Туған жерге перзенттік парызбен…

Күні , 94 рет оқылды

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта  жерлестер форумы өтті. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпіліс әкелген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған басқосу мәнді де маңызды шаралармен айшықталды.

Ақжайық ауданының түлегі болып табылатын, бүгінгі таңда еліміздің игілігі үшін түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген 200-ден астам жерлес – атажұртқа асығып жеткен ел ағалары, кәсіпкерлер, өнер өкілдері, медицина саласының майталмандары алдымен Чапаевтың көрнекті орындарында болды. Олар аудандағы іргелі білім ордасы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте балалар шығармашылығы орталығы мен аудандық туризм орталығы жасақтаған көрмемен танысты.

Жерлестер форумы «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау мен концерттік бағдарламаға ұласты. Қатысушыларға алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы хақында баяндаған бейнефильм ұсынылды. Айталық, «Рухани жаңғыру» аясында ауданда былтыр жомарт демеушілердің көмегімен 11586,0 мың теңгеге 21 жоба жасақталса, биыл 52520,0 мың теңгеге 32 жоба қолға алынып, жүзеге асуда.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы бүкіл таным-түсінігімізге, көзқарасымызға серпіліс әкеліп, елжандылықтың қайнарына айналып отырғаны белгілі. Бүгін, міне, рухани түлеуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру үшін еліміздің түкпір-түкпірінде Отанымыздың бағы үшін еселі еңбек етіп жүрген елжанды азаматтар келелі ой, кесімді ұсыныс білдіруде. Атамекенге қамқорлық қашанда өз еліне, адамзатқа деген жанашырлықпен астасып жатады. Ауылды көркейту, мұқтаж жандарға қолұшын созу – жомарт жүректі жандардың қолынан ға-на келетін іс. Бұл басқосу, ортақ ұсыныстар мен пікірлер «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосқан үлес және нағыз перзенттік парызға адалдықты танытады, – деді аудан әкімі Әділ Жоламанов.

Шарада сөз алған аудан түлегі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов осындай ерекше шараға атсалысқан баршаға алғыс айтты. Ол барша тұрғынды атажұртты көркейтуге шақырып, ел бірлігі, тұтастық хақында ой-толғамдарымен бөлісті. Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев пен ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Өтеген Таубаевтың арнайы жолдаған құттықтаухаттары оқылды. Ақжайық ауданының құрметті азаматы Әленғали Кереев, еңбек ардагері Амантай Сапаров, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, «Ғибадат» ЖШС-ның басшысы Біржан Қожақов ақжарма тілектерін арнады.Осындай шарадан тыс қалмаған белгілі өнер өкілдері Жаңылсын Хасанова, Данияр Елеуов, Асыланбек Қуанәлиев, Рүстем Кереев  және  аудан өнерпаздары ән әуелетті.

Форумға қатысушылардың қолдауымен биыл қолға алынған 52 жобаның көпшілігі жүзеге асатын болды. Одан бөлек, алдағы уақытта кәсіпкерлердің атсалысуымен ауданымызда жауынгер ақын Жұбан Молдағалиев орталығының құрылысы қолға алынбақ. Дәл мұндай рухани орданың мәдениетіміздің дамуына, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор септігін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ  форумда «Нәзік намыс» аталымымен марапатталған жеке кәсіпкер Әлия Шоқанова аудан орталығынан балабақша ашатынын мәлімдеді. Еңселі Астанамыздың 20 жылдығына орай бұл балабақшаға бас қаламыздың аты берілмек.

Бекболат   ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық   ауданы


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика