«Ақтөбе» — «Ақжайық» — 5:3

Күні , 42 рет оқылды

Футболдан  Қазақстан  чемпионатының  оныншы  турында «Ақжайық» Ақтөбеде  жергілікті  командамен  кездесіп,  3:5 есебімен  жеңіліп  қалды.

ФИФА тәртіптік комитетінің шешімімен алты бірдей ұпайынан айырылған «Ақтөбе» клубы биылғы чемпионат барысында қиын жағдайда қалған болатын. Небәрі 4 ұпаймен көш соңында келе жатқан ақтөбеліктердің алға ұмтылатыны анық еді. Солай болды да. 27-минутта Бағдад Қайыров қақпа кілтін тапса, 41-минутта Маркос Пиззелли, 45-минутта Рейналдо есепті 3:0-ге жеткізді.

Өз қақпасына үш гол өткізіп алған Украина елінің өкілі Евгений Боровикті екінші таймда қазақстандық Сергей Ткачук алмастырды. Бірақ ол да қақпасын аман сақтай алмады. 56-минутта Рейналдо, 67-минутта Пиззелли мергендігімен танылды. Матч барысында өте сылбыр ойнаған қонақтардың тек содан кейін ғана есі кіргендей болды. 73-минутта украиналық қорғаушы Сергей Басов, екі минуттан кейін оның отандасы, шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола есепті қысқарта алды. 83-минутта сенегалдық шабуылшы Малик Мане «Ақжайық» сапындағы алғашқы голын соқты. Бұдан әріге меймандардың шамасы жетпеді.

Осылайша бір матчта сегіз гол соғылды. Бұл – биылғы чемпионаттағы қос қақпаға ең көп гол тоғытылған кездесу.  Бұл, екінші жағынан, қос команданың, әсіресе, «Ақжайықтың» қорғаныс шебінің жиі сыр бергенін көрсетеді. Оның үстіне украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдық клуб биылғы маусымда өз қақпасына ең көп гол (18) өткізіп алған команда болып отыр. Осыдан бапкерлер де, ойыншылар да тиісті қорытынды шығаратын болар.

Мұны матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында В. Мазярдың өзі де мойындады. «Қорғаныстағы мұндай қателіктер премьер-лига командасына тән емес. Егер команда бапкерді түсінбейтін болса, онда ол өзінің бұдан былайғы тағдыры туралы басшылықпен сөйлесуі тиіс. Мен де басшылармен кездесіп, бір шешімге келетін боламын», деді ол.

Айта кетейік, оныншы турда Атырауда жергілікті команданы 2:0 есебімен сүріндірген «Астана» 28 ұпай жинап, екінші орындағы қоржынында 23 ұпайы бар «Қайраттан» ұзай түсті. Елордалықтардан бір ойыны кем алматылықтар Қостанайда «Тобылдан» 0:1 есебімен ұтылды. Бұл «Қайраттың» биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңілісі еді. Қостанайлықтар 19 ұпаймен  үшінші  орында  келеді.

Алдағы сенбі, 19 мамыр күні «Ақжайық» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдайды. Талдықорғандықтар кеше көшбасшылардың бірі «Ордабасы» (Шымкент) командасын қабылдап, 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Ғайса  БӘЙМЕН


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика