«Қоғамдық қадағалау картасы» деген не?

Күні , 38 рет оқылды

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қоғам болып күресудің маңызы жоғары. Осы жайында Достық үйі ғимаратында ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысында айтылды. Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің өкілдері, БҚО ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің төрағалары мен этномәдени бірлестіктерінің мүшелері қатысты.

– Былтыр аталған департаментпен бірге ассамблея өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар іс-шараны бірге атқардық. Іс-шаралар жоспары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыстық ассамблеяның жастар қанаты қоғамдық орындар мен мекемелерде жемқорлыққа қарсы үгіт материалдарын таратты. Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қала тұрғындары арасында «Жемқорлық деген не?», «Мүлдем төзбеушілік» тақырыбында сауалнамалар ұйымдастырды.  Бұл бағытта іс-шаралар биыл да жалғасын табады, – деді облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.

Шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жай-жапсарын түсіндірді. Оның айтуынша, ҚР «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының 23-бабында жұртшылықтың қоғамның қатерлі дертімен күресуге үлес қоса алатыны көрсетілген. Биыл жаңадан қолға алынған «Қоғамдық қадағалау картасы» жобасы бойынша әлеуметтік желілер арқылы кез келген тұрғын немесе үкіметтік емес ұйымдар өкілі сыбайлас жемқорлық көрінісі жайында хабарлай алады. Сонымен қатар «QAMQOR» мобильді қосымшасы арқылы жеке куәлігіндегі ЖСН-ді енгізе отырып, шағым түсіруге мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар колл-орталық нөміріне және облыс орталығындағы немесе арнайы мобилді топ жетекшілеріне хабарласуға болады.

– Биылғы І тоқсанда «Болашаққа парасыз. Бірге!» жобасы бойынша жемқорлыққа қарсы мобильді топтар облыс бойынша 71 кездесу ұйымдастырды. Айта кетейін, республика бойынша teleqram желісі арқылы «ЮрСоветник» бот жүйесі автоматты түрде құқықтық кеңес береді. Соның көмегіне жүгіне аласыздар, – деген Біржан Хайруллин мемлекеттік қызметкерлер жұмыс кезінде өздеріне тапсырылған сыйлықтарды мемлекеттік қорға тапсыруы тиіс екенін айтты. Былтыр біздің облыстан қорға тапсырылған сыйлықтардың құны 227 мың теңгені құрады.

Шарада сыбайлас жемқорлық деректерімен қолға түскен мемлекеттік қызметкер жайында шағын фильм көрсетілді. Дөңгелек үстелде ассамблея мүшелері де өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

«Орал өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика