ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Бөкей ордасы мен Жәнібекке жол салынады»

Күні , 132 рет оқылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі іргелі кәсіпорындарда болып, сондай-ақ жұртшылық өкілдерімен кездесті.

 

Жаңа  технология – табыс  кепілі

Президент алдымен «Квант» ЖШС-ның цехында жиынтық жиһаз жасаудың технологиялық үдерістерімен танысты. Мұнда кәсіпорынның қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімделіп, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде айтылды.

Индустрияландыру картасына енгізілген жиһаз фабрикасын ашу үшін (жоба құны – 1,1 млрд. теңге) кәсіпорынға кезінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау көрсетілген болатын. Мұнда германиялық Nomag фирмасының жабдықтары орнатылған. Жиһаз фабрикасында жатын, ас үй және балалар гарнитурлары, басқа да түрлі жиһаздар шығарылады. Жұмсақ және жиынтық жиһаз үшін пенополиуретан мен матрастар да өндіріледі.

Фабриканы аралау кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен болашағы жөнінде баяндап берді.

Бұдан бөлек кәсіпорын аумағында Елбасына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін сумен тазалауға арналған  жобалар  бар.

Елбасы одан кейін Зеленов ауданы Щапов ауылында орналасқан «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның құс фабрикасына ат басын бұрды. Жылына 7200 тонна құс етін өндіретін фабрика өткен жылы Президенттің қатысуымен болған телекөпір барысында іске қосылған. Өнімнің 90 проценті ішкі нарыққа жіберілсе, 10 проценті сыртқы  нарыққа  шығарылады.

Қабырғаға және шатырға арналған материалдарды, шыны және металл бұйымдарын шығаратын «Агран» зауытында кәсіпорынның қазіргі дамуы және мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларға қатысу арқылы оның өндірістік қуатын арттыру жайы сөз болды. Президент кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысып, дайын өнім үлгілерін көрді.

Сонымен қатар «Мясодел» және «Кублей» брендтерінің ет өнімдерін дайындаумен және өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.

Елбасы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да көмірсутегі шикізатын өндіру және тасымалдау саласында пайдаланылатын құрылғылар мен жабдықтар жасау үдерісімен танысты. Президентке кәсіпорынның технологиялық қуаты, сондай-ақ зауытта жасалған қорғаныс өнімдері – атыс қаруы мен оқ-дәрі үлгілері  көрсетілді.

«Орал – Қазақстан бойынша  экологиялық  жағынан ең  таза  қала»

Өндіріс нысандарын аралап болғаннан кейін Мемлекет басшысы Орал қаласындағы жаңа алаңға келді. Мұнда облысымыздағы Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерімен және зиялы қауым  өкілдерімен  жүздесті.

2016 жылы пайдалануға берілген аталмыш алаң құрылысының жобалық құны 1,4 млрд. теңгені құрайды. Қала тұрғындарының демалуына, мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған алаңның жалпы ауданы 7,0222 га. Алаңның қыдыруға арналған аумағы мен отыратын орындары жалпы алғанда 8-10 мыңдай адамды сыйғыза алады.

Ел Президенті осы жерде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.

Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй тұрғызу, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімдеме жасалды. Сонымен қатар облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы да баяндады.

Жаңа алаңдағы сәулетті құрылыстарға көңілі толатындығын жеткізген Елбасы көпшілік тарапынан қойылар сұрақ, көтерілер мәселелер болса, тыңдауға әзір екенін айтты.

– Аса қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Бізді, әсіресе, қуантатыны – наурыз айында Парламентте мәлімдеген бастамаларыңыз. Әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі ашылып жатыр. Бұл, әрине, үлкен әлеуметтік мәселе екені даусыз. Сіз жастардың болашағына көп мән бересіз. Оларға сапалы білім беру, қала берді өзінің кәсібін ашу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету секілді бастамаларыңыз да көкейге қуаныш ұялатады. Сондықтан да ақсақалдардың атынан сізге үлкен рақметімді айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Батысқазақстандықтар сіздің барлық игі бастамаңызды қолдайтынына сеніміміз кәміл, – деді Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев.

Кездесу барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева бастаған зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ этномәдени бірлестік жетекшілері Елбасы саясатына қатысты ризашылықтарын білдірді.

– Ақ Жайық өңіріне әдейі ат басын бұрып келіп тұрмын. Еліміздің қиыр батысында жатқан ағайынсыздар. Сондықтан мен ылғи көңіл бөліп отырамын. Шекарада тұрған елдің жағдайы жақсы болуы керек. Қалаларымыз жылдан жылға дамып, еліміз өркендеп келеді. Өндіріс ілгерілеп келеді. Жаңа ғана шағын, орта деңгейдегі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Қазіргі таңдағы керегі де осындай жұмыс орындары. Өйткені аса ірі кәсіпорындардың заманы өткен. Өңірлеріңізге «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жас әкімді тағайындағаныма да біраз уақыт өт-ті. Ағылшын тілін білу арқылы инвестиция тартып, түрлі жобаларды жүзеге асыруға тырысып келеді. Жаңа алаңның көрінісі тамаша. Бұл жерге сенбіліктерде молырақ тал егіп, әлі де көгалдандыруға мән берген жөн. Орал – Қазақстан бойынша экологиялық жағынан ең таза қала. Ұзақ өмір сүру үшін қажетті негізгі ұстанымдардың бірі – қай жерде қолайлы болса, сол жерде өмір сүру. Экология таза, қалғаны өзімізге байланысты. Адам денсаулығы жақсы болуының 90 проценті өзіне, ал қалған 10 проценті дәрігерлерге байланысты. Мен көп жылдан бері ел басқарып келемін. Жайық өңірі – шаруашылыққа қолайлы мекен. Батыс Қазақстан облысы – бұрыннан бері ірі қара етін өндіруші аймақ. Жаңа ғана ет өңдеуші зауытта болдым. Онда малдың сүйегіне дейін пайдаға асырып жатыр. Менің бес әлеуметтік бастамамның бірі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту. Пәтері бар тұрғындар бұл бағдарламаға ілікпейді. Бұл бастама жұмыс жасайтын, алайда пәтерге қолы жетпей жүрген жанұяларды баспанамен қамтуға бағытталған, – деген Елбасы бес әлеуметтік бастаманың және еліміздегі жастарға, шағын кәсіпкерлікке туғызылып отырған жағдайдың қолайлы тұстары  туралы  кеңірек  әңгімеледі.

– Ал Достық үйлерінің жұмысы – біздің саясатымыздың маңызды бағыты. Қазақстан – халқының татулығымен барлық елге үлгі. Бұл – біздің ең ұлы жетістігіміз. Бақыт дегеніміз – ынтымағы жарасқан елде өмір сүру, балаларды соғысқа жібермеу. Біздің аталарымыз бірінші дүниежүзілік соғысты, төңкерісті, азамат соғысын бастан өткерді. Әкелеріміз болса, екінші дүниежүзілік соғысқа тап келді. Аштық пен саяси қуғындаудың да теперішін көрді. Ал біздің буын бақытты ұрпақ, 74 жылдан бері бейбіт өмір кешіп келе жатқанымыздың ұлы бақыт екенін ұмытпауымыз керек.

Шекарадағы елдермен бейбіт қарым-қатынас ұстанып отырмыз. Сыртқы және ішкі тыныштық дамуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Елімізде мұнай мен газдың қоры болуына байланысты индустриалды саясатты да жүргізіп келеміз. Алайда бұлардың бағасының қалай өзгеретінін көріп отырғандықтан, өндірістің өзге түрін де дамытуымыз керек. Инфрақұрылымға келетін болсақ, Саратов бағытына жол салынуда. Бөкей ордаға қатынайтын ішкі жолдардың құрылысын жеделдету үшін Үкіметке тапсырма берілді, – деді  Мемлекет  басшысы.

Жаңашыл  жастарға – жол  ашық

Оқушылар сарайына барған Президент алдымен балғын боксшылармен емен-жарқын әңгімелесті. Жас былғары қолғап шеберлері болашақта осы Батыс Қазақстан облысынан шыққан Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов сияқты әлемдік жарыстарда топ жаруға  уәде берді.

Сондай-ақ осы сарайда БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірде денсаулық сақтау және білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобаларымен таныстырды. Елбасы бұл жөнінен Батыс Қазақстан облысының алда екендігін, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керектігін  атап  өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар жаңашыл жастармен де кездесті. Жас кәсіпкер, «Fiesta» дүкендер желісінің директоры Асхат Рамазанов «Бастау» коворкинг орталығында жаңа жобалар мен идеяларға жол ашылып жатқанын мәлім етсе, «Qayir» қайырымдылық қорының жетекшісі Алпамыс Шәрімов ұлттық өнер мен мәдениетті әлемдік деңгейге шығару бағытындағы ойларымен бөлісті. «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған «Медиа этика» кітабын оқып, көкейге түйгендігін айтса, 1991 жылы Президент есімін қойған Нұрсұлтан Сақпаев ұшқыш болуды бала кезден армандағанын, қазір соның орындалып жатқанын жеткізді. Сол секілді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зарина Ықсанова Президенттің  «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында облыста жаңадан жатақханалар салынып жатқаны жастар үшін үлкен қуаныш екендігін жеткізді. Осы орайда облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде жеті, соның ішінде Оралда алты жатақхана салынып жатқанын атап өтті.

Елбасы жастарға қазіргі уақытта мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер жасалып отырғанын айтып, оларға жаңашылдық жолында табыс тіледі.

«Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін», – деп түйіндеді  сөзін  Мемлекет  басшысы.

Өңір  көрсеткіштері  өсіп  келеді

Сапарының соңында Елбасы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша өңірдің даму барысы жөніндегі есебі тыңдалды.

Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан Президентінің мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң  баға  берді.

«Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу ісінде барлық облыстың атқарып жатқан жұмыстарының маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өсіп келе жатқанына тоқталып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені қуантарлық жайт. «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру арқылы біз құрылыс қарқынын арттыратын боламыз», – деді Нұрсұлтан  Назарбаев.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың проблемасына тоқталды.

Елбасы облыс басшылығына экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды және өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды одан әрі дамытуды тапсырды.

«Ірі инвесторларды тартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырудың да маңызы зор. Мәселен, менің АҚШ-қа сапарымнан кейін америкалық ірі бизнесмендер тобы Қазақстанға келіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Біз үшін олардың инвестициясы, технологиялары және нарығы маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологияларды пайдалану арқылы облыста «жасыл» экономиканы дамытудың қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы ауыл жастарын жұмыспен қамту мәселесіне тоқталып, оларды мемлекет қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үдерісіне тартуды тапсырды.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнес секторындағы диспропорцияға назар аударды.

«Орал қаласы мен Бөрлі ауданы шағын және орта бизнес өндіретін бүкіл өнімнің 90 процентін өндіріп отыр. Қалған 11 ауданға 10 процент тиесілі. Адамдарға бизнеспен айналысуды үйретіп, кәсіпкерлерді қолдауға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ экспорт көлемін арттыру үшін өңірдің шекара маңы әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырып, облыс ішінде көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін атап өтті.

Жиында Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салу мәселесі де сөз болды. Орал қаласынан бұл аудан орталықтарына дейінгі 500 шақырым жолдың бүгінде 200 шақырымы жаңа кейіпке енді. Елбасы жолдың қалған бөлігін асфальттауға қаржы бөлу жөнінде Үкіметке тапсырма бергенін атап өтті.

– Бөкей ордасына туристерді апарамыз, көрсетеміз деп отырмыз. Ал жөнді жол болмаса, оларды қалай жүзеге асырамыз? Сондықтан осы мәселені қолға алып, бәріміз бірге шешетін боламыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Айта кету керек, жол бірден салынбайтыны анық. Оған қаржы бөлуге, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға біраз уақыт кетеді.  Дегенмен де көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселенің шешімін таба бастағаны қуантады.

Жиын соңында Қазақстан Президенті өңірдің даму қарқынын сақтауды және жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алып, қамтамасыз етуді тапсырды.

Ғайсағали  СЕЙТАҚ,

Нұртас  САФУЛЛИН,

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суреттер  www.akorda.kz   сайтынан алынды


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика