«Таңсұлу» – қазақ әйелінің ұлттық болмысы

Күні , 69 рет оқылды

Облысымызға  гастрольдік  сапармен келген М. Әуезов атындағы  қазақ  мемлекеттік академиялық драма театры әртістері  қойған  соңғы пьесалардың   бірі  «Таңсұлу»  драмасы болды.

Х. Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында болған  бұл  қойылымды  облыс әкімінің  орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов,  Қазақстанның  халық әртісі,  актер,  режиссер  Асанәлі Әшімов,  Қазақстанның  халық әртісі, профессор  Есмұқан   Обаев, біздің  өңірден  шыққан  өнер иелері  Қазақстанның еңбек  сіңірген  қайраткері Данагүл  Темірсұлтанова, «Құрмет»  орденінің  иегері  Назгүл Қарабалина   да  тамашалады.

Алатау бөктерінен келген «Әкемтеатрдың» әртістері бұған дейін Сырым, Теректі және Зеленов аудандарында өнер көрсеткен еді. Кейін қала тұрғындары мен қонақтарына да тағылымды қойылымдар ұсынып үлгерген-тұғын. Бұл жолғы қойылым алдында Қазақстанның халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімов сахна төріне көтеріліп, батысқазақстандықтарға жылы лебізін білдірді. Залға лық толған көрермен де актерға  зор  қошемет  көрсетті.

– Ей,  тәкаппар  дүние,

Маған  да  бір  қарашы.

Танимысың  сен  мені?!

Мен – қазақтың баласы! – деп тебіреніске толы сезімін өлеңмен бастаған актер сөзін былайша сабақтады. – Бүгін – мен үшін тағы бір қуанышты күн. Өзінің көрермендерімен кездесу – актер үшін, мен үшін үлкен бақыт. Елге сағынып, іздеп келеміз. Бұл театр – ұлылар шыққан шаңырақ. Мен халық әртісімін, әрдайым халықпен біргемін. Халық айтса, қалт айтпайды, дұрысын айтады. Ха-лық – түзеуші, бағыт-бағдар сілтеуші. Актердың екі өмірі бар. Біреуі күнделікті сіздердің алдары-ңызда өтіп жатса, екіншісі – сахна. Сахнадағы өмірім менің жасыма жас қосады, өмірімді ұзартады. Бүгін сіздердің алдарыңызға келіп тұрмын. Сіздермен әлі талай кездесеміз деп ойлаймын. Кездесуге жазсын!

Алматылық актерларға ыстық ықыласын білдірген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов театр ұжымына облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхатын  табыс  етті.

– Бұл сапарымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Туған жерге тағзым ету мақсатында өңірлерді аралап жүрміз. Осы сапарымыздың барысында біз Назарбаев зияткерлік мектебінде, М. Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатында, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да, Құрманғазы атындағы саз колледжінде болдық. Оқушылармен, студенттермен, оқытушылармен кездесіп, ой бөлісіп, пікір алмастық. Мұның бәрі елге рухани сілкініс әкеледі деп ойлаймын, – деген аталмыш өнер ұжымының директоры Асхат Маемиров бұл сапарға қолдау көрсеткен облыс басшылығына  алғысын  жеткізді.

Сахна шымылдығы түрілген сәтте бабаларымыздың тыныс-тіршілігін бейнелеген көрініс көз тартты. Кең байтақ дала төсін мекендеген халқымыздың өмірі тамаша табиғатпен астасып жатқаны лед-экран арқылы ЗD форматта сәтті бейнеленді. Бүгінгі жаңа технология бабалардың өмірін шынайы көрсетуге мүмкіндік туғызды. Сахнаның ұлттық нақышта безендірілуі де көрермен қауымды сол заманға бір табан  жақындата  түсті.

«Таңсұлу» драмасы белгілі мемлекет қайраткері, академик Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» атты новелласының желісімен қойылды.

Қоюшы-режиссеры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева. Болған оқиғаға негізделіп жазылған философиялық туынды қыз тағдырынан, болашақ ана тағдырынан сыр шертеді. Ақылына көркі сай Таңсұлудың тағдыры арқылы сол кездегі қазақ халқының жағдайы, рухани болмыс-бітімі бейнеленеді. Таңсұлудың болашағын болжаған балгер кемпір оның анасына «Қызыңды сүйгеніне қос, әйтпесе, өкініштен өлесің» дейді. Тап осы бірауыз сөзбен қойылым оқиғасы өріліп, сұлулықтың бақытпен қоса қасірет әкелетіні шынайы суреттеледі. Сұлу да инабатты, ақылды да батыл қыз ел намысын, ұлттық рухты өзінің асыл сезімінен биік қояды. Сөйтіп өзін ұнатқан, өзі де іштей сүйген қалмақ бегіне емес, бала кезден атастырылған Жойқын есімді жігітке ұзатылады. Ал сүйгенінің бұл тірлігінен хабардар болған қалмақ бегі қазақ еліне шапқыншылық жасап, Таңсұлуды өзіне жар ететінін айтады. Алайда намысын ту еткен қайсар қазақ қызы мұрнын кесіп, сұлулығын тәрк етеді. Қалмақ жеріне кеткенде құрсағында болған қазақтың баласын өмірге әкеліп, дана халқымыздың тәлімі мен тәрбиесін беріп өсіреді. Бірнеше жылдан соң еліне оралған Таңсұлу ұлы мен жары Жойқынның табысқанын сырттай көрген соң, суға кетіп мерт болады.

Көрермен Ажарлым Бақытжанова (Таңсұлу), Ғалым Оспанов (қалмақ бегі), Қазақстанның халық әртісі, жерлесіміз Гүлнәр Жақыпова (балгер кемпір) сынды басқа да актерлардың кәсіби шеберлігіне тәнті болып, ерекше ықылас көрсетті.

Бір апта бойы Ақ Жайық өңірінің өнерсүйер қауымына тамаша қойылымдарымен рухани азық сыйлаған М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гастрольдік сапарын Р. Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» тарихи драмасымен қорытындылады.

Гүлнәр  ЖАҚЫПОВА,

Қазақстанның  халық  әртісі:

– Бұл пьеса болған оқиғаға негізделіп жазылды. Қандай ғашық болса да, қиындық көрсе де, өзінің намысын, жүрегіндегі рухын ешкімге таптатпаған Таңсұлу қазақ қызының, қазақ әйелінің асқақ рухын көрсетеді. Мен екі дүниенің ортасында жүрген бақсы, көріпкелдің рөлін сомдадым. Әрине, бұл рөлді алып шығу оңай болған жоқ. Кейіпкерді сомдау үшін үлкен дайындықтан өттім. Егер де көрерменнің көңілінен шығып, жақсы бір әсер қалдырсам, ризамын. Қошеметін аямаған оралдық көрермендерге алғысымды білдіремін.

Ғалым  ОСПАНОВ,  театр  актеры:

– Біз сахналаған пьеса ұлттық рухты оятар күші, тәрбиелік мәні бар туынды. Ақерке Жайық өңірі – небір атпал азаматтар шыққан, ұлы ақындар мен батырларды дүниеге әкелген мекен. Батыс өңірінің тұрғындарын өнер десе, ішкен асын жерге қоятын халық деп есептеймін. Соның бір дәлеліндей, көрерменнің қошеметі өте керемет

болды. Алғысымыз шексіз. Өнер адамы үшін қошеметтен артық құрмет жоқ. Бізді арқаландырып, шабытымызға қанат бітірген Орал халқына үлкен ризашылығымды  білдіремін.

Ырысқал АЙМАНҚЫЗЫ,  қала  тұрғыны:

– Өнер майталманы Асанәлі ағамызға алғысымды білдіремін. Бұрыннан бері киноларын көріп, сахнадағы өнеріне тәнті болып келеміз. Өзінің ізін басқан жастарға жөн сілтеп, өнерімен өрге жүзген актерға деген құрметіміз зор. Бұл қойылымнан өте жақсы әсер алдым. Драманың мазмұны мен мәнін актерлар асқан шеберлікпен жеткізе білді. Осындай атақты өнер ұжымдары жиі келіп тұрса екен деймін.

Шаһизада САҒЫНДЫҚОВА,

Құрманғазы атындағы саз колледжінің 1-курс студенті:

– Театрға жиі келіп тұрамын. «Таңсұлудан»   керемет әсер алдым. Актерлар сомдаған әр образ әдемі шықты. Халықтың жүрегінен орын алды деп ойлаймын. Бұған дейін екі қойылымға келген болатынмын. Әрбір қойылымда бір ерекшелік бар. Лед-экранмен бейнеленген табиғат көріністері, сахнаның көркем безендірілуі де көңілден  шықты.  Театр  ұжымына  тек  сәттілік  тілеймін.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика