Кенеден сақ болыңыз!

Күні , 128 рет оқылды

Жаздың алғашқы айын да орталадық. Табиғаттағы демалыс – стрестен арылу және күш-қуатты қалпына келтірудің ең жақсы амалы.  Қала тұрғындарының көпшілігі саябақтарда және орманды-саябақ аймағында уақыт өткізуді құп көрсе, кейбіреуі жаяу туризммен әуестеніп далалық демалысқа (походқа) шығады. Осындай іс-шараларға аттанбас бұрын демалыстың шырқын бұзбас үшін барлық мүмкін болатын жайсыздықтардың алдын алған жөн.

Жазда алаңсыз демалуға түрлі жәндіктер мен шыбын-шіркей кедергі келтіреді. Егер беймаза шыбын мен басқа да шіркейлер жайсыздық тудырса, маса, сона, ара сияқты жәндіктер денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін. Бірақ ең қауіптісі – тас кенелер. Көзге түспейтіндей дерлік кіп-кішкентай қансорғыштар өз құрбанын көбіне шөпте, ал арасында бұталарда күтеді. Тас кененің шағуы адам ағзасына кейбір инфекциялардың түсу қатерімен де қауіпті.

Егер орманды және орманды-дала алқаптарында демалуды жоспарласаңыз, тас кене туралы және жәндік шаққан кездегі алғашқы көмек көрсету әдістері туралы білгеніңіз жөн.

Тас кененің шаққаны бірден байқалмайды, себебі ол ешқандай әсер туғызбайды. Барлық жайсыздықтар кейінірек басталады. Егер тас кене шаққан кезде қалаға жақын жерде болсаңыз, шұғыл жарақат пунктіне жетіңіз. Мамандар тас кенені артық қауіп-қатерсіз алып тастайды. Тас кенені денеден ажырату оңай емес, бірақ ең бастысы дүрлікпей,  бәрін асықпай және жүйелі жасау керек.

Тас кенені шығару үшін қарапайым жіпті пайдалануға болады. Бұл үшін тас кенені жіппен аса мұқият орау керек. Жіпті тас кененің денесі мен ол жабысып алған орынның арасын орап және тас кененің айналасын екі айналыммен орау керек. Пайда болған ілгекті оның мойнына сәл байлап, содан соң жіптердің шеттерін бір-біріне жалғап, екі саусақпен оны шиыршықтай бастау керек. Асығып шұғыл қозғалыстар жасаудың қажеті жоқ. Бұл ең қауіпсіз амал.

 Тас кенені шығарғаннан кейін шаққан орынды спиртпен, арақпен, зеленкамен немесе йодпен зарарсыздандыру  керек. Содан соң қолды сабынмен мұқият жуған дұрыс. Шығарылған тас кенені қақпақпен нығыздап жабылатын суы бар шағын шыны ыдысқа салып, зертханаға талдау жасауға апару қажет.

Тас кенелер көбейетін мамыр-маусым айларында саяжай учаскесіндегі шөпті профилактика мақсатында шабыңыз, ешқандай қалың нудың ішіне кірмеңіз, тас кенені уақытында көру үшін үсті-басыңызды үнемі тексеріп отырыңыз. Тас кенелердің денеге бірден жабыспайтынын есте ұстаңыз, олар қан тамырларына жақын орынды іздейді, сондықтан өзіңіздің және отбасыңыздағы жақындарыңыздың үстін қарай отырып, киімде өрмелеп жүрген тас кенені ұстап үлгеруге болады.

Табиғат аясындағы демалыстан үйге келген соң киімдерді мұқият қараңыз, тас кенелер киімнің қыртыстарына жасырынып қалуы мүмкін.  Бұл айтылғандар жануарларға да қатысты, олардың түктеріндегі тас кенелер байқалмайды. Сондықтан үй жануарларының үсті-басын да міндетті түрде тексеру керек.

Тас кенелер ағаштарда жүрмейді, олар секіре де, ұша да алмайды. Әдетте шөпте немесе аласа бұталарда жасырынып жатады. Тек қасына адам келген кезде оның киіміне жабысып алады. Оның шаққанын бірден сезбейміз, себебі тас кенелер шаққан кезде ауыртпайтын сұйықтық бөлінеді, сондықтан киімді тексеру профилактиканың ең маңызды бөлігі.

Ольга  ПРОТОПОПОВА,

Орал  қалалық  ТЖБ-ның  бас маманы,

азаматтық  қорғау  подполковнигі


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика