Рухани жұтаңдық аздырады

Күні , 64 рет оқылды

Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы еліміз үшін дер кезінде жарияланған маңызы мол құжат болды.

Біз, бүгінгі аға буын өкілдері ата-анамыздың аузынан аштық пен жоқтықтың әңгімесін естіп, шет жағасын көріп өстік.  Ол кезде баланы Алланың бергені деп қарайтын қай үйде де қара домалақтар қарындары жалтырап өріп жүретінді. Біз де солардың біріміз. Соған шүкірлік етіп отыратын әжеміз «үйге кісі келеді» десе, қуанышты рең танытып, ескі текеметін қағып, тозығы жете бастаған көрпелерін сілкіп салатын. Үйдің тазарғаны бізге де ұнап, ақылды бола қалатынбыз.

Еліміз қоғам өзгерген өлара кезеңнен өтіп, жаңа үй болған жалшының баласындай күй кешіп, одан әлемдік қаржы дағдарысына килігіп, қат-қабат қиын кезеңдерге тап болды. Сол тұста көлігімізді сайламай, көшіміз түзелмейтінін ұққан Елбасымыз елдің экономикасын дамытуды бірінші кезекке қойды. Нарық заманының қағидасы сол – әркім қандай жолмен болса да жағдайын дұрыстауға тырысты. Адами тәрбиеміздің сәл тоқырағаны да осы тұс. Елбасы саясаты өз нәтижесін берді. Ел дамыды, кәсіпкерлік дамыды. Әр шаңыраққа шыр бітті. Бірақ кісілігіміз кенжелеу қалған еді. Осы кезеңде Президентіміздің көрегендігінен туған мақаласы көрпесін қағып салған әжеміздің  ісіндей болып, сансыраған санамызды сілкіп берді. Адами қасиеттеріміздің, рухани құндылықтарымыздың  көзін ашты.

Рас, қазақ халқы бұрын да рухани жұтаң ұлт болған жоқ. Көпті бастар көсемдігі де, сөз бастар шешендігі де, мәйекті мәдениеті де, салауатты салт-дәстүрі мен ғұрпы да әлемдегі ешбір елден кем болмаған. Оны көне тарих, шежірелеріміз дәлелдеп келеді. Ұлылық та, ұлтымызда о бастан бар қасиет. Оны марқұм әжем маған дәлелдеп кеткен екен.

«Қалай?» дейсіз бе? Көк жәшігі (теледидар), ұялы телефоны, интернеті жоқ сол кезде біздің ойыннан шаршағанда жиналатын жеріміз әжеміздің қасы, тыңдайтынымыз соның әңгімесі еді.

Қазір ойлап отырсам, бүгін біз данышпандар деп бас иетін Конфуций, Эпиктет, Талмуд, Джон Рескин, Влас Паскаль, Марк Аврелий басқа да мықтылардың әулиелік сөздерін мен алғаш сол әжемнің аузынан естіппін. Өзі өлгенше әкемнің өгей анасы екенін де білдірмеген, әріп танымайтын, мейірімі мол әжем жоғарыда аталған данышпандарды оқыған жоқ, ешкімнен естімегені де ақиқат. Демек, ұлтымыздың ұлылығын танытатын әжем айтқан есті әңгімелер ата-бабамыздан қалған сөз екені даусыз.

Ойын үстінде бір-бірімізге өк-пелеп, алакөзденіп, кектеніп, өш алуды ойлап келсек, басымыздан сыйпаған әжеміз:

– «Таспен атқанды аспен ат» деген, «Жақсылыққа  жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі». «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, – деп татуластырып, бауырластырып отыратын.

Әжем айтқан осы сөздердің «Чем отомстить своему врагу? Стараться делать ему как можно больше добра» деген  Эпиктеттің, «Плати добром за зло» деген Талмудтың  сөзінен қай жері кем? Дәлме-дәл аудармасы сияқты емес пе?! Осыдан кейін қазақты надан деп көрші!

Әжем бізге таңертең сәлемде-судің дұрыстығын ұқтырып өсірді. Осы тәрбиені ұстануды ұсынған маған қолымдағы келінім:

– Әке, бір үйден өрмейміз бе? – дейді күліп.

– Дұрыс, балам. Көршілермен де кешке дейін көріп, әңгімелесіп жүресің. Таңертең сәлем бересің ғой. Сол сияқты екі бөлмеде ұйықтап өрген бізге де сәлемдесу артық етпейді. «Сізге Алланың нұры жаусын» деп күлімдеп сәлемдесу арқылы сен бізге жан жылуын сыйлайсың. Ол бізді қуанышқа бөлейді, көңілімізді өсіреді.

Содан бері келінім мен немерем ұйқыдан тұрғанда сәлем беріп тұрады. Дұрыс емес пе?!

Зайыбым екеуміз таңертең жұмысқа шыққанда үнемі бір жас келіншек қарсы ұшырасады. Сәлемдесу орнына бетімізге бажырайып бір қарап өте береді.  Бұл біздің көңіл күйімізді бұзады, ренжітеді. Себебі, таныспыз, мектепте алдымыздан өтті, үйі көрші болса, қазір бір жиеннің әйелі. Сәлем беруді білмеуі санасыздығы емес пе?!

Қайран әжем, қандай есті адам еді. Болмашы ісімізге мақтау есту-ге құмартсақ:

– Балам, мадақ пен атақ іздеме, сұрап алған атақ абырой әпермейді. Атақ сені іздесе, ол құрмет, – деп отыратын. Осы сөздің дұрыстығына қанша рет куә болып келемін. Ал, оған мән  бермей, жақсы ат әпермейтін атақ қуғандар  қаншама?!

Орынсыз тәкапарлық та әкеңнің ескі шапанындай қолпылдап, адам бойына жараспай тұрады. Ол да абырой әпермейді. Бірақ төңірегіндегілерді көзге ілмей, өзінің көркін, оқығанын, байлығын малданып жүретіндер көп-ақ.

Ұлтымыздың «Қанағат қарын тойдырады…» деген сөзінде қандай мағыналы астар жатыр. Қанағатты, шүкірді білмей, құнық-қандардың байлықтан қандай опа табарын да өмірдің өзі көрсетіп жүр емес пе?!

«Семіздікті қой көтереді» деген, жоғарыда айтқан атақты алып жүру де екінің бірінің қолынан келмейтін оңай шаруа емес-ау деймін. Өйткені, кәсіпкер бір ініміздің арқасында ауылымызға қазақтың маңдайына біткен небір өнер саңлақтары жиі келіп тұрады. Әрине, тегін келмейді, жалданып келеді ғой. Біз «жұлдыз» санаған солардың адамдық келбеті еріксіз қынжылтады. Араққа тойып алып, аузына келген сөзді айтып отырған оларды көргенде көңіліміз құлазиды.

Қазақ – қызық құмар халық. Қызық болғанда аталарымыз сияқты ат шаптырып, көкпар тартып, палуан күрестіріп, жамбы атып, ақындар айтыстырып, ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрсек орынды ғой. Қазіргілер құмар ойынға тым құлықты. Кәсіпкерлердің картаға қомақтылап қаржы салып ойнайтынын жиі естиміз. Маңдай терімен тапқан қаржы картаға кетсе, қабақ шытпайтын солар аз қамтылғандар мен мүгедектерге қайырымдылық жасауға келгенде аттондарын ала қашады. Неге? Қайырымдылық ісінің сауабы мол емес пе? Немесе сол қомақты қаржыны туған жерін түлетуге жұмсаса, ел игілігін көрмес пе еді? Елбасымыз есімізге салған орынсыз ысырап, шашпашылдықтан да арыла алмай жүрміз. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге де әлі белсеніп кірісуге құлық таныта  алмай  жүрміз.

Қорытып айтқанда, қазіргі жерлестеріміздің бойынан табылатын осындай жат қылықтар бертін келе тұрмыс қалыптастырған са-намыздың рухани жұтаңдығынан туған қылықтар екеніне ешкімнің таласы болмаса керек.

Бабаларымыз ешкімнен кем болмаған. Бүгінгі қандастарымыздың да ешкімнен кем болмауын көңіл тілейді.

Ия, тәрбиемізде сәл селкеулік болған шығар. Оны түзеу, кеткен олқылықтың орнын толтыру, еліміздің ертеңін жарқын етер салауатты ұрпақ тәрбиелеу біздің міндетіміз. Ел Президенті есімізге салып, міндет еткен осы мәселеге енжарлық танытпағанымыз абзал. Рухани жұтаңдық аздырады.

Ел боламыз, өркениетті елдер-мен иық түйістіреміз десек, осыны ескерейік, ағайын! Бұл біздің ұрпақ  алдындағы  парызымыз.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы  


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика