қалған тамақты тығып қойыпты. Мен ол ауылдан кетіп қалдым.  Ал әлгі адам әйелдің қалған тамақты қайда қойғанын байқап қалса керек, үйдегілер сыртқа шығысымен қалған тамақты алып жейді де үйден кетеді. Екі жүз қадамдай жерге барғанда ауырып, ойбайлап, домалап, жылап-еңіреп, ажалдан құтқара көріңдер деп жалбарынады. Бірақ ол сорлының өміріне араша тұруға мүмкіндік болмаған. Бейшара тамаққа тойғаннан кейін үш сағаттан соң ауыр азаптан өлді», – деп  жазды.

Бүкілроссиялық орталық атқару комитетінің (БОАК) декреті бойынша 1921 жылдың 8 шілдесінде ашыққан адамдарға жәрдем беру үшін арнайы комиссия (ЦК Помгол) құрылады. Республиканың губерниялық және уездік атқару комитет жандарынан  ашыққандарға көмек көрсету жөнінде арнаулы комиссия құрылды. Ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссияның №18995 санды жеделхатының негізінде 1921 жылы 8 тамызда Бөкей губерниясында ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі комиссия құрылып, ол жедел түрде жергілікті бөлімшелердің ашыққандарға көмек көрсету жұмысын ұйымдастырып, басқаруға кіріседі. Бұл комиссия уездік және болыстық комиссия мүшелерінің атқаратын нақты тапсырмаларын көрсетіп, он тармақтан тұратын арнайы нұсқау (инструкция) дайындайды. Нұсқауда уездік және болыстық жерлерде комиссия бөлімшелерін құру  қажеттігі, ауқатты адамдардан қарызға алған малды сойып, ашыққандарды тамақтандыру, ата-анасы жоқ қараусыз қалған балалар үшін жатақханалар ашу, жұқпалы ауруларға қарсы күрес шараларын ұйымдастыру жұмыстары көрсетіліп, ашаршылыққа қарсы атқарылған істер туралы губерниялық комиссияға екі аптада бір рет есеп беру міндеттелді.

Қамыс-Самар қисымындағы аштықпен күрес комиссиясының жүргізген жұмысы туралы облыстық атқару комитетіне жасаған мәлімдемесінде болыстық комиссиялар құрылып, тамақтандыру пункттерінің ашылғаны, союға мал таппаған ауылдарда балық аулау топтарын құрып, аш адамдарға балық үлестірілгені, Жаңақала ауылында жетімдер үшін 50 кісілік асхана ашылғаны,  аш және  ауру адамдар үшін 50 пұт астық берілгені көрсетілген. Алайда  қысым аумағында іш сүзегі ауруы азайғанымен, ең қатерлі дерт – оба пайда болды. Медицина штатының қызметін күшейтуге тапсырма берілді.  Губернияның Тарғын уезіндегі ашаршылыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссия Жәнібек кентіне орналасты. Кеңес аппаратының және партияның уездік органдарының барлық қызметкері дерлік ашаршылық-пен күресті ұйымдастыру үшін шалғай ауылдарға жіберілді. Уезд орталығында ашыққандарға арналған сегіз тамақтандыру пункті жұмыс істеді. Ата-анасыз қалған балалар үшін жатақхана ұйымдастырылды.

1922 жылдан бастап аштық Бөкей губерниясында, әсіресе, Тарғын, Талов және Жаңақала аудандарында өрши түседі. Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлім  меңгерушісінің 1922 жылы 30 қазан күні губерниялық аштық салдарымен күрес комиссиясына: «6 ай бойынша, яғни  1 қаңтар – 1 шілде аралығында іш сүзегінен 118 адам ауырып, 8-і қайтыс болды, бөртпе сүзегінен 232 адам ауырып, 35-і  қайтыс болды, аштық салдарынан 1272 адам ауырып, 255-і қайтыс болды. 423 адам тырысқақпен ауырып, 227-і өлді» деп есеп берді.  Аштықтың етек алғаны соншалық, үкімет ашығып жатқан халыққа азық-түлік жөнінен дереу жәрдем беруге мәжбүр болды. Бұл нәубеттен Бөкей өңірінің демографиялық құлдырауы күшейді. 1925 жылы Орал және Бөкей губерниясы кеңестерінің біріккен съезінде баяндама жасаған губерниялық жер басқармасының меңгерушісі Т. Қожанов Бөкей аймағында өте көп адам шығынға ұшырағанын атап көрсеткен. Егер Бөкей губерниясы тұрғындарының саны 1917 жылы 251,1 мың болса, 1920 жылы 181,7 мың адам өмір сүрген, яғни 3 жылдың ішінде тұрғындар саны 6514 мың адамға азайған.

Түйіндеп айтқанда, Бөкей губерниясындағы  1920-1922 жылдардағы ашаршылық елге зұлмат әкеліп, аймақтағы шаруашылықтарды күйзелтіп қана қоймады, халықтың демографиялық өсуіне де өз зардабын тигізді. Демек, өлкедегі халық санының төмендеуі аймақтағы экономиканың дамуын тежеді. Нәтижесінде Бөкей даласы елді мекендер сирек қоныстанған аймаққа айналды.

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің  доценті,

 тарих ғылымдарының кандидаты


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика