«Қайрақаң бар ғой, содан сұрайықшы» — деуші едік…

Күні , 218 рет оқылды

Аты жүйрік ажал Қайрақаңды да қуып жетіпті… Естігенде қағыс хабар шығар деп, қайта-қайта сұрай бердім. Жаманат хабар қате бола ма, рас екен… Қаратөбенің  Қайыржан Хасановы еді-ау, қайран аға. Сонау бір жылдары Қаратөбеге қарай іссапар шықса, «Қайыржан ағамыз бар ғой…» деп қуана-қуана тартып кететінбіз.

Жасының үлкендігіне қарамай, сені тең тұтып жарқылдап қарсы алатын. Қаратөбенің қыртыс-қыртысын қағып-сілкіп, шынылары шаңырақтай көзілдірігінің арғы жағынан қысыңқы көздері қулана жылт-жылт етіп, арғы-бергіні, өткен-кеткенді жатып тұрғызатын. Ең алғаш танысқаным әлі есімде. 80-жылдары Қаратөбеге қарай жол шықты. Олай қарай алғашқы  іссапарым. Ауданның бірінші хатшысымен бірқауым уақыт сөйлесіп, әңгімеміздің аяғына қарай хатшы қызына «Хасановты шақыртшы» – деді ішкі телефонмен. Сосын маған бұрылып, «Қайыржан Хасанов ағаңызды танисыз ба?» – деді. Сыртынан естігенім болмаса, кездеспегенімді жасырмадым. Бір уақытта бөлмеге басында жыпырайған, күнге әбден тозған ақ кепкісі бар, шалбары мен көйлегіне шаң-тозаң, ақбалшық, сыр-бояу  жұққан жігіт ағасы келіп кірді. Дәу көзілдірікті дәу мұрын мыңқ етпей көтеріп тұр. «Редакцияны өзіміз жөндеп жатыр едік… Хатшы қарындас тез жетіңіз, дегесін…» деп, «рабочий формасына» қысыла амандасты. Бағанадан біріншінің бөлмесіне галстуктері қаңылтырдан қиғандай қатып қалғандар кіріп жатқанда, аудандық газет редакторының мына пормысы маған қызық көрінді.  Бір жағынан, бірінші хатшы «Мынау не ұсқын?» деп ұрсып тастай ма деп қысылып та отырмын. Жоқ, бірінші хатшы қайта: «Кейбір мекемелер сияқты  бізге ауыз ашып отырмай, өздеріңнің күштеріңмен ремонттап жатқандарың дұрыс болған», – деп көтермелеп қойды. Сосын «Әрі строитель, әрі редактор, настоящий журналист Қайыржан Хасанов деген ағаңыз осы азамат», – деп майын тамызып тұрып мақтап маған таныстырды. Одан әрі Қайрақаң екеуміз ауылдарды аралап кете бардық. Іссапарға шыққанда қасыңа жөн білген, сөз білген адамның ілескені өз алдына, ол адам өз өңірінің өткенін қапысыз білсе, одан арғының қажеті қанша?.. Қайрақаң аяқ жетер жердің бәріне апарды. Қайтарда үйіне қонақ қылды. Шай үстінде Рая жеңгеміз туайын деп тұрған сиырдың бошалап кеткенін, таптырмай жатқанын айтып қалды. Қайрақаң болса, «Е, қол-аяғын бауырына алғасын келер…», – деді де қойды. Біз болсақ, қысылып қалдық. Сол сиыр дегеннен шығады тағы бір барғанымызда,  Қайрақаң үзеңгілес болып, екі-үш күннен кейін қайтып келсек, қорадағы тауықтар зым-зия болған. «Сұмырай келгенде су құриды» дегеннің кері болды-ау деп тағы қысылдық. Кейін Қаратөбеге жол түссе, «Аға, сіздің үйге барсақ, әйтеуір бірдеңе жоғалады, бармаймын», – деп әзілдейтін болдық. Оны тыңдайтын Қайрақаң ба?

Қайыржан ағамызды Қаратөбесі зейнет жасына құрметтеп шығарып салды. Қалаға қоныс аударды. Мұнда да қарап жатпады, бұрқыратып жазып,  кітаптарын  шығарып жатты. Телефонмен анда-санда тілдесе қалсақ, ағай үйіне шақырады. Мен жорта сиыр мен тауықтың жоғалғанын айтып, зыр-зыр етемін. Ағай: «Қорықпа, келе бер, сиыр ұстамаймыз, тауық бақпаймыз»,  –  деп мәз болып күледі.

Газеттегі жұмысымызда Қаратөбенің өткен-кеткенінен мәлімет керек болып қалса, «Қайрақаң бар  ғой, содан сұрайықшы» – деуші едік.

Енді кімге хабарласамыз, кімнен сұраймыз? Сиыры да, тауығы да жоғалмайтын жаққа кете барған Қайрекем-ай. «Ендігі жылы екеуміздің отасқанымызға 50 жыл толатын еді…», – деп еңіреген Рая жеңгеміздің етегі жасқа толып отыр…

Аты жүйрік ажал ол күнге Қаратөбенің құрметті азаматы, ардагер журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасановты жеткізбеді…

Алды кең, ажары ашық, түймесі жоқ ақ көйлектей аңқылдаған жан еді, жарықтық! Пейіштегі мекені де жарық болғай…

Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»                 


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика