«Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі туралы не білеміз?

Күні , 94 рет оқылды

Осыдан 100 жыл бұрын Жымпиты елді мекенінде Алаштың ардақты ұлдары Орал қазақтарының IV съезінде «Ойыл уәлаяты» атты уақытша үкімет құрған болатын. Бұл оқиға біздің тәуелсіздік тарихымыздың бастауында тұрған аса маңызды да, ең құнды тарихи кезең еді.

1917 жылы сәуірдің 19-22-сі аралығында өткен Орал қаласындағы қазақтарының І съезінде Алаш қайраткерлері негізгі үш мәселеге тоқталған. Олар – мемлекетті басқару туралы, аграрлық мәселе және Орал облысы далалық бөлігін басқарудың уақытша ережелері. Бұл ереже 100 баптан тұрды, онда біріншіден, ауылды, уезді және облысты басқаруға тиісті өкімет пен атқару органдары жүйесін құрудың және оны іске қосудың нақтылы нұсқаулары анықталған. Жаңа өкімет өзінің мәні жөнінен азаматтық болу тиіс еді, ескі мемлекеттік аппарат түгел киратылуға жатты. Екіншіден, осы уақытша ережелерді даярлау қазақ автономиясына деген құлшынысының бір көрінісі еді. Бұл пікірді ереженің тоғыз баптан тұратын «Милицияны құру» деп аталған төрт бөлімі дәлелдей түседі. Бұл бөлімде ауыл, село, болыс милициясының негізгі міндеттері анықталып, уездік милиция бастығының қызмет атқару тәртібі белгіленген, сонымен бірге милиция органдарының басқа өкімет құрылымдары арасындағы қарым-қатынас жолдары реттелуге тиіс болды. Осылайша «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметінің қызмет жүйесінің негізі бірінші съезде қаланған.

Қазақ автономиясын құру мәселесі 1918 жылдың ақпан айында Қаратөбеде өткен Орал қазақтарының ІІІ съезінде көтерілген. Бірақ съезде салық мөлшері жөнінде айтыс туып, халық екіге бөлінеді. Бір топ салық «байға – байша», «кедейге – кедейше» салынсын десе, екінші топ «Алаштың балаларын алалаудың қажеті жоқ, әр түтін басына 100 рубльден салынуға тиіс» дейді. Кейіннен Алашорда ұйымынан бөлінгендер «Ақ жол» партиясын құрды, оған Н. Ипмағамбетов, А. Кенжин, С. Қаратілеуов, Ғ. Есенғұлов, Е. Қасаболатов, М. Мырзағалиев, Ә. Әлібековтер Оралға барып, большевиктер жағына шықты. Сөйтіп, қазақ автономиясы үшін күрес қазақтардың өзара келіспеушілігінен ең басты кедергіге осы съезде тап болды. Бұл «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметін құрудың алғышарттары еді.

Осыдан кейін Орал өңірі қазақтарының ІV облыстық 1918 жылы 18 мамырда Орал қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан Жымпиты (қазіргі Сырым ауданының орталығы)  елді мекенінде өткізілді. Бұл жердің Орал қаласынан арақашықтығы 140 км. 1886 жылы Өлеңті өзені жағасында іргетасы қаланған болатын. Батыс өңірі бұл кезде Ресей империясының қол астындағы елді мекен еді.

Съездің ашылу сәтіне 300 делегат келіп үлгерсе, ол жұмыс істеген үш күннің ішінде тағы 150-дей адам қосылды. Жиынның күн тәртібіне 20 мәселе енгізілді, оның соңғы төртеуі съездің барысында анықталды.

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан Халел Досмұхамедов өзінің Мәскеуде РКФСР Халық комиссарлары кеңесімен, Орал облысымен шекаралас кеңестердің жетекшілерімен келіссөздер жүргізгенін, Орал казачествосы басшылығымен жақындасу әрекеттерін жасағанын айтты. Осы келіссөздерге съезд саяси баға беретіндігін ескере отырып, Х. Досмұхамедов өзін съезд төралқасы құрамына сайламауды оның делегаттарынан сұрады. Съезд төралқасына Жаһанша  Досмұхамедов (төраға), Дәулетше Күсепқалиев, Жанқожа Мергенов (төрағаның орынбасарлары), Қалдыбай Асанов және Кәрім Жәленұлы (хатшылар) сайланды. Делегаттар құрамына және оның жұмыс барысына баға бере келіп, «Яицкая воля» газетінің (әскери өкіметтің органы) тілшісі былай деп жазды: «Бұл жерде пролетарий да, буржуй да, дворян мен шаруа да, кадет те, эсер де, большевиктер мен меньшевиктер де жоқ, тек қана рулық қауымдастық өмір салтын сақтаған жалпы халықтық бір семья бар. Олардың кейде менмендікке және жеке басының екінші кезектегі мүддесіне сай айтысқа түсетіндіктері ауыз бірлікке нұқсан келтіріп жатады».

Съездің күн тәртібіне енген 20 мәселенің негізгілері мыналар: 1. Ресей мен Орал облысындағы ағымдағы жағдайға көзқарас. 2. Земство делегациясының Мәскеуге баруы жөніндегі есебі. 3. Орал облыстық земство басқармасының казачествомен одақтасу саясаты туралы баяндамасы. 4. Жалпы саяси бағытты анықтау. 5. Кіммен және қандай негізде одақ құру керек? 6. Орал облысының қазақ бөлімінде мықты өкімет құру. 7. Земство мекемелерінің билігін кеңейту. 8. Оралдық земство басқармасын қырға көшіру.

Съезд күн тәртібінің мазмұнынан көрініп тұрғанындай, онда жалпы мемлекеттік, аймақтық және ұлттық саясаттың көкейкесті мәселелері қамтылған. Сонымен қатар съезд талқылайтын жайттар қатарында ымыраға келу, ұлттық бірлікті сақтауға байланысты мәселелер болғандығы айқындалып тұр (мәселен, «Кіммен және қандай негізде одақ құру керек?»).

Жалпы саясат мәселелері жөніндегі өз стратегиясы мен тактикасын белгілей келіп, Орал облыстық қазақ съезі өзінің негізгі міндеттерінде Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мен келешектегі Ресей Федерациясындағы қазақ автономиясы үшін күрес идеясын алға тартты.

Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар съезд шешімімен «Ойыл уәлаятының» уақытша үкіметін құрды. Оның құрамына Ілбішін, Орал, Атырау, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің қазақтар мекендеген аудандары мен Маңғыстау, Ойыл және Бөкей уездері кірді. Осы өңірде 1917 жылы жойылған уақытша үкіметтің билігі жүретін болды. Басқа сөзбен айтқанда, бұл әрекет екінші жалпықазақ съезінің ұлттық-территориялық автономия құру жөніндегі шешімінің Батыс Қазақстанның айтарлықтай аумағында жүзеге асуының көрінісі еді.

«Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – ХХ ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІV Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылды.

«Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметінің атауы жөнінде Н. Мартыненко «Алашорда» атты құжаттар жинағында: «Құрылған үкімет Жайық өзенінің арғы бетінде орналасқан, онда тұратын халықтар түгел дерлік қазақтар, ол территориялық бөлік Ойыл облысына жатады. Сондықтан осы облыстың атымен үкімет «Ойыл уәлаяты» аталды» деп келтірген.

Ғ. Әнес пен М. Тәж-Мұрат: ««Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі орталық Алашордадан бөлініп кеткен жоқ және бүкіл қазақстандық билікке ие болуды да көздемеген. Мемлекет құрылымы жағынан ол – федерация объектісі, құқықтық-саяси дербестігі жағынан автономиялық республикалар құрылымындағы кантон, штат, өңір (земж) деңгейінде тұрды», – деп жазады

Қорыта айтқанда, 1918 жылы 18 мамырда Қазақстанның Батыс өңірінде «Ойыл уәлаяты» атты уақытша үкімет құрылып, қызмет жасады. Үкімет құрамына жеті адам сайланды. Олар: Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Дәулетше Күсепқалиев, Салық Омарұлы, Қалдыбай Асанов, Ғабдол-Ғалым Қуанайұлы, Сабыр Сарғожин.

Бұлардың барлығы жоғарғы білім алған, өте сауатты, оқыған зиялылар болатын және 10 адамнан тұратын арнаулы кеңес құрылды. «Ойыл уәлаятының» жоғары органы-уәлаяты құрылтайы, халық сайлайтын басқару органы-земство управасы, мемлекет органы – кеңес, мемлекет орган құратын атқарушы билік аппараты – уақытша үкімет болды. Ал жергілікті өзін-өзі басқару органдары ауылдық, болыстық және уездік земство комитеттеріне бөлінді. Сондай-ақ,  уәлаяттағы заңдылықты сақтау, құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында земстволық жиналыс сайлайтын құзіретті органдар-уездік соттар мен жергілікті милиция құрылды. Уәлаят бірнеше уезге бөлінді. Нақтылы мәліметтер бар: Жымпиты уезі (земстволық басқарма төрағасы-жоғары білімді ветеринар Бижан Жанқадамов), Жымпиты қаласы уәлаяттың орталығы ретінде белгіленді, сондай-ақ Ойыл уәлаяттық маңызы бар қала саналады, съезд сияқты өкілетті басқосулар осы екі қала ортасында оңтайлы орналасқан Қаратөбеде өткізілді. Жаңа ұлттық үкімет басшылары әскер жасақтау мәселесіне ерекше мән берді. Бүгінгі күнде «Ойыл уәлаятының» әскері тұрған жерге Жаһанша Досмұхамедовтың бел немересі Құдес Қуанышалиев 1998 жылы белгі тас орнатқан. 1918 жылы шілдеде Жымпитыда прапорщиктер, Ойылда юнкерлер мектебі ашылды.

Құрамын екі мың адамға жеткізу белгіленген әскери жасақты «Халық милициясы» деп атады. Оған 18-30 жас аралығындағы, ұлты қазақ ер адамдар, негізінен 1916 жылы майдан жұмысына барып келген жігіттер алынды. Киім үлгісі: шолақ татар шекпен, биік саптама етік, дөңгелек жиекті шошақ бөрік, иықта – жүздік нөмірі көрсетілген погон. Әскер жорыққа ақ ту ұстап шыққан, мұның өзі уәлаят милициясының жалпы Алашорда әскерлерінің құрамдас бөлігі ретінде жасақталғанын дәлелдейді. Уәлаяттың әскери жасағын Сабыр Сарығожин, Нәдірше Сұлтангерейұлы Есімханов басқарды, бас интендант міндетін Б. Атшыбаев атқарды. Уәлаят әскері офицерлерінің арасында Б. Қаратаевтың  баласы хорунжий Мұрат Қаратаев, Мұхит Мерәліұлының немересі прапорщик Ғұбайдолла Мұхитов және т.б. бар.

1917-1918 жылдардағы елдегі саяси жағдай Алаш зиялыларын бірден ұлттық автономия құруды қолға алуға итермелегені сөзсіз.

Әлихан Бөкейханов болашақ саяси бірліктің керектігін ұғындыру мақсатында: «Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдына дауыл, үй алдына жау келді.

Алаштың баласы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс. Алаштың басын қорғауға кіріс», – деп аласапыранның алғашқы күндерінен-ақ қазақ жұртын ұлт дербестігі үшін бірлікке шақырады .

Қазақ жерін Алаш автономиясына біріктіру өте сауатты, жоғары саяси деңгейде, конституциялық құқықты жолмен жүргізіледі. Ұлт зиялылары «Алаш» партиясын құрып, Алашорда өкіметін жариялайды.

«Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының «Жергілікті бостандық» деген бөлімінде «Қазақ жүрген облыстарының бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Ресей Республикасының федерациясының бір ағзасы болуы, реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлес болуы, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы. Қайткенде де, осы күнгі земстволықты қабыл алуы» делінсе, келесі «Жер мәселесі» бөлімінде: «Ақмола, Семей, Торғай, Закаспийск, Жетісу, Сырдария, Орал  облыстары жерлері мен Бөкей губерниясы және өзге қазақтар тұратын жерлері Алаш автономиясы құрамына кіреді» деп атап көрсетеді.

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,

Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер»

қоғамдық қорының президенті, алаштанушы


Тегтер: , , , , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика