«Пітір садақасы ең мұқтаж жандарға берілуі керек»

Күні , 145 рет оқылды

Биыл елімізде ораза 17 мамырда басталады. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қасиетті айда берілетін пітір садақа мөлшерін 300 теңге деп бекітіп отыр. Кеше өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстың өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов батысқазақстандықтарды келе жатқан Рамазан айымен құттықтап, сауабы мол айда атқарылатын іс-шаралар туралы баяндады.

Айлардың сұлтаны Рамазан – күллі мұсылман баласына мейірім мен рахымын, шапағаты мен берекесін төгетін ай. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз мәлімдегендей, биыл ораза 16 ма-мырда емес, 17 мамырда басталады. 16 мамыр күні құтпан намазынан кейін облыс мешіттерінде тарауих намазы оқылады. Ораза ұстауға ниет еткен барша мұсылман сол түні кесте бойынша ауыз бекітеді.

– Рамазан айы биыл да жылдағы дәстүр бойынша өтеді. Ораза тек сусыннан, тамақтан немесе ерлі-зайыптылардың жақын қарым-қатынасынан тыйылу емес, жаман оймен сөзден, жағымсыз әдеттен тыйылу. Көзімен де, құлағымен де, тілімен де ораза ұстау. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша облыс орталығындағы үш мешітте Түркия елінен келген қарилар бір ай бойы Құран-хатым оқиды.  Бұл – сауабы көп шара. Сонымен қатар бір ай бойы қала және аудан мешіттерінде жамағатқа арнап, ауызашар беріледі. Меценаттар мен кәсіпкерлер, жалпы жомарт жандардың көмегімен мешіттер жанынан түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Қазір мұқтаж жандардың тізімдері жасалып жатыр. Мұқтаж жандарды мейлінше толық қамтуға тырысамыз, – дейді Еркебұлан Ибрайымұлы.

Тәнді сауықтырып, рухты кемелдендіретін ораза – мұсылманның бес парызының бірі. Өңірімізде ораза ұстаушы жастардың қатары жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Арасында мектеп жасындағы балалар да бар. Өкіл имамның айтуынша, балиғат жасына жеткен балалардың да ата-аналарының келісімімен ораза ұстауына болады. Балиғат жасы шамамен он екі-он бес жас, ал кішкентай балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеген жөн. 90 шақырымнан асатын жерге сапарға аттанған жолаушыға, жүкті әйелдер мен емізулі сәбиі бар аналарға, егде жастағылар мен науқас жандарға ораза ұстау парыз емес.

Мың айдан да қайырлы Қадір түні биыл 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні болады. Облыстың өкіл имамы ортамызда Қадір түнін тек ұйқысыз өткізу деп қабылдайтын, сөйтіп, мәнмағынасы жоқ істермен айналысатын жандардың бар екенін де жасырмады.

– Түсінген адамға Қадір түнінің мән-мағынасы түнді ұйқысыз өт-кізу емес, өзі мен ағайын-туғанына жақсылық тілеп, құлшылықпен өткізу. Түнімен телехикая қараса, пайдасыз істермен айналысса, мұндай іс-әрекет сауапқа жазылмайды.  Қадір түні – әр пенденің тағдыры жазылып, құлшылықтар қабыл болатын ерекше түн. Рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, уағыз айтылып, құран оқылады. Сәресі дастарқаны жайылады. Хатым оқуды Қадір түніне қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Еркебұлан Қарақұлов.

Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы бойынша әрбір жан басына берілетін пітір садақаның мөлшері биыл өзгеріссіз қалды. Былтырғыдай 300 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны қасиетті Рамазан айы басталған күннен Ораза айт намазына дейінгі уақыт аралығында беру қажет. «Пітір садақаны тек мешітке әкеліп беру керек деген қағида жоқ. Халықтың ықылас-пейіліне байланысты. Бастысы, мұқтаж жандарға берілуі керек» екенін айтқан өкіл имам жомарт жүрек жандарды  қасиетті айдың әр күнінде жақсылық жасап, сауапты амалдар орындауға шақырды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика