Дауларды баламалы шешудің ағылшындық үлгісі тиімді

Күні , 191 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Исатай Сматов өткен жылғы 10 сәуір – 22 қыркүйек аралығында Астана халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) іске қосу жоспарының аясында Ұлыбританияның Лондон қаласында тағылымдамадан өтіп қайтқан болатын. Курс аясында алынған білім негіздерінің Арбитраж қызметіне және дауларды реттеудің баламалы әдістеріне пайдалы жақтары көп. Халықаралық степендиант Исатай Сматовтың даударды баламалы шешудің ағылшындық әдістері мен жолдарына қатысты әңгімесін оқырмандар назарына ұсынамыз.

  • Исатай Маратұлы, дауларды шешудің сотқа дейінгі әдістері туралы хабардармыз, ал оның баламалы жолдарының халықаралық тәжірибеде қолданылу жағдайы жөнінде айтып берсеңіз?
  • Әрине, қандай өркениет болмасын сот дауды заңдық тұрғыдан реттеудің негізгі әдісі ретінде қарастырылады. Дейтұрғанмен соңғы жылдары жұртшылықтың сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдетуге ұмтылыстары сот талқысының басқа да жолдарын қарастыруды қажет етуде. Іскерлік қауымдастықтар соттардың өмірлік маңызын мойындай отырып, соттың бюрократтық кедергілерінен арылтатын «Дауларды баламалы шешу» (қысқаша ДБШ) секілді «баламалы» жолдарының да болғандығын қалайды.
Бұл механизмді сипаттайтын көптеген тұжырымдар болғанымен, ДБШ терминін айқындаудың ешбір нормативтік немесе жалпыға ортақ тұжырымы жоқ. Мұны дауласқан тараптардың өзара келісімге қол жеткізу үшін дауды сот талқысына салмастан үшінші бейтарап тараптың көмегіне жүгінісі деуге болады. Атап айтқанда, бейтарап жақ дауласушы тараптардың талаптарының мәні мен маңызына қарай талап-тілектері мен қажеттіліктерін қанағаттандыратын келісім жасасуларына ықпал етеді.  Сонымен қатар, мұндай жағдайда дауласушы тараптар соттан тыс рәсімдер арқылы өз істерін үлкен шығындарсыз, келісіммен  шеше алады. Дауларды баламалы шешу – әдетте келіссөздер, бітімге келу, медиация немесе арбитраж сияқты дауларды шешудің баламалы жолдарын қамтиды.
  • Дауларды баламалы шешу түсінігі қашан, қайдан шықты және қандай қажеттіліктен туындаған? Батыс өркениетінде ол қаншалықты қолдау тауып отыр?
  • Дауларды баламалы шешу жолдарының осы заманғы қозғалысы 1960 жылдардың соңына таман Құрама Штаттарда азаматтық құқық саласындағы медиация мен құқықтық қозғалыс арқылы қоғамдық дауларды шешетін әлеуметтік қозғалыс түрінде пайда болды. Кейін 1980 жылдардың орта шенінде Ұлыбританияда пайда болды. Бұл елде 1998 жылдан бастап Азаматтық іс жүргізу тәртібіне (CPR) дауды баламалы шешуді көтермелеуге бағытталған бірқатар шараның енгізілгендігі айғақ. Мәселен, азаматтық іс жүргізу тәртібі бойынша сот талқысының сотқа дейінгі және сот талқысы кезіндегі түрлі деңгейлерінде ДБШ-ті қолданудың қажеттілігі жөніндегі мәселе қойылып отырады. Егер тараптар ДБШ-ті қолдану екі жаққа да тиімді деп есептесе, онда сот осы үрдіс өтіп болғанша әдетте сот талқысын тоқтатады. Мемлекеттік ведомстволарға қатысты барлық қолайлы жағдайларда Үкімет те ДБШ-ті қолдануды міндеттенген.
  • Дауды баламалы шешудің дәстүрлі сот процестерінен айырмашылықтары неде?
  • Басқалай артықшылықтарын айтпағанның өзінде дауды баламалы шешу икемді және жеке -дара дербес болып келеді, сонымен қатар уақыт пен қаражатты үнемдей алады. Оның кейбір неғұрлым маңызды ерекшеліктеріне тоқтала кетейік. Бірінші ерекшелгі — процестің келісімге негізделетіндігінде. Тараптар өздерінің дауларын баламалы шешудің кейбір формаларына жатқызбастан бұрын келісімге келеді. Сот оларды мәжбүрлей алмайды. Бірақ, олар баламалы шешуден негізсіз бас тартса, сот сот шығындарын өндіріп алу түрінде айып сала алады.
Екіншіден, «зиянсыздығы». Балмалы шешуге жүгінудің нәтижесі оның міндетті түрде орындалуы жөніндегі келісімге қол жеткізгеннен кейін ғана барып, тараптарға міндетті болады. Оған дейін кез-келген жақ ДБШ процесінен шығып, сотта, немесе арбитраждық комиссияда дау талқысын бастайды немесе жалғастыра алады. Егер ДБШ-ге жүгініс дауды реттей алмаса, сот процесі немесе арбитраж қайта басталады, болмаса жалғастырылады. Сонымен қатар бір де бір тарап ДБШ процесі кезінде туындаған барлық жағдайды өз мүдделеріне пайдалана немесе соған ғана сілтеме жасай алмайды. Үшіншіден, коммерциялық дауларды шешу мүмкіндігіне ие. Дауларды баламалы шешу сот талқысы немесе арбитраж барысында қол жетпейтін, тараптардың коммерциялық қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, олардың өзара тіл табысуларына мүмкіндік береді. Мысалы, ақша өндіру туралы талап болашақта көрсетілетін қызметтерге жеңілдіктер жасау жолымен шешіліп, олардың іскерлік байланыстарын сақтап қана қоймай, тіпті жақсарта түсуі мүмкін. Төртіншіден, икемділігінде. Тараптардың қажеттіліктеріне қарай іс-әрекеттің ахуалы өзгертіледі. ДБШ процесс басталғанға дейін де, сот немесе арбитраждық талқы барысында жүзеге асырылуы мүмкін. Тараптар ДБШ процесі барысында сот талқысын жалғастыра беруге, немесе тоқтата тұруға келісе алады. Бесіншіден, аз шығын жұмсалатындығында және тездігінде. Ол көптеген жағдайларда жылдам бекітіліп, жүзеге асырылады. Мысалы, медиация бір күннен артық уақыт алмайды.
  • Ағылшын құқығында дауды баламалы шешудің қандай түрлері бар?
  • Екі түрі бар. Бірі – дауларды шешудің соттан тыс түрі де, екіншісі соттық үлгісі. Соттан тыс түріне келіссөздер мен дөңгелек үстелдер, медиация, келісімге келу, атқарушылық трибунал кішігірім сот, ертерек бейтарап бағалау.
Соттық үлгілері: Арбитраж; дауды сарапшылардың қарауы, соттық, немесе сарапшылық ұйғарым.  
  • Ол жақтың азаматтық іс жүргізу тәртібінде дауды шешудің баламалы әдістерін қолдануға қаншалықты мән берілген?
  • Ең батысы, оларда ДБШ-ге қолайлы мүмкіндіктер туғызылып қана қоймай, азаматтық іс жүргізу тәртібінде соттық көтермелеу де кеңінен таралған. Егер барлық тараптар істі қарауды тоқтата тұруды сұраса немесе сот өз бастамашылығы бойынша бұлайша тоқтата тұру дұрыс болады деп есептесе, сот талқысы кем дегенде бір ай мерзімге тоқтатылады. Егер бір тарап ДБШ мақсатында істі тоқтата тұруды сұрап, ал екінші жақ қарсы болып, бірақ ДБШ қолданудың тиімді болмайтындығына бұлтартпас дәлел ұсына алмаса да, сот істі тоқтата тұрғанды жөн санайды.
Кейде ДБШ процесіне қатысудан бас тартқан тараптар істі қарау жалғастырылып, табысты нәтижелерге қол жеткізілген күннің өзінде, сот шығындары түріндегі айыпқа тап болуы әбден ықтимал. Шығындар түріндегі санкциялар медиацияның мүмкіндіктерін байқап көруден бас тартқан тараптарға ғана емес, істен (немесе апелляциядан) жеңіліп қалған жақтардың тарапына да жиі қолданылады.  Ондай «бас тартушыға»  стандартты шығындар түріндегі емес, орынын толтыру принципі бойынша басқа тараптың шығындары төлеткізілуі мүмкін.
  • Исатай Маратұлы, енді осы тәжірибенің пайдалы жақтарын Қазақстандық сот дәстүріне енгізу жөнінде ұсыныстарыңыз бар ма?
  • Англия мен Уэльстің тәжірибесін зерттеудің қорытындысы бойынша мынадай әрекеттер біздегі азаматтық істер бойынша дауларды шешудің баламалы әдістерінің қолданылуын арттыруы мүмкін деп есептеймін. Ең әуелі, ДБШ-дің тиімділігін түсіндіру мақсатында семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіп, БАҚ-тарда жарияланымдар жасау арқылы азаматтық сот өндірісіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын одан әрі арттыра түсу керек.
Сот талқысының басталуының, немесе өткізілуінің міндетті шарты ретінде жекелеген істердің санаттары бойынша ағылшын құқығындағыдай ДБШ-дің міндеті қолданылуы қарастырылғаны дұрыс. Істі мәні бойынша қарауға кіріскен кезде сот шығындарының ұлғайтылуы, жекелеген санаттар бойынша азаматтық істерді қараудың мерзімі ұзартылғаны жөн. Медиациядан негізсіз бас тартқан тараптарға сот шығындары түріндегі айып санкциясын қолданудың мүмкіндіктерін қарастыру керек. Өзара кездесіп, ДБШ мүмкіндігін талқылауы жөнінде нұсқау берудің, дауды баламалы шешуден бас тартқан тараптардың бас тарту себептері мен негіздерін түсіндіруді  талап ету әдістерінің пайдалы жақтары бар деп есептеймін. -Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Аманкелді ШАХИН


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика