Қаһарман партизан

Күні , 38 рет оқылды

Қазақстанның халық қаһарманы  Қасым Қайсеновтың туғанына 100 жыл

Адамзат  тарихындағы  сұрапыл соғыстың  аяқталғанына  70 жылдан  асса  да,  ұрпақ майдангерлердің  ерлігін  ұмытпақ емес.  Олардың  қайсарлығы  мәңгі жұрт  жадында.  Ұлы  Отан  соғысында, әсіресе,  қазақ  жауынгерлері  өзінің батылдығымен,  қайсарлығымен ерекше  көзге  түсіп,  жеңіске  жетуге  елеулі  үлес  қосты.  Сондай  даңқты  батырлардың  бірі –  қазақтың  қайсар  ұлы  Қасым  Қайсенов.

Ол  Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін 1935 жылы он жеті жасында Өскеменге келіп, саяси-ағарту техникумын жұбайы Асыл екеуі бірге бітіріп, 1937 жылы отбасын құрады. Асыл әжеміз сол жылы небары 16 жаста болған. Қасым ағамыз 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген. 1939-1940 жылдары Мәскеудегі әскери диверсиялық-барлау мектебінде оқыды. Соғыс басталғанда Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның  басқыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Қасым Қайсеновтың Украина жерінде «Вася» деп аталу тарихы да қызық. Ол кезде әрбір партизанның қару-жарақ, гранат, оқ-дәрілері 80 келіге  жуық болатын. Әрине, мұндай ауыр жүкпен ұшақпен жау тылына сәтті жету қиынның-қиыны болатын. Осындай сапарлардың  бірінде  Қасым Қайсенов те аттандырылады. Жау тылына сапарға шыққан ұшақ түн қараңғысында орманды алқапқа жетіп, партизандарға ұшақтан секіру бұйрығы беріледі. Қасым барлық қару-жарағын сақадай сай етіп, бас айналар биіктен төмен қарай секіріп кетеді. Алайда Қасым қараңғылықта  жазық даланың орнына қала шетіндегі үлкен шіркеудің кресіне парашютімен қоса ілініп қалады. Мұндай шарасыз күйге түскен Қасым беліндегі қанжарымен парашюттің шырмалған жіптерін кессе, биіктен құлап, аман қалмайтынын түсінеді. Қаруын сайлап, таң атуын күтеді. Абырой болғанда, бұл қалада неміс әскерлері жоқ екен. Ауыл тұрғындары шіркеудің кресінде ілініп қалған Қасымды тамашалауға түгел жиналады. Соғыс кезінде мұндай күтпеген көрініске  тап болған украиндықтар мұны құдайдың бір кереметіне балап, Қасымды көктен түскен әулиедей көріп, «Вася» атап кеткен екен. Қаһарман партизан Қайсенов Закарпатье, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асырды. Қасым  Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Соғыс біткесін ақын Жұмағали Саин екеуі елге оралады. Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының батырлығын бейнелейтін Қасым ағаның «Жас партизандар» (1954), «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары», «Днепрде», «Переяслав партизандары» және тағы басқа кітаптары оқырмандардың іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды. Партизан жазушы кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы әрі ақылды, әрі қатал генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды. Кітаптар орыс, украин, қырғыз және вьетнам тілдеріне аударылды. Қасым Қайсенов – ерлік аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері, ерлікті аңсаған жас оқырманның ең сүйікті жазушысы. Қасым ағамыз Богдан Хмельницкий, Отан соғысы, «Чехословакия партизандары», Украинаның «За заслуги» ордендерімен, Кеңес одағының көптеген орден-медальдарымен марапатталған. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының, халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты. Қасым Қайсенов 1995 жылдың 24 сәуірінде тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы  «Халық  Қаһарманы» атағына ие болды. Әскери шені – полковник. Өскемен қаласының құрметті азаматы, сол қалада бюст орнатылды. Алматыда партизан жазушы Қасым Қайсеновке арналған ескерткіш тақта орнатылған.

Халық қаһарманы 30 жыл бойы тұрған Фурманов пен Абай даңғылдарының қиылысындағы үйге  ілінді. Оның да өзіндік тарихы бар. 1964 жылы Қазақ ҚСР Жоғарғы кеңесі Фурманов көшесі, №181 үйдегі 27-ші пәтерді Қасым Қайсеновке беру жөнінде шешім шығарған болатын. Дәл осы үйде Халық қаһарманының үздік туындылары дүниеге келді. Ол немере сүйіп, қанқұйлы соғыстан кейінгі мамыражай өмірдің қызығын осы үйде көрді. 2000 жылдары Үкімет Қасым Қайсеновке Көктөбе баурайынан өз алдына үй салып беріп, сонда көшірген болатын. Бірақ даңқты жазушының замандастары ескерткіш тақтаны Алматының орталығындағы үйге орнату дұрыс деп  шешіпті.

Марат  КӨПБАЕВ,

дарынды балаларға  арналған мамандандырылған С. Сейфуллин  атындағы №11  облыстық  қазақ мектеп-интернат   кешенінің АӘД   пәнін  оқытушы-ұйымдастырушы 


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика