Онкодиспансер тегін тексеруден өтуге шақырады

Күні , 49 рет оқылды

14-18 мамыр аралығында Батыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерінде онколог, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің онкологиялық қызметті бағалау және мониторинг жүргізу тобының жетекшісі Нұрлан Балтабековтің қатысуымен медицина қызметкерлеріне арналған оқыту семинары өтуде. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау алгоритмі» тақырыбын арқау еткен бес күндік оқыту семинарына қалалық, аудандық ауруханалар мен емханалардың және ауылдық амбулаториялардың 150-ден астам медицина  қызметкері  қатысуда.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-дәрігері Нұрлан Балтабековтың айтуынша, аталмыш шара еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылып отыр. Қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау және емдеу көрсеткіші бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада алдыңғы қатарда. Әйткенмен, аудан-ауылдардағы медицина қызметкерлерінің білімін арттыру арқылы онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға, сәйкесінше науқастың кеселді жеңіп шығуына  жәрдемдесуге  болады.

– Қатерлі ісік алғашқы сатысында еш белгілерсіз өтетіндіктен, скринингтік тексерулерсіз анықтау мүмкін емес. Обырдың қауіптілігі де осында. Көп адамдар ағзадағы түрлі ауытқуларға мән бермей, ауру әбден асқынғанда ғана дәрігерге қаралады. Оқыту семинарында дәрігерлер мен фельдшерлерге, мейірбикелерге қатерлі ісіктің алғашқы белгілері, аурудың себеп-салдары, обыр алғаш анықталған науқастар үшін моральдық-психологиялық көмектің маңызы туралы нақты кеңестер беріледі. Қатерлі ісік – үкім емес. Ауру ерте сатысында анықталса, науқас толық жазылып шығады, – дейді онколог-дәрігер.

Қатерлі ісік ауруының алдын алу мақсатында ертең Орал қаласындағы облыстық онкологиялық диспансерде «Ашық есік» күні өтеді. Қабылдау 18 мамырда Алматы көшесі 58 мекенжайында орналасқан облыстық онкологиялық диспансердің 127-бөлмесінде сағат 10.00-16.00 аралығында өтеді. Облыстың кез келген тұрғынының алдын ала жазылусыз тегін тексеруден өтіп, онколог-дәрігерлерден кеңес алуға  мүмкіндігі  бар.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика